Момышұлының маузері

Момышұлының маузері
ашық дереккөз
Момышұлының маузері
Барша қазақ халқына қадірлі, аңыз адамдардың бірі – Бауыржан Момышұлы. Баукең атамызға батыр атағын көзінің тірісінде халқы беріп қойған. Өзінің «Халқым тойлар тоқсан мен жүздігімді, Тарихтың тереңінен сөз келгенде» деп айтып кетуі бекер емес. Бауыржан Момышұлына біршама құрметтер жасалғаны белгілі. Жуалыда арнайы мемориалдық музейі бар. Дегенмен, Бауыржан мұралары облыс орталығында да, кейбір басқа қалаларда да сақталған. Сондай құнды жәдігердің бірі – батырдың маузері. Бауыржан Момышұлы өзінің жан жолдасындай маузерін 1970 жылдары облыстық тарихи өлкетану музейіне: «Маузерім осы музейде тұрсын» деп өзі тапсырып кеткен екен. Тіпті, аманат хат жазып қалдырыпты. Батырдың өз қолымен жазылған сол хаттың өзі қазір – құнды жәдігер. Қазір сол тарихи маузер облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ залында» тұр. Біз аталған мекемеге арнайы барып, маузерді көрдік. Көңіліміз толқып, ерекше күй кештік. Батырдың айбынын асырған осынау маузердің қаншалықты маңызды екенін жан жүрегімізбен сезіндік. Ұлы тұлғаның өз қолымен тапсырған жәдігерін көрудің өзі адамға басқаша әсер сыйлайды екен. Бауыржан Момышұлы батыр ғана емес, жазушы, зерттеуші, ұлтын сүйген дара тұлға ретінде де ерекшеленеді. Батырдың білімділігі мен мінезі айбынын асырып тұрады. «Қазіргі таңда батыр атамыздан қалған әр зат – тарихи құндылық. Әйгілі Бауыржан Момышұлының осы маузерін басқа емес, біздің облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсыруы үлкен мақтаныш. Ол маузердің өзіміз еңбек ететін «Даңқ залы» мекемесінде сақталып тұрғанына көңіліміз толады. Батырдан қалған жәдігерді келіп, көріп қайтушылар көп», – дейді «Данқ залы» мекемесінің қызметкері Сағадат Шілдебайұлы.  

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар