«Ұстазың бар ма?» десе...
«Ұстаз білім, ілім сіңдіруші, тәрбиеші, бағыт беруші», – деген Мұхаммед/ с.ғ.с / қағидасы бар. «Ұстаз» дегенде біз тек мектеп пен оқу орындарындағы дәрісшілерді ғана айтып жатамыз. Ал, бұрынғы ғұламалар «жүз жыл жаса-жүз жыл оқы» деп өсиеттеген екен. Бұл терең нанымды түсінік. Өмір жолында, еңбекке орналасқаннан кейін мен жігіттік алып ұшпа кезеңімде әртүрлі жұмыстарды атқарып, бала жастан армандаған қызметіме тап бола алмай жүргенім бар. Бірақ, қандай жұмыс болса да адал пейіліммен жауапты атқарғандаймын. Мектепте мұғалім болдым, шаруашылықта кадр бөлімін басқардым, мәдениет саласында клуб меңгерушісі болдым. Осылардың қайсысында болсын жастық желектерден гөрі күнделіктеріме марапаттар мен алғыстар тізімін түсіріппін. Төртінші сыныптан бастап Қадыр Мырза Әлі ақынның балаларға арнаған оқуға өте жеңіл ұйқасы қонымды өлеңдерін оқып жүріп еліктеушілікпен өлең жаза бастадым. Бұл қалам мен қағазға серік ете бастапты.
...Бірде аудандық мәдениет бөлімінен ауылдардағы өнерпаздарға тапсырма түсті. Қамқалының өнерлі жастарын ұйымдастырып, облыстық байқауға үш спектакль дайындау керек болды. Жүрексініп жүріп, драматруг Қалтай Мұхамбетжановтың «Құдағи келіпті», «Қуырдақ дайын», «Шындық»атты қойылымын таңдадық. Себебі, онда қатысушылары 6-7 адамнан аспайтын. Ай бойы дайындадық. «Әртістерім» күндіз жұмыста, түнде клубта. Кестелі күні аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Мейранбек Күздеубаев: «Шу бойы алыс болғандықтан сендердің қойылымдарыңды комиссия барып көреді» деген хабар жіберді. Толқулымыз, табыстан гөрі қорқыныш басым.
Комиссия құрамында Әлжапбар Әбдіқалықов, Роман Бат және белгілі әнші Пернебай Мыңбаев келді. Екі күн жатып тірлігімізді көрді. Үндемей кетті. Сөздері ауырлау қойылым алуды және суфлер дұрыс таңдамағаныма өкініп бітеу жара күйінде мен қалдым. Кешікпей бастық мені Байқадамға шақырды. «Соятын шығар» деген қобалжумен жеттім. Кірдім, жоқ, еңбегімді мақтай жөнелді де ойламаған жерден аудандық мәдениет үйіне директор болатынымды жариялады. Табан астында үрей сейіліп, еркінсіп қуаныш ұялады. Түске дейін он үш әртісін, Дүкенбай аға жүргізетін «Кубанын» және декарация мен киімдерін комиссия қабылдатып, бұйрық та берілді. Бастық болып, кәдімгідей «шалқайып» қалдым.
Бұл 1976 жылдың 5 сәуірі болатын. Түстен кейін аудандық «Октябрь таңы» газетінің бөлім бастығы Жеңіс Шыныбеков досымның тапсырған жайлаукөлдік атақты шопан Үйсінбай Ошақбаев туралы мал төлдетуге байланысты очеркімді алып бардым. Жеңкең қашаңғы әдетімен орнында болмай шықты. Редактор есігі ашық тұр. Сәлем берейін деп кірдім. Төкең ел, науқан жайын сұрап отырып қалдық.
– Жай жүрмісің?
– Жеңіске бір дүниемді алып келіп едім соны беруге... Жұмысқа кірдім... !
Марқұм аға құттықтаудың орнына жатып кеп ашуланды да, есепші Шәрдарбек Есіркеповті, кәсіподақ ұйымының қоғамдық төрағасы, журналист Дулат Шалқарбаевты шақырып алып:
– Мына баладан айырылып қалайын деп отырмыз, – деді де маған дүрсе:
– Сенің, есің дұрыс па? Культураға барып «бәдік» болып кетейін деп жүрмісің. Сенің орның газет. Доғар, – деді де, редактордың орынбасары Сыздық Шөжеев (жүректен) ұзақ уақыт емделіп жүр екен, содан үнемделген жалақы есебінен штаты жоқ «әдеби қызметкерлікке» бұйрықты берді де жіберді. Келісімімді алған да жоқ. Содан Қамқалыдағы екі штаттан екі жүзге жуық, директорлықтағы 100 сомға пара-пар жалақыдан айырылып, 60 сомға тілші болдым. Досым Жеңіс марқұм «көлден шөлге келген ақымақ», – деп әзілдеп күлетін. Біреулер, дұрыс, біреулер бұрыс көрді. Мен бір күнде екі қызметке бұйрық алған сондай жанмын. Күздеубаев бастығым «менің әкелген қызметкерімді алып қойды деп райкомға шағынса, Төкең «әкелгеніңе ие болмайсың ба» деп, сөзге келіп қалғанын кейін естідім.
Қалам ұстау қалаған ісім еді, жолымды ашқан редактор Төкең, Дулат, Шәрдарбек сияқты ағаларым болды...
Осы күнге дейін Аллаға,тағдырыма, Төкен Махашев ұстазымды ойлаған сайын алғысымды айтып, аруағына дұға жасаймын.
...Қас пен көздің арасында, ол жарықтықтың да туғанына жүз жыл толды. Мен Төкеңнің қарамағында істеген сол жылдар кеше ғана еді. Жүрдек жылдар ол күндерді де ертекке айналдырып барады.
Төкең аға, білімді, талапшыл, іскер еді. Қаталдығы да жеткілікті. Отырыстар мен бірге бола қалғанда орынды-орынсыз әзілімізді ескермей құрдастай құбылмай өзіне тарта білді. Ал, дүйсенбіден алдына лездемесіне енгенімізден бастап, мысықтай момақан күн кешетінбіз. Өрескел қателікті кешірмейтін. Қолыңнан келмейтінді тапсырмайтын. Орынсыз соңыңа түсетін пенделігін көрген емеспін. «Жақсы редактор түзейді, нашар редактор күзейді», – дейтін журналистер мақалындағы сөзді «жақсы» деген тіркеспен ауыстырған басшы еді. Ол талабымен ыждағаттылық пен тапсырмаға мұқият болуға үйретті. Бос кемік, қорқақ редакторлардай емес, қарамағындағы журналистерді қорғай алатын. Райкомның толып жатқан «Үндеулер» мен «Ашық хаттарынан», озаттар плакатынан пышылдап отырып жазып беруден құтқаратын. Марқұм: «Үш хатшы, жиырмадан астам инспектор, төменгі қабаттарындағы қол бала аудандық комсомол комитетінен артылатын жұмыс жоқ. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» бес-алты журналистің өз жұмысы өзіне жетіп артылады», – деп бірде үндеу жазуға шақырғанда «өзім сөйлесемін олармен» деп жібермегені өз басымнан өткен... Жақсы болсаң қолдай да, қорғай да беретін еді ғой, жарықтық. Сол кісінің арқасында райкомның болмашыға «тілалғышы» болмай еркін өз жұмысымызбен айналысуға үйрендік.
...Аудан көлемінен жазатындарды, дұрыс жазатындарды сараптан өткізіп жүріп есебін тауып редакцияға қызметке ала беретін. Калининнен Жеңіс Шыныбековты, Темір Әбілдаев, Коммунардан Жаңабай Миллионовты, Игіліктен Марат Ділдабаевті, Байқадамнан Берік Шамшиевті, Ұйымнан Жамалбек Өзбековты әкеліп тәрбиеледі. Бұлардың Беріктен басқасы Төкеңнің қарамағында істеп жүріп, сырттай бітіріп аяқтанды. Осалы болмады. Танымал ұстаздың көреген шәкірттеріндей болып жұртты бетіне қаратып жетілді. Ол кісіге таныс-тамыр, ағайын-туыс, жең астынан шешетіндер қажеті болмады. Тек басқарып отырған аядай газеттің жабылып қалмай, сапалы шығуы үшін шырылдап жүретін. Міне, біз арқа сүйеген, тәрбие алған біздің Төкең Махашев басқаға ұқсамайтын осындай қайраткер еді. Ол кісі Сарысу ауданының аядай, бірақ талайды тәрбиелеп ұшырған газетінде Сарысу ауданын Үкімет қаулысымен Талас ауданына қосқан жылдарын есептегенде, үзбей 1964-1983 жылға дейін ең ұзақ қызмет еткен облыстағы бірден бір редактор болды. Ауданның өз алдына Таластан бөлініп қайта Сарысу ауданы болып бөлінуіне үлес қосқан топтың басында жүрді. Қайда жүргенде де аудан шежіре-тарихының жоғалып кетпеуі үшін жинақтап жүрді.
Зейнет демалысынан шыққаннан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Асан Нүркенов Төкеңе астына қызметтік көлігін беріп, 1983 жылы бүгінгі өзінің атындағы музейді ұйымдастыруды және басқаруды тапсырды. Төрт қабырғадан бастап жабдықтаған Төкең Алматымен екі арада жүріп тер төгіп, штат алып, Сарысудың тұңғыш музейін қиындықпен қалай ашқаны көз алдымда. Сөйлей алатын, тырып еткізбейтін уәжді талабын өткізу арқылы аудан тарихы, қобызшы Ықылас тарихы жайлы еңбектерін жарыққа шығарды.
... Қазір маған балаларым мен немерелерім «Ұстазыңыз бар ма?» деп, сауал қояды. Алғашында ойламай үйренішті мектептегі мұғалімдерді тізе бастайтынмын. Кейін мұным жөн емес екенін білдім де, ой елегінен өткіздім.
Ұстаздарымның басы болып, тағдырымды,түбегейлі өзгертіп, таңдаған кәсібіме шақырып, баулыған Төкең аға тұрса, кәсіптік шеберлікке баулыған Сыздық Шөжеев, Дулат Шалқарбаев, ақын-журналист Ескермес Ескендіров, мәдениет саласында еңбегімнің қайтарымды қолдауын көрсеткен сазгер Мейрамбек Күздеубаев, Әлжаппар Әбдіхалықов, Жеңісбай Аманбаев деп айтар едім. Шығармашылық өмірімнің көп бөлігінде олардың көрсеткен ұстаздық тағылымы таудай болды. Себебі, ғұмырдың көп бөлігін осы жандардың тәрбиесінде өтті.
Өмір мектебінің бір ұмытылмас кезеңі сол жылдардағы ұстаздарым мен қатар істеп өмірден өткендеріне жандарың жәннаттан болсын Төкең бастаған ерен жандар, демекпін. (Олардың бәрі дерлік бақилық. (Бірге істегендерден Темір Әбілдаев ініммен екеуміз ғана жер басып жүр екенбіз) Мен сендердің рухтарыңа бас иіп, ұмытпаймын, – деп, сөз соңына нүкте қойдым.
Бергентай (Байбол ) НҰРМАХАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді