Ақын оқырмандар ортасында
«Жазушымен бір күн» жобасы аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызымен «Сөзден күмбез тұрғызған...» атты кездесу кеші өтті. Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясының «Білім» алаңында өткен кездесуді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырды. Бұл кештің аллеяда түрлі көрнекіліктермен көмкеріліп өтуінен бір өзгешелікті аңғарғандай болдық. Ақын кітаптарының макеттерінен құрылған кітап инсталляциясы, туындылары мен фотосуреттерінен кітап көрмесі көздің жауын алардай үйлесімділік тауып тұрды. Ғайни Әлімбекқызы туралы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зайда Елғондиева: «Ғайни ер көңілді, ерке мінезді ақын. Аузын ашса, жүрегі көрінеді. Өмірге ақындық көңілмен қарайды. Ғайнидің өз құрбыластарынан ерекшелігі де сол. Оның өлең жырының өн бойынан Махамбетке тән күрескерлік сарынмен қатар, Қобыландының Құртқасына тән нәзіктік пен шынайылық сезіледі. Ендеше, қазақ поэзиясына өзгеге ұқсамайтын, өзгеше қолтаңбасы бар ақын келді деп ойлаймын», деген екен. Кеш Меңдібай Әбіловтің «Ұғынғандай ойдың ғажап тереңін...» атты толғау өлеңін кітапханашылардың кезек-кезек оқып, көпшілік назарына ұсынуынан басталды.
Кеш барысында Ғайни Әлімбекқызының сөзіне жазылған сазгер Жандос Омаровтың «Сені сүю» әнін Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония әншілері Жанна Асанқұлова мен Әскербек Досанов орындады. Кітапханашы қыздар оқыған ақынның жаңа өлеңдері де көңілге қонымды болды.
Кеш иесінің сөзіне жазылған Есжан Әміровтің «Қыз жүрегі» әнін, кітапханашы Алтынай Абдраимова, Дүйсенәлі Бықыбаевтың сөзіне жазылған «Келерсің өзің» әнін Жазира Базарбаева орындады.
Мұнан соң Ғайни Әлімбекқызы ортаға шығып, сиясы кеппеген өлеңдерін көпшілік назарына ұсынды. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Жасын» әдеби клубына мүше студенттер көпшілікке өлеңдерін тарту етті.
Ақын, Меркі ауданының Құрметті азаматы Шырын Мамасерікова соңынан еріп келе жатқан ақын сіңлісі жайлы толғана сыр шертсе, облыстық «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза- Ғали кеш иесінің өлеңдерін жатқа оқыды. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Меңдібай Әбілов, Қасқырбай Нарбатыр, Бақытжан Советұлы, Үміт Битенова пікір білдіріп, құрмет көрсетті. Медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, Мәдениет саласының үздігі Айгүл Қабиева, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Зарина Қуатова ақынға деген ақжарма тілектерін ақтарды. Жиын соңында Ғайни Әлімбекқызы барша қонақтар мен тыңдармандарға шынайы алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді