«Әнмен өскен бала едік...»
Өзі өмірден өтсе де соңында өшпес ізі қалатын жандар болады. Әуезді әндерімен есімі ел есінде қалған Мэлс Өзбеков көзі тірі болғанда биыл 85 жасқа толар еді. Ол туралы естеліктерді бірге өскен туыс інісі, өнерінің ізін жалғаған шәкірті Тәліпбек Шақбаев бізге әңгімелеп, өнер өлкесінен сырт шертті. – Тәліпбек аға, сіздің де өнерден құралақан еместігіңізді білеміз, мұнда Мэлс ағамыздың ықпалы бар ма? – Сұрағыңызға толық жауап беру үшін әңгімені әріден бастағаным жөн болар. Біз Мэлс және оның қарындасы Күләш үшеуміз әжем Алмагүлдің тәрбиесін көріп, бірге өстік. Біздің балалығымыз оңай болмады. Әкем мен анамнан ерте айырылдым. Ал, Мэлстің әкесі оның үш жасында соғысқа аттанып, кейін мүгедек болып оралды. Ол заманда соғыстан денсаулығынан айырылып келгендер де еңбекке араласатын, Өзбек көкем де ауылдағы шағын дүкенде еңбек етті. Заң, қадағалау өте қатал кез еді, болмашы тиын-тебеннің дұрыс шықпауының салдарынан Мэлстің әкесі қуғынға түсіп, анасы Құлпыржан дүниеден өтіп, балалары ержетіп, өз қолы өз аузына жетпеген жас шағында ата-ананың қамқорлығынан ажырап қалды. Мені өз тәрбиесіне алған әжем ата-анасынан жастай айырылған Мэлс пен қарындасын да аналық мейіріміне баурап, қамқорлық көрсетті. Әрине, нағашы аталары Тоқабай қария да қамқорлығын аямады. Өзі бір сөзінде айтып еді «Құран оқуды бала кезімде Тоқабай атамнан үйренгенмін» деп.
Кешқұрым өрістен қайтқан малдарды қораға қамап, ас-ауқатымызды ішіп болғаннан соң ауыл жастары көшеге шығып, бас қосқанда ән айтатынбыз. Жаңадан шыққан ән болса, біз бірге орындап жүріп, үйренетінбіз. Қазіргі балалар қолы қалт етсе телефонда отырады ғой, ал біздің бос уақытымыз ән айтумен өтетін. Мэлс жастайынан музыкаға жақын болғандықтан, қай жерде ән-би орындалып жатса, соның ішіне кіріп кететін. Ауылда кімнің үйінде домбыра бар, кімнің үйінде баян бар, кімнің үйінде пианино бар, білетін. Сол үйге барып, аспапта ойнап, ән салатын. Ол кезде музыкалық аспап табыла бермейтін қат заман ғой. Соғыс жылдарында тракторшы болып еңбек еткен анам Күлдаш Мэлске шоттан шауып, домбыра жасап берген. Анам да өнерге жақын жан еді. Мэлстің әкесі Өзбек әкей гармонда, аккардионда шебер ойнайтын. Бәріміздің де қанымызда әнге деген құштарлық бар, бала күннен даланың даусынан, шөптің сыбдырынан, аққан судың сыңғырынан әуен естіп, әншілікке бой алдырғанбыз. Бізді өнерге тәрбиелеген мектебіміз – қазақтың байтақ даласы.
Мэлс аға 1960 жылы «Чайковский» атындағы өнер училищесінде оқып жүргенінде сазгерлік жолы ашылып, алғашқы әндерін жаза бастады. Социалистік Еңбек ері атағын екі рет алған Жазылбек Қуанышбаевқа арнап «Жазылбекшілер маршы», туған жеріне деген махаббатымен «Көкдөнен алқабы», «Сұлутөр аруы», «Келші Құланға» әндерін жазды. Қазақ концертте белгілі әншілер Жамал Омарова, Роза Бағланова, Мағауия Хамзин, Ләззәт Сүйіндіковалармен бірге қызмет етті. Жары Тұрсынғайша жеңгеміз Қазақ концертте жүргізуші болған. – Көпшіліктің жүрегінен орын алатын туындылардың өз тарихы болады, Мэлс ағамыздың астарлы шығармалары жайында тыңдасақ... – Көпшілік қауымға жазушы Дулат Исабековтің шығармасының желісімен түсірілген «Гауһартас» фильмі арқылы таныс «Келші айым» әні Мэлстің риясыз сүйген аруы Айымзада есімді қызға арналған. Консерваторияда оқып жүргенінде Алматы медициналық институтында оқитын Айымзада есімді қызға ессіз ғашық болған. Студенттік күндерді бірге өткізіп жүргенде жазғы демалыс келіп, қимастықпен қоштасқан. Бірақ, оны уақытша деп ойлады. Келесі жаңа оқу жылын асыға күтіп, ғашығымен табысуды аңсап, Алматыға барса, Айымзада әлі келмепті. Тағатсыздана күтіп жүрген күндердің бірінде оның курстас құрбысы Мэлске келіп, Айымзаданың мәңгілік мекеніне аттанып кеткенін жеткізеді. Жаздың ыстық күндерінің бірінде шомылуға барып, суға батып кеткен екен. Бұл қаралы хабар Мэлске қатты ауыр тиіп, зарыға күткен ғашығына жете алмаған жүректегі сағынышын
«Көрікті көл беті
Көк елес көлбеді
Мен тұрмын жағада жабырқау
Ай нұры арайлы
Айдынға тарайды
Сүйіктім келер ме, япырм-ау?» деп басталатын әнмен жеткізіпті. Сөзін Әбдірахман Асылбеков жазған.
Сағыныш, махаббат есіп тұратын Мэлстің әндерінің өміршеңдігі де оның әдемі әуезділігінде болса керек. Тыңдаған жанның жүрегін баурайтындығынан да болар, «Келші айым», «Тобылғы сай», «Келші Құланға», «Ақтамақ қарлығаштар» сынды әндері ел ішінде тез тарады. Бірақ, тыңдарманның жүрегінен орын алған осы әндері бастапқыда Мэлстің атымен шықпады. «Тобылғы сайды» алғаш Жанар Айжанова орындағанда елге оны халық әні деп жариялады. Бірақ, оған Мэлс аға ренжімепті, «Менің әндерім халқымның әні болса, одан асқан қуаныш бар ма...» деп марқайыпты. «Ақтамақ қарлығаштарын» Шәмшінің әні деп жариялағанда таңғалған, ашуланбай, қайта қуанған. «Келші Құланға» әні де басқаның атымен жариялана жаздаған болатын. – Бала күннен бірге өсіп, үнемі жанында болған жақындарының бірісіз, ағаның қандай аманаттары бар еді? – Иә, туыстық жағынан келгенде, мен оның немере інісімін. Әлгінде айтқанымдай, екеуміздің де балалығымыз қиындау болды, әжемнің қамқорлығында бір ауылда бірге өстік. Кейін Алматыдағы компазиторлар үйінен бір бөлмелі пәтер берілгенде, «Үй алдым» деп қуанып маған хат жазып еді. Сол хаты менде әлі сақтаулы.
1995 жылы ақпан айында менің жарым Бағила қайтыс болып, Мэлс аға көңіл айтып үйге келген. Сүйікті келінінің жерлеуіне қатыса алмағанына қапаланды, өзінің де денсаулығы мәз болмай жүргенін сонда көргенмін. Алматы қаласындағы ауруханаға өте ауыр ахуалда түскенін және әлі де емделіп жүргенін айтқан. «Өлімнен ешкім де құтыла алмайды, ол хақ. Мен одан қорықпаймын, мені қинайтыны – көз жұмсам, мәйітімді үйіне кім кіргізеді? Тірімде сыйлап, құрметтемеген ағайындар өлігімді үйіне кіргізе ме? Мен осы келінім шыққан үйден шығып, бақилыққа аттанайын. Менің тілегім, інім саған соңғы аманатым – осы» деген еді. Алла аузына салды ма екен, сол кездесуден кейін тура 40 күн өткенде Алматыдан суыт хабар келді. Ауылға мәйітін Дүйсен Бықыбаев інім алып келді. Сол кездегі аудан әкімі Сәбит Сұлтанның басшылығымен аудан жұртшылығы, өнердегі әріптестері, шәкірттері мен ағайын-жұрт ағаны арулап, жер қойнына тапсырдық. Ағаның қырқын өткізер алдында Ақмоладан қайным Ораз Серікбайұлы келіп, бейітіне белгітасты бірге қойдық. Ораз мүсінші, мәрмәр тасты қашап, жазып берді.
Ағаштан үзілген жапырақтың судыраған сыбдырынан ән еститін Мэлс ағамның жүрегі шыдас бермей, 1995 жылы 48-ге қараған жасында жасында дүниеден озды. – Өзіңіздің қандай әндеріңіз бар? – Қазіргі Құландағы техникумда оқып, «Мал дәрігері» мамандығын алып, комсомолдық жолдамамен Ерементауға барып, он бес жылдай сонда тұрып, еңбек еттім. Сол жақтан жан жарым Бағиланы тауып, шаңырақ көтердім, балаларым дүниеге келді. Бағиланың шын есімі Людмила, оны иманды, инабатты, биязы мінезі сұлуландырып тұратын. Дәрігер болып еңбек етті. Әттең, мені сондай жарымнан ажал айырды. Қосағымды қимай сағынған бір күні үйде оңашада домбырамды тартып отырғанымда іштегі мұң ән боп шықты.
Ереймен Алатаумен егіз бе едің,
Асқақтап, көкке өрлеп, жұбын жазбай,
Арқадан самал ессе, сені іздеймін,
Айырылған сыңарынан аққу-қаздай...» деп басталған «Бағила – әнім» деген ән туды. Екінші әнім туған жерімдей болған Ерейментаудағы бақытты күндерімді еске салатын «Ереймен жастарының вальсі» деп аталады.
Қимас көңілдегі сағыныш осылай шығармаға айналады екен. Осы екі әнімді жанымды мұң билеп, жабыққанда айтып, шер тарқатып алатыным бар.
Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді