Ұлт жадынан өшпейтін тұлға
Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында белгілі ақын, елімізге танымал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосынды еске алуға арналған жиын өтті. «Елінің салқындамас сағынышы» атты жүздесуге қайраткердің көзкөрген замандастары мен жастар қатысты. Шығыстың жарық жұлдызы атанған шайыр Омар Хаямды қазақшалап, қазақ әдебиетінің қазынасына өз маржандарын төгіп, драматургия мен поэзия, журналистика мен руханиятқа қолтаңбасын қалдырып кеткен Арғынбай Бекбосын туралы айтылар сыр да, жазылар жыр да аз емес. Десек те, мәңгілік сапарға кетпес бұрын жазып кеткен мән-мағынасы терең мұралары бұл күнде мәдениет пен руханияттың сан-саласына сәуле шашып, шамшыраққа айналып үлгерді. Қайраткерді еске алу шарасын ашып беріп, жүргізіп отырған белгілі журналист, «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт ардың жүгін арқалаған Арғынбай Бекбосынның редакторлық, азаматтық қырлары мен Парламент қабырғасында жүргендегі батыл бастамалары мен өр мінезін айта келе, көзкөргендерге сөз берді.
– Арекеңмен отбасымызбен жақсы араластық. Ол нағыз жазушы, драматург, ақын еді. Халық о қитындай мол мұра қалдырып кетті. Парламент Мәжілісіне депутат болғанда да халықтың сөзін сөйледі. Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов секілді тұлғалардай турасын айтты. Ауылына мектеп соқтырды. Сол мектеп аяқталғанша тыным таппай басы-қасында жүрді. Ауыл халқы да ендігі сол мектептің атын Арекеңе берсе деп отыр. Қазір ұсыныс ономастикалық комиссияға берілді. Енді сол мәселе назардан тыс қалып кетпей, ұрпақтың игілігіне айналса екен, – деді белгілі қоғам қайраткері Амангелді Кәрентаев.
Облыстық «Aq jol» газеті десе Арғынбай Бекбосын, ал Арғынбай Бекбосын туралы айтылғанда еріксіз «Aq jol» газеті ойға оралатынын айтып өткен Оралхан Дәуіт, аймақтың бас басылымы ғасыр тойын тойлағанда қайраткер туралы көптеген деректердің табылғанын жеткізді.
Арғынбай Бекбосын газеттің атын «Еңбек туынан» «Aq jol» деп өзгерткенін, сол тұста республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тұрған Шерхан Мұртаза ақ батасын бергенін атап өтіп, аталған басылымның қазіргі бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Хамит Есаманға сөз тізгінін ұсынды.
– Қазақтың әдебиетін, руханиятын білетін, түсінетін кез келген адам Арғынбай ағаны жазбай таниды. Біріншіден, ол кісі шығармашылық адамы, ақын. Шығыстың Омар Хаям деген керемет шайырының рубаяттарын аударып, төрттағандарды тірілткен қаламгер. Аударып қана қойған жоқ, өзі де жазды. Тек қана ақын, журналист қана болған жоқ, мемлекетіміз енді оң-солын тани бастаған кезде Парламентте жүрді. Ел билігіне Ақбақай кен орнының жайын айтып, мәселені шешуге ықпал еткені де елге белгілі. Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров секілді қазақтың біртуар ұлдарының тағдыры туралы шындықтың бетіне тура қараған адам. Жүрек көзінен өткізіп, ақыл таразысына салып жаза білген қаламгер. Сол үшін де қазіргідей құндылықтардың орны алмасқан уақытта жастар үшін кітап оқу, Арғынбай ағамыз секілді қаламгерлердің шығармаларымен танысу аса қажет, – деді Хамит Есаман.
Ал, белгілі сазгер Дүйсенәлі Бықыбаев, Арғынбай Бекбосынның ақын Жақсылық Сәтібековпен бірге Асанбай Асқаровтың сотына қатысуға арнайы жібергенін, тағдыршешті сәттегі естеліктерін және «Мэлстің соңғы әні» секілді өлеңдеріне жазған әндерінің тарихына тоқталды.
Сондай-ақ, танымал талантты режиссер, Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов қайраткермен алғаш рет Ақәділ Суханбаев туралы драмасын сахналау кезінде танысқанын, соңғы сағаты соққанша қарашаңырақ – театрдан қол үзбегенін айта келе, «Домалақ ене», «Фәнилік драма» секілді туындылары ұрпақ жадынан ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді.
– Арекеңнің «Домалақ енесі» күллі аналарға деген үлкен құрметпен жазылған шығарма. «Фәнилік драмасы» қай кезеңде де ой-салмағын жоғалтпайтын керемет толғаулар тізбегі. Театр жастары әлі де болса сахнаға жаңаша көзқараспен алып шығатын дүние. Ол кісінің драмалары өңірде ғана емес, әкемтеатр атанып кеткен М.Әуезов атындағы театрда да қойылып келеді. Қай шығармасын алып оқысаңыздар да, деңгейі биік. Арекең – мәңгілік адам. Мәңгілік елдің мәңгілік адамы. Қазақ халқына жасаған қызметі мәңгілік ұмытылмайды, – деді режиссер.
Басқосу барысында қайраткердің сан қырын сипаттайтын естеліктер айтылып, естен кетпес тұлғасы, қайталанбас табиғаты қайта оралғандай болды.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді