Өндіріс көлемін арттыру тапсырылды

Өндіріс көлемін арттыру тапсырылды
ашық дереккөз
Өндіріс көлемін арттыру тапсырылды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тараз қаласындағы «Минералды тыңайтқыш зауытына» барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Ұжымымен кездесіп, пікірлесті. Онда кәсіпорынның ісін ілгерілетіп, өнімін арттыру жайы талқыланды. Жалпы «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ішкі нарықпен қатар шетелге, әсіресе Орта Азия елдеріне экспорттауда. Бұдан кейін, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев минералды зауыттың «Аммофос-1», «Аммофос-2» цехтарын аралап, өндірістегі технологиялық үдерістер мен аммофос өндірісінің ауқымын ұлғайтуда туындаған мәселелерге назар аударды. Зауыт жұмысымен таныстырған серіктестіктің бас директорының орынбасары Ербол Адреисов бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталды. «Минералды тыңайтқыштар зауыты» жылына 500 мың тонна өнім өндіріп келген, өткен жылы аммофос өндірісін кеңейту жобасы аясында минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа «Аммофос-2» цехы іске қосылған. Нәтижесінде зауыттың қуаттылығы жылына 1 миллион тонна минералды тыңайтқыш шығаратын мүмкіндікке жеткен еді. Бірақ, қазір өндіріске қажетті күкірт қышқылының жеткіліксіздігі туындаған. Осындай мәселелерге байланысты зауытта қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы өндіріс орнында еңбек ететін жұмысшылардың жағдайын да сұрады. «Қазфосфат» ЖШС бас директорының орынбасары Ерсін Сариевтің айтуынша, кәсіпорында 6 мыңнан астам адам еңбек етеді. 2021 жылдан бері мұндағы еңбекақы 99,8 пайызға, яғи екі есеге көтерілген. Негізгі мерекелерде жұмысшыларға сыйақы беріледі. Екі жылдан бері 13-айлық та төленіп келеді екен. Компанияның тарихында алғаш рет жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында 3 242 жұмысшыға 236 миллион теңге төленген. Барлық жұмысшы тегін тамақпен қамтамасыз етілген. – Бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі де ұмыт қалған жоқ. Атап айтсақ, өткен жылы «Қазақстан халқына» қорына 750 миллион теңге, «Тараз» футбол клубына 300 мың теңге үлесімізді қостық. Осыған дейін облыстағы қоғамдық қорларға, балалар мен мүгедек және қарттар үйіне 170 миллион теңге аудардық. Бұдан бұрын Қаратау қаласындағы 72 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіп, өз жұмысшыларымызға тегін берген болатынбыз. Сол үйдің ауласына заманауи спорт кешенін салып, тұрғындардың игілігіне ұсындық. Сонымен қатар, серіктестік тарапынан Тараз қаласындағы «Үш бұлақ» каналының бойынан 300 миллион теңгеге жағалау жасалды. «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенін күрделі жөндеуден өткізіп, жұмысшылар лайықты демалуы үшін жаңадан медициналық құрал-жабдық сатып алып бердік. Онда жылына 2 500 адам тегін емделеді, – деді Ерсін Сариев. – Компания өз жұмысшыларына арнаған демалыс орындары мен балалар лагерінде және Жаңатас қаласында жөндеуден өткізіліп, қазфосфаттықтардың игілігіне ұсынылатын «Үш би» тұрғын кешеніне қарасты спорттық кешеннің игілігін көру тек кәсіпорын еңбеккерлерімен шектелмегені жөн. Алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар да емдеу-сауықтыру орталығына барып, демалуларына жағдай жасаңыздар. Жаңатастағы спорттық кешен де барлық балаға қызмет көрсеткені дұрыс. Түркістан облысындағы бір ауылды жаңғырту, жарықшам орнату жұмысын жүргізгендеріңізден хабардармыз, мұндай ізгі іс өз облысымыздағы ауылдардың біріне де көрсетілсе деген ойдамын, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Зауыттың цехтарын аралап көріп, жұмыстың жай-жағдайымен танысқан облыс әкімі өндіріс көлемін ұлғайту мен кәсіпорынның кадрлық әлеуетін арттыру жөнінде жиналыс өткізді.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар