«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қаламгердің бақыты

Қаламгердің бақыты
ашық дереккөз
Қаламгердің бақыты
Адам баласының негізгі мақсаты – көпшілікке пайдасын тигізу, із қалдыру, жақсылық жасау болса керек. Оның бір тармағы – өз ісіне деген құрмет, Отанына деген патриоттық. Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында тұратын жазушы Пернебай Дүйсенбин – нағыз патриот адам. Олай дейтініміз, студент кезінен-ақ республика деңгейінде қалам қуатымен танылған Пернебай Дүйсенбин жастық шағын, барлық саналы ғұмырын ауылмен байланыстырған. Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіріп, ата-анасына қарау үшін ауылға қайтқан. Мұның өзі ата-ана алдындағы борышын сезіну, патриоттық сезім. Пернебай Дүйсенбин ауылда мұғалім болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен бала оқытып, бірқатар шәкірттер тәрбиеледі. Бүгінде Президент сыйлығының иегері, есімі елге белгілі журналист- публицист Қали Сәрсенбай, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген де Пернебай Дүйсенбиннің шәкірттері. Сол өзі ұстаздық еткен мектептен Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Саян Ақмолда секілді талантты өнерпаздарды тәрбиелеп шығарды. Жазушының өзінің туған еліне деген патриоттығы, өз ауылымнан таланттар көп шыға берсе екен деген перзенттік тілегі. Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің мәжіліс залында жазушы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбинмен «Кеудесі қазына, қаламы жүйрік тұлға» атты кездесу кеші өтті. Аталған кездесу қаламгердің 80 жылдық мерейтойына арналды. Осы кездесуге қаламгердің қыздары Гүлмира мен Балнұрдың, ұлы Ерланның келгенін көрдік. Бұл да көп әкеге бұйырмайтын бақыт. Мұны да патриот ұл-қыздар тәрбиелеп өсірген жазушының өзінің еңбегінің жемісі деп қабылдадық. Кеш иесінің қарындастары Тұрсынай мен Ләззат та жазушы ағаларына деген үлкен құрметпен келіпті. Жиында Пернебай Дүйсенбин кітапхана қызметкерлері мен жас оқушы оқырмандар алдында өмір жолын, ұстаздық қызметтегі ерекше сәттерді айтып өтті. Кездесу барысында жазушылар Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын Баймаханбет Ахмет сөз алып, кеш иесінің талантына, суреткерлік шеберлігіне тоқталды. Пернебай Дүйсенбин 25 жасында жазған «Таңғы шық» деген повесін жоғалтып алып, 53 жылдан кейін қолжазбасын тапқан екен. Бұл әңгіме де көпшілікке жақсы әсер етті. Облысқа танымал әнші Мерей Әбуованың «Сайра, бұлбұл», ардагер Аманқұл Сқақовтың «Ойлан, балам» әндері көптің көңілінен шықты. Кеш соңында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов қала әкімінің атынан құттықтап, жазушының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Пернебай Дүйсенбин барлық қонақтарға алғысын білдіріп, аталған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаеваға өзінің көптомдық кітаптарын сыйға тартты.  

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар