Алда аудан әкімдерінің сайлауы өтеді

Алда аудан әкімдерінің сайлауы өтеді
ашық дереккөз
Алда аудан әкімдерінің сайлауы өтеді
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау мәселесі қаралды. Мәслихат депутаттары сайлауға қатысатын аудандар мен саяси науқанның күнін белгіледі. Сессия отырысында аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев күн тәртібіндегі мәселенің өңіріміздің өркендеуі үшін маңызы зор екендігіне жан-жақты тоқталып өтті. – Өздеріңіздің қолдауларыңызбен облыс әкімі болып тағайындалғаныма бір апта уақыт болды. Қазір өңірдің әл-ауқатымен танысудамын. Жалпы, облыста жағдай тұрақты. Дамудың оң көрсеткіштері байқалып отыр. Дегенмен, шешілуге тиіс бірқатар әлеуметтік және басқа да мәселелер бар. Қаражатқа байланысты барлық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатын болады. Өңірді әрі қарай дамытып, өркендету үшін жұмыла жұмыс атқаратынымызға сенімім мол. Мен үшін сіздердің қолдауларыңыз өте маңызды. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау басталатындығы туралы айтты. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 29 наурызындағы Парламенттің алғашқы сессиясында 2023 жылы елімізде 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімін сайлау өтетіндігі жеткізілген болатын. 2025 жылдан бастап осы сайлау республика өңірлерінде жаппай сипатқа ие болады. Сайлау қазіргі қоғамды демократияландырудың маңызды институты болып табылады. Халықтың ерік-жігерін білдіру, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысандарының бірі. Бүгінгі сессияда сіздермен Президенттің осы саяси реформасын іске асырудың алғашқы қадамын жасамақпыз. Өңірде 121 аудандық маңызы бар қала, ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Жергілікті атқарушы органдармен сайлау комиссиялары сайлау өткізуде мол тәжірибе жинады. Менің ойымша аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың сайлауына толықтай дайынбыз. Алдағы сайлау еліміздің сайлау жүйесін дамытудың маңызды кезеңі, ауқымды өңірлік сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәжірибесін жинақтаудың негізі болмақ. Сондықтан, аудан әкімдерінің сайлауы өтетін пилоттық өңірлерді анықтау үшін он ауданды ұсынамын. Бұл саяси үрдіс келер жылы да жалғасып, өздеріңізбен келісіле отырып дәл осы форматта өткіземіз, – деді өңір басшысы Ербол Шырақпайұлы. Мұнан соң облыстық мәслихат депутаттары Мейрамбек Дөненбаев қанатқақты жоба бойынша Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің сайлауын, ал Керімқұл Бегалиев Жуалы ауданы әкімінің сайлауын ұсынды. Аталған аудандар бойынша ұсыныс бірауыздан мақұлданды. Ал, облыстық мәслихат депутаты Дауыл Бейсенқұлов алдағы жылыту маусымына дайындық секілді маңызды шараларды ескере келе, сайлау күнін 5 қарашаға белгілеуді ұсынды. Айтуынша, апта соңына түсетін бұл күн саяси науқанды ұйымдастыруға қолайлы. Сессия соңында аталған мәселелер мен ұсыныстар бойынша шешім жобасы қабылданып, облыс әкімі алдағы саяси кезеңге сәттілік тіледі.  

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар