Қобыздың құдіреті
Шежірелі мекен – Саудакент ауылының іргесіндегі Ықылас мемориалдық кешеніне ел-жұрт ертемен жиналды. Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты композитор Илья Жақанов, Сарысу ауданының тұңғыш әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіманап Көпбергенов бастаған қазақ елінің әр өңірінен келген қонақтар мен сарысулықтар Ықылас Дүкенұлының және ауданның атын алты алашқа танытқан, өмірден өткен атақты өнер адамдарының рухына бағышталған Құранға қол жайып, тағзым етті. Жөндеу жұмыстарынан кейін жаңарған кесене ішінде аңыз тұлғаның ұрпағы Нұрлан Есмаханов бабаның Тараз қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінен алдырылған қобызымен «Қоңыр» күйін орындады. Мемориалдық кешендегі ұлы қобызшының және басқа да атақты тұлғалардың топырағына тәуетіп, жәдігерлермен танысты. Илья Жақанов осыдан отыз жыл бұрын, яғни 1993 жылы қобыз іспеттес кешеннің құрылысын салуда және Ұлы қобызшының 150 жылдық торқалы тойын республикалық жоғары деңгейде өткізуде сол кездегі аудан әкімі Әбдіманап Көпбергеновтің еңбегін ерекше атап өтіп, бүгінгі іс-шараны – 180 жылдығын өткізуге ұйытқы болған аудан әкімі Сәкен Мамытовқа ризашылығын білдірді.
Одан әрі, салтанатты іс- шара Саудакент ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Қаз- қатар тізілген жас желкеннің қолдарына еліміздің көк Туын алып, жүздері бал-бұл жанып қарсы алуы, нан мен ағарғаннан ауыз тисін деп шұбат ұсынуы, бәрі-бәрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қонақжайлылықты танытса керек.
Ықылас Дүкенұлы туралы әр жылдары жарық көрген кітаптар көрмесінің өзін ғажап ұйымдастырған. Кітапханашылардың әр туындыны таныстыруы да өте әсерлі.
Мәдениет үйінің кең залы көпшілікке лық толған. «Баба мұрасы – мәңгілік» атты театрландырылған сахналық көріністе ұлы жұт-ашаршылықта Рәзия келінінің қобыз бен бала арасындағы жан тебіренісін көргенде бүкіл көрермендердің жанарларына жас үйіріліп, іштен тынды. Сарысу аудандық және Саудакент ауылдық халық театрлары артистерінің сахнадағы өнері бір сәтте отызыншы жылдардың ойранын еске түсіріп, көз алдыңа әкелді. Ұлы қобызшы туралы документалдық фильм де 180 жылдық мәдени іс-шараның деңгейін көтере түскендей.
«Жезкиік» республикалық қобызшылар байқауына бес облыстан 11 қобызшы қатысты. Атырау облысынан келген жас қобызшы Аятолла Тұрғанов бас жүлдені иеленді. Оған Илья Жақанов пен аудан әкімі Сәкен Мамытов арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табыс етті. Бірінші орынды Анарбек Мырзабай мен Жалғас Нұрашов, екінші орынды Гүлнұр Қуанышқалиева, Айша Бердімұратова, Қазыбек Малдыбай алды. Үшінші орын алғандар да үшеу: Гүлнұр Рахымжанова, Әбдіманап Бәйдібек және Аружан Тасболат. Ынталандыру сыйлығы Әйгерім Ахметжанова мен Айша Омароваға бұйырды. Қобызшылар байқауының қазылар алқасының мүшелері еліміздің ұлттық аспабының көрнекті өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті.
Түскі үзілісте ауыл орталығындағы үлкен мейрамханада баба рухына арналып ас беріліп, Құран түсірілді. Онда да ел ағалары, алыс-жақыннан келген қонақтар ізгі тілегін арнады. Қобыз күйінің абызы Ықылас баба қазақ елін, оның ішінде Сарысу жұртын рухымен жебей берсін десті. Қонақтарға қобыз бейнеленген ескерткіш сыйлық, басқа да жөн-жоралғылар жасалды.
Түс ауа «Қобыз атасы – Ықылас» атты республикалық форум басталып, оның ашылуында аудан әкімі Сәкен Мамытов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Шаттық Мұсабеков сөз алып, ұлы қобызшының 180 жылдығы аясында ұйымдастырылған думанды іс-шараның маңызына тоқталып, осынау айтулы күнмен көпшілікті құттықтады. Форум жұмысын Дина Нұрпейсова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің әншісі, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облысы филиалының жетекшісі, өнертану ғылымының кандидаты, Ықылас Дүкенұлының бесінші ұрпағы Ақнар Тәттібайқызы жүргізді. Форумда Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақанов, мемлекет және қоғам қайраткері, зоотехник-ғалым, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әбдіманап Көпбергенов, Ықылас бабаның төте дәстүрлі мектебін жалғастырушы-ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі Әбдіманап Жұмабеков, белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Пернебай Дүйсенбин сөйледі.
Облыстық ақпараттық-танымдық педагогикалық «Педагог тәлімі – Урок педагога» журналының редакторы, белгілі ұстаз-журналист Гүлнар Есмаханова ұлы қобызшы бабасының 180 жылдығына өзі басшылық жасап отырған журналдың тұтастай бір нөмірін арнауы және осы үлкен іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесі ескерусіз қалған жоқ. Аудан әкімі Сәкен Мамытов Гүлнар Жанкеқызына «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалін тапсырды.
Елге белгілі азаматтар Сарыарқа мен Сарысудың тел ұлындай болған Ықылас Дүкенұлының асқан өнер иесі, бұрын-соңды өткен төрткүл дүниеге аты мәшһүр ұлы тұлғалармен есімі қатар аталатын, әлемнің музыка мәдениетінің төрінен орын алғанын әсерлі әңгімеледі. Ақнұр Тәттібайқызы Ықылас бабаның қобызымен күйлерін орындап, көрермендердің ықыласына бөленді. Форумда қорытынды сөз алған Илья Жақанов осы өңірдің төл перзенті ретінде дүбірлі іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ұйтқы болған аудан басшыларына, барша сарысулықтарға ризашылығын жеткізді. Даңқты өнер иесіне жерлестері орындарынан тік тұрып, ұзақ қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
Амангелді ӘБІЛ
Суреттерді түсірген
Нұржан ЕСМАХАНОВ.
Сарысу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді