«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайғылы һәм сағынышты «Салтанат»

Қайғылы һәм сағынышты «Салтанат»
ашық дереккөз
Қайғылы һәм сағынышты «Салтанат»
Күй десе елең етпейтін, құлақ түріп тыңдамайтын қазақ жоқ шығар, сірә. Ақын Қадыр Мырза Әлидің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген өлең жолдарында да ұлттың ұлы құндылықтары айтылған. Қазақ қуанса да, қапаланса да домбыраға қол созған, күймен жұбанған. Кеңес заманының қысылтаяң кезеңдерінде жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуінде де астарлы мән жатқандай. Тарих беттеріне үңілер болсақ, Кетбұқа абыз Дешті Қыпшақты жайлаған қалың қауым халқының атынан Шыңғыс қағандай хандарға келелі кеңесін қоңыр домбыраның сырлы күйімен жеткізген. Ұлы Жошының өлімін де айбатты әміршіге күймен естірткен. Әр күйдің шығу тарихы бар, әр күйдің белгілі бір аңызы бар. Тыңдағанда жан тебірентпей қоймайтын сондай күйлердің бірі – шертпе күйдің шебері атанған күйші Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйі. Күйшінің асыл жары Пернеш қайтыс болып, Төлеген Момбеков ескілеу қоржын тамда шиеттей жас, үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасымен – Райхан, Қызан, Дана, Гүлжан, Салтанат атты бес қызымен, Қайрат атты бір ұлымен жалғызсырап қалады. Тосын қаза жанына қатты батып, қайғырады. Бір күні үйіне жұмыстан шаршап келсе, Қайраты төрт жасар Салтанатын жылатып қойыпты. Салтанат арада біраз жыл өтсе де, марқұм шешесін ұмытпай: «Апама айтам» деп зар еңіреп жылап отыр екен. Осы сөзді кіреберісте құлағы шалып қалған күйші ауыр күй кешіп, қатты толқиды. Тұлымшақты қыз әкесінің мойнына келіп асылып, «Апам қашан келеді?» деп еңіреп қоя береді. Қызын жұбатып отырып, өзі де қосыла егіледі. Қызын тізесіне отырғызып, бар тапқаны жан серігі домбырасын шерте береді. Мұң мен өксік қамалған күй осылайша туады… Ал, Төлеген Момбековтың қызы Салтанат Момбекова «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында күй туралы былай деген екен: «Анам 1970 жылы 9 мамырда бала-шағам деп жүріп суықтады ма, бірнеше рет емханада жатып емделсе де, бауыр ауруы асқынып, қайтыс болған. Мен небәрі 4 жаста екенмін. Анамды іздеп шырылдап көп жыласам керек, өзі де жарын жоқтап жүрген әкем сол кезде осы күйді шығарыпты. Күйдің атына айналған менің есіміме қойылған «Салтанат» сөзі шаттықты білдіргенімен, бұл күй – қайғылы күй. Бұл күй ойналғанда, тыңдап отырып, іштей алай-дүлей күй кешіп, жан дүниемнің сағыныштан ақтарылып жатқанын сезуші едім. Көзіме анамды елестете алмай, анық түрін сақтап қала алмағаныма күйінетін едім. Тіпті, бала күнімде ауылдың бас жағында орналасқан мектебіме жалғызаяқ жолмен сөмкемді сүйретіп кетіп бара жатып, менмұндалап тұрған Қаратаудың биік шоқысына көз тігіп, «Шіркін, анамның бейнесі ана таудың басынан бір елестесе ғой, түрін бір көрсем ғой» деп күнде армандайтынмын. Неге екенін қайдам, артынан ойша анама ақ кимешек кидіріп, бейнесін өзімше елестетіп, бала көңіліммен мәз болатынмын. Көкірегімдегі сағыныш отын осылай басатынмын. Үнемі баласын айналып, басынан сипаған аналарды көргенде, ешкімге көрсетпей көз жасыма ерік беретінмін. «Қандай бақытты» деп іштей күбірлеп, бала жүрекке түсініксіз бір ауыр зіл түсіретінмін. Өкініштісі сол, анамды анық елестетер, мендегі естеліктердің ізсіздігі. Тек бір ғана есімде қалғаны, майы таусылған шам білтесінің көмескі жарығындай көрініс қана. Еміс-еміс есімде қалғаны: үйдің сол бұрышында төсекте жатқан анамның көрпесін сәл түріп жіберіп, мені құшырлана құшақтап, қайта-қайта сүйгені ғана. Шындығына келгенде, елестеткен жерім қате болып шықты. Бұл туралы есейе келе бауырларыма айтқанымда, ол жерге қайтыс болған соң, жаназасын оқу үшін шығарғанын білдім. Анамның бізбен қоштасуы үй ішіндегі отау тамда (үйдегілер солай атап кеткен екен) болған екен. Шырағының сөнетінін білген қайран шешем амалсыз соңғы рет бізбен осылай қоштасыпты. Әлі күнге осы күй ойналған сайын анамды бір көре алмадым-ау деп өкініш пен сағыныштан көзіме жас келеді. Бәлки, бұл анасымен құшырлана тілдесе алмаған 4 жасар қыздың өкініші десеңіздер де болады. Ананың орны бөлектігін сезінсем керек, оқушы күнімде балалар үйінде жұмыс істеп, жетім балалардың маңдайын бір сипасам деп армандайтынмын. Мүмкін бұл ішімдегі құсамды бөлісіп, сыртқа шығарғым келгендіктен де шығар». Иә. Күйді тыңдағанда зарлы үн естілгендей әсер береді. Тіпті, көзіңе еріксіз жас келеді. Қайғылы оқиға көз алдыңа елестейді. «Салтанат» күйін авторынан бөлек, Секен Тұрысбеков, Асылбек Еңсепов сынды тағы да басқа елге белгілі күйшілер қазақ сахнасында нақышына келтіре орындап жүргенін білеміз. Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік. Күй – біздің ең ардақты ұлттық құндылығымыз. Күй – қазақтың жаны.  

Мақпал СҮЙІНБАЙ

 

Ұқсас жаңалықтар