Көлеңкелі кәсіп түрі көбейіп барады

Көлеңкелі кәсіп түрі көбейіп барады
ашық дереккөз
Көлеңкелі кәсіп түрі көбейіп барады
Сіз бен біз өмір сүретін бүгінгі қоғамда бетперде кимей, қолына қару ұстамай, кісі өліміне бармай- ақ банктерді тонап, мекемелер қорындағы мол қаражатты қас пен көздің арасында қолды ететін қылмыскерлер пайда болды. Нақтылай түссек, қазіргі таңда электронды ақша ұрлауды кәсіп етіп, ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатын алаяқтардың қарасы қалың. Жалпы, біздің елдің аумағында осындай сипаттағы қылмыс жиырма жыл бұрын тіркелген болатын. 2003 жылы К есімді азамат компьютерлік желі арқылы «Гол+Пас» букмекерлік кеңсесінен 3 миллион 500 мың теңгені оп-оңай жымқырады. Кейінірек күдікті қолға түсіп, сот сараптамасынан соң 5 жылға сотталды. Дәл осы фактордан кейін өзге де қылмыстардың қылаң беруі Ішкі істер министрлігінің құрылымында арнайы басқарманың оңаша отау құруына да ықпал етті. Айта кетейік, дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америка лық Кевин Митник. Екі ай бұрын ғана бақиға аттанған ол 1994 жылы әлемдегі іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанып үлгерді. Міне, дәл осы кезден бастап қоғамымызға компьютерлік қылмыскер немесе «хакинг» ұғымы орнықты десек, артық айтқандық емес. Ал, тәуелсіз елімізде Ішкі істер минист рлігі ре спубликада жасалынған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсан айында ашқаны белгілі. Министрліктің арнайы басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкіге қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троялық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмыстық топтың жолын кесті. «Банк- клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағалана басталған. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнеді. Осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынып, нәтижесінде Қазақстандағы 30 аса ірі компанияның шотынан ұрланған соманың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденді. Рас, бұл күнде халықтың көзі компьютерге, құлағы ақпараттық технология атауына әбден үйренді. Дегенмен, ақпараттық технологияның (ІТ) ғарыштық жылдамдықпен дамуы тұсында киберқылмыстың да көштен қалмай, қайта өршелене өсе түскенін анық байқап келеміз. Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы сондайлық шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың арқасы. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуат байланыстар. Сондықтан да қазақстандық полиция қызметкерлері өздерінің борышты міндеттерін адал атқаруға бейімделген әрі дағдыланған. Мәселен, жамбылдық тәртіп сақшылары есепті кезеңде интернет алаяқтықпен кәсіби түрде айналысқан 28 адамды қолға түсірді. Атап өтерлігі, құрықт алғандардың 16-сы өзге өңірлердің азаматтары. Жалпы, биыл нақ осы сипаттағы қылмыстың 90 дерегі тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 40,8 пайызға азайған. Өңірлік полиция департаментіне бағынысты криминалдық полиция  басқармасының жедел уәкілі Мұхаммед киберқылмысқа қарсы күрес бойынша арнайы жедел-тергеу тобы жұмыс атқарады. Сондай-ақ, сала бойынша ең соңғы жаңа технологиялық жабдықтар да баршылық. Қошмағанбетовтің айтуынша, – Биылдан бастап Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа оның ішінде, 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс- шаралар өткізіледі. Талдау нәтижелері көрсеткендей, осы жылы интернет алаяқтықтың 90 дерегі тіркелді. Оның ішінде, қаржы саласында 44 жағдай орын алды. Яғни, бұл қылмыстар заңсыз онлайн- қарыздарды ресімдеуге, банк шоттарынан ақша қаражатын ұрлауға және капиталды ұлғайту жөніндегі жобаларға қатысуға байланысты. Ал, 46 дерек онлайн сатып алулар мен қызметтерге қатысты екені анықталды. Сондай-ақ, өзге өңірлерде 190 дроппер анықталып, алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар белгілі болды. Алаяқтар өз мақсаттарына жету үшін пайдаланатын адамды дроппер деп атаймыз. Ол қылмыстың бастамашысы емес, тек нұсқауларды орындайды және сол қызмет үшін ақша алады. Дроппер өзінің банктік картасының, ақша аударылатын және алынатын шоттың мәліметтерін ұсынады. Суық қарусыз жасалынатын мұндай қауіпті қылмыстың жолын кесуге қазіргі таңда қазақстандық полицияның білімі де, білігі де жетеді. Бастысы, қызметкерлер ең соңғы жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген, – деді М.Қошмағанбетов. Иә, құзырлы органдар бүгінгі таңда кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталып жазаланары анық.      

Ұқсас жаңалықтар