«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Талаптардың орындалуына бақылау қажет

Талаптардың орындалуына бақылау қажет
ашық дереккөз
Талаптардың орындалуына бақылау қажет
Облыс орталығында тұрғын үй құрылысы жанданып келеді. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және абаттандыру саласында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары мен туындаған өзекті мәселелердің барысы қаралды. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков аймақтағы осы салаға қатысты жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 6,6 миллиард теңгені құрайтын 50, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» аясында жобалық құны 32,4 миллиард теңгелік 112, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде жобалық құны 15,1 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биылғы жылдың сегіз айында жалпы алаңы 389,9 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 698,7 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. «Асар» жобасы шеңберінде жыл соңына дейін 105 үй салу жоспарланған. – Құрылыс саласында шешімін күткен түйінді бірқатар мәселелер бар. Атап айтсақ, біріншіден, тәртіп нашар, яғни мердігерлер жұмыс кестесін сақтамайды, жобаны кестеден кешіктіреді. Екіншіден, құрылыс жұмыстарының сапасы. Үшіншіден, жосықсыз мердігерлермен жұмыс істеу. Барлық талаптардың орындалуына қатаң бақылау орнату қажет, – деді Ербол Қарашөкеев. Ал, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының дамуы туралы баяндады. Оның айтуынша, жыл соңына дейін халықты таза ауыз сумен жабдықтау қызметімен қамту аудандарда 96,5 пайызға, қалаларда 97,5 пайызға дейін жоғарыламақ. 9 мың адам тұратын 11 елді мекен табиғи газбен қамтылып, тұрғындарды газдандыру үлесі 91,1 пайызға арттырылады. Облыста жалпы қуаттылығы 451,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 21 нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 6-ауы су, 9-ы жел, 6-ауы күн электр стансалары. Бұл республикалық көрсеткіштің 20 пайызын құрайды. Сондай-ақ, жылу беру маусымына дайындық және халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды. «Инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін инфрақұрылым қолжетімді және сапалы болуы керек. Бұл мәселеде біз облыстың әлеуетін барынша пайдалануымыз керек», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев, қала құрылысы және сәулет басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов, цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Нокрабеков баяндама жасады. Аймақ басшысы елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және абаттандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізу, «қызыл» сызықты бұза отырып салынған нысандарды анықтау, құрылыс саласындағы заң бұзушылықтарды жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.    

Ұқсас жаңалықтар