«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Cалмағы ауыр санаулы күндер

Cалмағы ауыр  санаулы күндер
ашық дереккөз
Cалмағы ауыр санаулы күндер

болжаған нәтижеге жету үшін аудандар мен басқармалар қазынада қалған 2,4 миллиард теңге сомасындағы қаржыны игерсе игі

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде бюджеттің атқарылуы мәселесі кезекті мәрте қаралды. Бұған дейін екі рет күн тәртібіне қойылған бюджет қаражаттарының игерілуі жайы жыл соңы жақындаған сайын қыза түсті. Себебі, дүйсенбі күнгі ақпарат бойынша бюджеттің игерілуі облыста әзірге 98,5 пайызды көрсетіп тұр. Былтыр қолдағы қаржының 99,7 пайызын игеріп үлгерген болсақ, алдын ала жинақталған мәліметтерге сәйкес биыл да сол 99,7 пайыздық межені меңгеру мақсаты қойылған. Бұл жөнінде облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев хабарламасында толыққанды айтып өтті.

– Облыс бойынша бюджеттік қаражаттардың игерілуі жоспарда 204 миллиард 777,5 миллион теңге болса , 2014 жылдың 22 желтоқсанға 201 миллиард 759,5 миллион теңгені немесе 98,5 пайызды құрап отыр. Өткен жылы қаражаттар 99,7 пайызға игерілген болса, жинақталған мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша да 99,7 пайызға игерілу күтілуде. Алайда, 22 желтоқсанға дейін облыс бойынша 3 миллиард 18,1 миллион теңге сомасындағы бюджеттік қаражаттар игерілмеген, – деді А.Қырықбаев. Ал, облыстық бюджет бойынша 4 миллиард 898,9 миллион теңге игерілмеген. Облыстық бюджет қаражатының игерілмеген сомаларының қомақтылары төмендегі бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша қалыптасып отыр. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы басқармасы бойынша – 1 миллиард 524,9 миллион, денсаулық сақтау басқармасы бойынша – 1 миллиард 321,3 миллион, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша – 720,1 миллион, білім басқармасы бойынша – 398,0 миллион, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бойынша – 312,7 миллион, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша – 166,0 миллион, ішкі істер департаменті бойынша – 115,2 миллион, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бойынша 92,6 миллион, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы бойынша – 57,9 миллион теңге игерілмеген.

Меншікті кірістер түсімі бойынша да терең талқылайтын жағдай қалыптасқан. Өйткені, бұл түсім бойынша жылдық жоспар 37 миллиард 558,8 миллион теңге болса, 2014 жылдың 22 желтоқсанына бюджетке 35 миллиард 506 миллион теңге сомасында түсімдер түскен немесе жоспар 94,5 пайызға орындалған. Осының салдарынан бюджетке жоспардан 2 миллиард 52,3 миллион теңге кем түсіп отыр. Меншікті кірістер түсімдерінің жоспары Шу және Талас аудандарынан басқа барлық жергілікті бюджеттер бойынша толық орындалмай отыр. Сонымен қатар, хабарламашы мүлікті жария ету бойынша да мәлімет беріп өтті. Үстіміздегі жылдың 18 желтоқсанындағы ахуал бойынша облыста құны 3 435 400,0 мың теңгені құрайтын 784 жылжымайтын мүліктерді жария етуге өтініштер қабылданыпты. А. Қырықбаев бұл бағыттағы жұмыстардың Талас пен Мойынқұм аудандарында тым сылбыр жүріп жатқанын жасырмады. Мәселен көш басында тұрған Тараз қаласы, Шу және Байзақ аудандарында мүлікті жария етуге сәйкестік 192,145 және 91 өтініш болса, көш соңындағы қос ауданда небәрі 14 және 5 өтініш түскен. Аппараттық кеңестің Асқар Қырықбаев хабарлап өткен алғашқы мәселесі бойынша облыс басшысы Тараз қаласы мен барлық аудан әкімдерінен, басқарма басшыларынан бюджет қаражаттарының игерілмеген қаржылары бойынша жеке-жеке жауап алды. Негізінен республикалық трансферттер болғандықтан қаржылардың толық игерілмеуі республика алдында абырой әпермесі анық. Сондықтан Кәрім Нәсбекұлы қарамағындағыларға барынша пәрменді түрде шаралар қолдануды шегелеп тапсырды. Себебі, қаржы жылының аяқталуына санаулы ғана күндер қалды. Болжамды көрсеткішке жету үшін біздің облысқа әлі 2,4 миллиард теңге қаржыны қайтсе де игеру қажет. Келесі мәселе бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбекұлы хабарлап өтті. Болжамдарға қысқаша тоқталатын болсақ,19 желтоқсанның мәліметі бойынша, кедендік төлемдерді қоспасақ мемлекеттік бюджет 92,2 пайызға орындалған немесе 4 205,9 миллион теңге кем түсіп отыр. Бұл ретте болжам 54 183,8 миллион теңге болса, нақты түскені 49 977,9 миллион теңге. Республикалық бюджетке әлі 2 160,4 миллион теңге жетпейді, орындалғаны 87,0 пайыз. Ал, жергілікті бюджетке 2 045,5 миллион теңге кем түскенімен, қозғалыс бар – болжам 94,6 пайызға орындалған. Мемлекеттік бюджет былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда түсім 1 451,7 миллион теңгеге немесе 103 пайызға артқан. Сондай-ақ, департамент басшысы жергілікті бюджет бойынша жылдық көзделген жоспарды 100 пайызға орындайтындарын жеткізді. Үшінші мәселе бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов хабарлама жасады. Ол үстіміздегі жылдың 11 айының қорытындысы бойынша облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, жақсы көрсеткіштердің бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, өткен он айдың қорытындысына қарағанда өнеркәсіп өндірісіндегі өсім 5,1 пайызға қамтамасыз етілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 3,2 пайыздық жоғары көрсеткіш бар. Былтырғы дәл осындай кезеңмен салыстырғанда тауар айналысы 8,4, ал, байланыс саласындағы өсім 8 пайызға артқан. Есесіне, биылғы ауа райындағы қолайсыздықтарға байланысты ауыл шаруашылық саласында өндіріс көлемі 2,3 пайызға төмендеп кеткен. Сондай-ақ, құрылыс саласында да өндіріс көлемінің төмендеуі орын алған. Оған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы мен Қытайға тартылған мұнай құбыры құрылысындағы құрастыру жұмыстарының аяқталуы әсер еткен. Аппараттық кеңес соңында облыс әкімі орынбасарларына, барлық басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдеріне бюджет қаржысын игеру мен бюджеттік түсімдердің жоспарлы көрсеткіштерін барынша орындауды тапсырды. Егер олай болмаған жағдайда шара қолданылатынын ескертті. Үдеден шығуға уәде берген олар үшін нағыз сын сағаты басталды. Себебі 26 желтоқсан күні бюджеттік кезең жабылады. Демек, 3-4 күннің аясында 2,4 миллиард теңгені игеру міндеті тұр.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар