Қазақ хандығының 550 жылдығы

Қазақ хандығының  550 жылдығы
ашық дереккөз
Қазақ хандығының 550 жылдығы

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында айтулы датаның өңірімізде аталып өтетінін қуанышпен жеткізді

Ілгеріде қалыптасқан дәстүр бойынша облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңіріміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Нәзік те, өршіл өлеңдерімен оқырмандарын баурап жүрген ақындар да, қаламынан тамаша туындылар тудырған жазушылар қауымы да бұл күні құрметке бөленді.

Олардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Күләш Ахметова, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутаев, жазушы, драматург, ақын Арғынбай Бекбосын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын Қуандық Шолақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері ақын Қайырбек Асанов, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, сонымен қатар қаламгерлер: Елен Әлімжан, Үміт Битенова, Пернебай Дүйсенбин, Болат Бекжанов, Айша Көпжасарова, Шырын Мамасерікова, Ғайни Әлімбекқызы, Баймаханбет Ахмет, Мақұлбек Рысдәулеттер бар. Зиялы қауым өкілдерімен жүздесу барысында облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев қаламгерлер қауымын өткен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, алдағы келе жатқан жаңа жылда зор табыстар тіледі. Еркін пікірлесті. «Дәстүр бойынша жылдың соңында өздеріңізбен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесіп отырмыз. Құрметті қаламгерлер, сіздер елмен етене жақын азаматсыздар. Өңіріміздің жыл сайынғы дамуы, экономикалық өсуі, әдеби-мәдени тұрғыда қарыштап дамуын өздеріңізбен пікірлесіп, ақылдасып алған дұрыс деп есептеймін. Бұл жыл мен үшін қас пен көздің арасындай уақытта өте шыққандай болды. Сіздермен кеше ғана кездескен сияқты едім. Әрине, мұның бәрі зымыран уақыттың құдіреті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кезекті халыққа арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында негізгі жеті бағытты атап көрсеткен болса, соның алтауы экономиканың негізгі тетігі. Ол әлбетте инфрақұрылымды жедел дамыту екені анық. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда ол жұмыстар өңірімізде қарқынды түрде жүргізіліп келеді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі соның бір айшықты көрінісі. Одан бөлек тұрғын үймен қамту мәселесі де өз орнымен шешімін табуда. Бұл бағытта банктермен жұмыс та жолға қойылып жатыр. Сонымен қатар өндіріс саласында да өркенді істер қанатын жайып жатқаны баршаңызға мәлім. Он бір айдың қорытындысы бойынша көрсеткішіміз өткен жылғыдан анағұрлым жоғары. Кезінде Елбасының өзі: «Жамбыл жері таяқ ексең, тал өсетін киелі жер» деп бекер айтпаса керек. Біз де соның жемісін көрудеміз. Малайзия елінен тартылып жатқан инвестиция да өңіріміздің экономикалық тұрғыдан әлеуетінің артуына септігін тигізері сөзсіз. «ЕуроХимнің» де жұмысы алдағы уақытта жандана береді. Ол дегеніміз өз кезегінде халықтың жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді. Елбасы Жолдауында айтылған «Химпарк Тараз» мега-жобасы да алдағы уақытта химия өндірісінің ошағына айналары сөзсіз. Ондағы салынатын он алты зауытта да қыруар жұмыс орны болатыны дау тудырмайды. Индустриалды-инновациялық бағдарламалардың да орындалуы көңілді көншітеді. Жұрттың назарынан тыс қалды деп жүрген Мойынқұмның өзінде қазіргі таңда цемент өндіру жұмысы қолға алынғанын бәріміз білеміз. Ақбақайдың да тірлігінің түтіні түзу. Бюджеттің өсімі де ұлғайды. Қазіргі таңда облыс бюджеті 37 миллиардтан асып жығылды. Кезінде өңірдің қазынасы бар болғаны 3 миллиардтың айналасын құраған жылдар да болып еді. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай кемінде 70 миллиардқа жеткізуіміз керек. Рас, қазіргі таңда облысымыз мемлекеттен субсидия алады. Дегенмен, 2025-2030 жылдарға қарай облыс өзін-өзі асырап, қамтамасыз ете алатын өңірге айналады деген сенім бар. Мәдениет саласының жұмысын жандандыру үшін де қыруар жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл өткен сайын аталмыш салаға бөлінетін қаражаттың көлемі де ұлғайып келеді. Мәселен, соңғы жылы бес миллиардтан астам қаржы қарастырылғаны сөзіміздің дәлелі. Бұл өз кезегінде филармонияның, театрдың, өзге де мәдени нысандардың жағдайының жақсаруына, ауылдардағы көнерген мәдениет үйлерінің қалыпқа келуіне септігін тигізіп отыр. Айталық театрларымыз ағымдағы жылы 312 қойылым қойса, оның ішінде бірқатар премьералар өз жемісін де берді. «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады», «Қаратау сарыны» секілді ірі шаралар өңірімізде мәдениет саласының серпінді дамуына түрткі болып отырғаны анық. Ардақты қаламгерлер, алдағы жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуының, Ата заңымыздың дүниеге келуінің 20 жылдық мерейтойларымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аталып өтпек. Бұдан бөлек, келесі жылы еліміз үшін үлкен оқиға – Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдық мерейтойы екені бәрімізге мәлім. Айтулы мерекені қайда тойлау керектігі әр жерде әңгіме болды. Дегенмен, Астанада осы бір маңызды мәселеге қатысты болған басқосуда мен бұл шараны Жамбыл өңірінде, Тараз қаласында өткізу керектігін ұсындым. Хат та жолданды. Нақты шешім қандай болады екен деп, әрі-сәрі күй кешіп отырғанымызда ақжолтай хабар да келіп жетті. Иә, біздің өңірде өтетін болды. Бәлкім, конференция мен концерт астанада өтетін де шығар. Өйткені елдігіміздің мерейі елордамыз ғой. Дегенмен, осы ұлы тойды, еліміз үшін маңызы бар датаны дұрыс ұйымдастыру үшін әрі-бері ойланып, 20 миллиардтың жобасында қаржы қажеттігін түсіндік. Ол оңтайлы шешімін табуда. Қарахан мен Айша бибі секілді аңыз тұлғалары бар біздің өңірде аталмыш тойды өткізудің өзі үлкен қуаныш. Бұл бәрімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз Таразбен қалай мақтансақ та жарасады. Бұдан бөлек Ежелгі Тараз да біздің мақтанышымызға айналуы керек. Биыл сол Көне Тараздағы жұмыстарды бірізділендіру үшін бюджеттен қыруар қаржы бөлінгені де белгілі. Сонымен қатар археолог, тарихшы мамандармен келісу арқылы, жүздесу арқылы жұмыстың қарқынын арттырдық. Қазір бұрынғыдай емес, 4 бірдей мердігер компания жұмысты жүйелі жүргізіп жатыр. Қаламыздың ежелгі орталығы саналатын бұрынғы көк базардан 22 мың адамды көшірген соң біз ол жерді гүлдендіруіміз керек. Алдағы уақытта біздің шаһарда да бес жұлдызды қонақ үй болады. Ерекше сәнге ие аймаққа айналады. Ол жұмыстар ЭКСПО өтетін жылға дейін жалғасады. Сол жылы елімізге келген туристер Тараз төріне де атбасын бұрып, шаһарымыздың тарихымен, бүгінімен танысып, әдемі демалып жатса, ол біз үшін де мақтаныш. Сол үшін де демалыс орындарын салу, балалар сауығатын жерлерді көркейту мәселесін де осы бастан ойлағанымыз абзал. Алдағы жылдың басында Қытайдың Сиан қаласына баруды да ойластырып отырмын. Ондағы мақсат – ежелгі Жібек жолы 8 миллион халқы бар сол Сианнан басталады екен. Ол қаланың да, біздің шаһардың да екі мыңжылдық тарихы бар. Осының өзінен-ақ сабақтастық аңғарылып тұрса керек. Олардан шығатын бірнеше автокөлік, жүздеген түйелі көші бар керуен маусым айында Тараз төріне келеді деп күтілуде. Бұл да біз үшін үлкен байланыс. Ұйымдастыру жұмысында белсенділікті талап ететін жұмыс. Қазақ хандығының іргесі қаланғанына 550 жыл толатын мерейтойға орай «Баласағұн» орталық концерт залын әрлеп жөндеуге, театрды қайта ретке келтіруге жобалық-сметалық құжаттар жасалды. Орталық стадионға да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның бәрі ұлы мерекенің лайықты деңгейде атқарылуы үшін жасалатын жұмыстар екені даусыз. Сонымен қатар «Тараз-Арена» кешенінде «Әлем барысы» мега жобасын өткізуді де қолға алатын боламыз. Осының бәрін сіздермен бөлісуді жөн көріп отырмын. Сіздер елдің азаматысыздар. Халыққа жеткізесіздер. Бір сөзбен айтқанда өңірімізде атқарылған қыруар шара бар. Алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Оған сіздердің қолдау білдіретіндеріңізге сенемін» деді Кәрім Нәсбекұлы өз ойын түйіндеп. Мұнан кейін жазушы-драматург Арғынбай Бекбосын сөз алып, облыс әкімінің жұмысына ризашылығын жеткізіп, қазақ хандығының мерейтойын өз деңгейінде тойлау қажеттігін сөз етті. Кезінде Тараз өңіріне Абылай ханның келгенін, Әділ сұлтан мен Мәмбетке тапсырма бергенін тіліне тиек етіп, аталмыш үш тұлғаға, сонымен қатар қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керейге өңірімізден ескерткіш бой көтерсе деген тілегін де білдірді. Бұл тілектердің назарда болатынын жеткізген облыс әкімі бірқатар мәселелерді қаламгерлер қауымымен ақылдасып, музыкалық колледжді қайта жаңғырту туралы ұсынысын да айтып қалды. Қаламгерлердің барлығына да дипломын, стипендиясын табыс етті. Өз кезегінде зиялы қауым өкілдері өңір басшысына ризашылықтарын жеткізді.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар