Қауіпсіздік айлығы басталды

Қауіпсіздік айлығы басталды
ашық дереккөз
Қауіпсіздік айлығы басталды
Жыл сайын күн суытатын мезгіл басталарда және жылыту маусымы жақындағанда адамдардың өрттен қаза болуы мен жарақаттанудың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті жеке тұрғын үй секторын аралап, қатердің алдын алу іс-шараларын жүргізеді. Ол 3 кезеңге бөлінеді, яғни 1 кезең 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, 2 кезең 15 қыркүйектен 15 қазанға дейін, 3 кезең 15 қазаннан бастап жылыту кезеңінің соңына дейін жалғасады. Департамент қызметкерлері аулаларды аралау арқылы рейд жүргізіп, үгіт-насихат жұмыстары күшейтіледі. Өрт қауіпсіздігі айлығының алғашқы кезеңін өткізу кезінде жергілікті полиция қызметкерлері, әр аудандағы еріктілермен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерін аралау жоспарланған. Бұл санаттағы адамдарға ерекше назар аудару міндетті, өйткені мұндай санаттағы кісілер әрдайым өз үйлерінде өрт қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндіктері бола бермейді. Алдымен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлерінің тізімі құрастырылады. Жуалы ауданы бойынша айтсақ, барлығы 357 тұрғын үй есепте тұр. Аудандық әкімдіктің қолдауымен халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде көміртегі тотығы датчиктерін және газ талдағыштарын орнату жұмыстары жалғастырылатын болады. Аралау барысында пештер мен мұржаларды, электр жылытқыштарының дұрыс орнатылуына басты назар аударылады. Пештер мен мұржаларды орнату кезінде дұрыс орнатылмаған болса, үй иелеріне оларды жою бойынша ұсынымдар беріледі. Өртке қарсы әрекеттерге арналған жадынамалар тапсырылады. Себебі, пештерді орнату кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау тек жылдың жылы мезгілінде ғана мүмкін болатыны белгілі. Статистикаға сүйенсек, биылғы алғашқы жартыжылдықта Жуалы ауданы бойынша 27 өрт тіркелді, өрт шығулардың басым бөлігі тұрғын үй секторына тиесілі. Сөз соңында тұрғындарға жылыту жүйелерін алдағы жылыту кезеңіне жөндеу және дайындауды, түтін құбырларын, мұржаларды және жылыту пештері мен жүйелерінің басқа элементтерін күйеден кемінде үш айда бір рет тазалап тұруды ескертеміз. Сонымен қатар, электр сымдарына тексеру жүргізіп, тозған және уақытша схема бойынша төселген электр сымдарын ауыстыруды, пештерді теспей, жанғыш материалдарды, кірлерді жанып жатқан пештерде кептірмеуді, балаларды үйде ересектердің қарауынсыз қалдырмауды ұмытпағайсыздар. Есіңізде болсын, өртті сөндіруден гөрі алдын алу оңай.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар