Азаматтық қорғау жаттығулары жиі өтеді

Азаматтық қорғау жаттығулары жиі өтеді
ашық дереккөз
Азаматтық қорғау жаттығулары жиі өтеді
Қалың елді төтенше жағдайлардан қорғау, қауіптің алдын алу – аса жауапты іс. Сондықтан да бұл саланың мамандары жұмысты пысықтап, алдын алу мәселелерін талқылайтын жиналыстар мен оқу-жаттығуларды жиі өткізіп тұрады. Айталық, Талас ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жыл басынан бері өткізген комиссия отырыстарында көктемгі су тасқыны қауіпті мерзімде арық-дренаждар мен құлақтандыру жүйелерінің дайындығын, жаз айларында дала алқаптарында өрт болдырмау, аудан аумағында сейсмикалық қауіпсіздік шараларын арттыру және төтенше жағдай туғанда халықты эвакуациялау мәселелерін қарастырған. Ауданда биылғы алты айда 119 оқу-жаттығу ұйымдастырылыпты. Оның 2-еуі кешендік, 18-і нысандық, 5-еуі командалық штабтық, 38-і сейсможаттығулар болса, 8 тактикалық, тағы 8 селдің алдын алу жаттығулары және 40 жаттығу авариялық жағдайларға арналған. Аталған уақыт ішінде Талас аудандық төтенше жағдайлар бөліміне 121 өтініштер мен ақпарат тіркелген. – Бөлімге тіркелген 106 ақпарат номенклатуралық іске жинақталып, бесеуі ары қарай тергелуге аудандық полиция бөліміне жолданды. Ал 16 оқиға бойынша әкімшілік іс қозғалып, оның ішінде үшеуіне 46575 теңге сомасында айыппұл салу хаттамасы толтырылды. Аудан аумағында биылғы бірінші жартыжылдықта 9 өрт оқиғасы тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда өрт саны 2 пайызға артты, одан келген материалдық шығын 860 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылы өрттен келген шығынмен салыстырғанда 3 пайызға көбейгенін көрсетті. Өрт оқиғасынан қаза болған немесе жараланған адам тіркелген жоқ. Талдау барысында белгілі болған өрттің шығу себептеріне тоқталсам, 3 оқиға отты абайсыз пайдаланудан, 5 жағдай электр сымдарының ақаулықтарынан туындаған қысқа тұйықталулардан және басқа да салдардан туындаған. Өрттің алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі, жергілікті атқарушы орган, «ҚазТрансГаз Аймақ» қызметкерлерімен және волонтерлердің көмегімен ауыл тұрғындары арасында жыл бойы үздіксіз профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Улы газдан сақтану мақсатында 90 осал топтағы отбасы үйлеріне арнайы датчик орнатылды, – дейді Талас аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Алмаз Мелдеев. Аудан аумағында жыл басынан бері 11 дала алқаптарының жану оқиғасы тіркеліпті. Жалын 6 гектар аумақты шарпыған. Жағдайды зерттеген мамандардың айтуынша, орын алған жайттар тұрғындардың от жаққанда қауіпсіздік шараларын сақтамағандарынан туған. Оттың тұтануынан туындайтын тілсіз жаумен күресті күшейту үшін ауданда 3 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған. Оның біреуі Майтөбе ауылында биыл, екіншісі 2025 жылы Үшаралда, үшіншісі 2026 жылы Есейханда құрылмақшы. Шомылу маусымында да төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары ел арасын аралап, сақтық шараларын түсіндірумен қатар, арнайы рейд жасап тұрған. Алмаз Асқарұлының айтуынша, Талас ауданында рұқсат етілген екі су айдыны бар, бірі Жартас, екіншісі Пионер жағажайы. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Қаратау жедел құтқару жасағының қызметкерлері аудандық Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірге таластықтарға судағы қауіпсіздік жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізген. Әсіресе, үйінде ересектерге ескертпей, өз бетінше шомылуға кететін балалардың қауіпсіздігіне жіті назар аударып, аптаның әрбір сенбі, жексенбі күндері аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп рейд ұйымдастырып отырған. Рейд жүргізу барысында полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБК-нің 364,1-бабымен 3 жеке тұлғаға ескерту түрінде және 412-бабымен 1 азаматқа 12075 теңге айыппұл түрінде хаттама толтырылыпты. Қазіргі егін ору және ірі жемшөп жинау кезеңінде өрттің алдын алу шараларын ескерту мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалында аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі ауыл шаруашылығы өндірушілерімен дөңгелек үстел ұйымдастырды. Онда астық жинайтын көліктер мен тракторлардың егін алқаптарына және шабындыққа шығуының алдында оларды дұрыс ұшқын басқышпен, өрт сөндіру құралдарымен жабдықтау керегі айтылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылық кәсіпорындары, шаруа қожалық басшыларына өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды тағайындап, механизаторлармен жалын шығуды болдырмау нұсқаулықтарын өткізіп, қоймашылармен астық жинау науқаны кезінде тілсіз жаудан сақтану ережелерін қатаң ескеруге бақылау ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар, астықтың пісіп жетілуі мен жинау кезінде алқаптарды күзету үшін барлаушы және егін қорықшысын белгілеу ескертілді. Астық орман алқаптарына, дала белдеуіне, жүк көлігі жүретін және теміржолдарға жақын орналасқан жерлерде шабылып, ені 4 метрден кем емес жолақпен жыртылуы тиіс. Егін жинау кезінде өсімдік сабақтарын жағуға тыйым салынады, егіс қалдықтарын жинағанда өрістерде от жағу өте қауіпті. Масақты дақылдарды жинау кезінде де қауіпсіздікті ұстану арқылы астық алқаптарында өрттің пайда болу мүмкіндігін жояды дейді мамандар. Астық – бүкіл елдің байлығы, ризығы, оны қасқағым сәтте жоятын өрттен қорғауға бәріміз де жауаптымыз. Соңғы уақыттары жол апаттары да жиі орын алып, көпті толғандырып жүр. Таластық құтқарушылар жол апатының алдын алу жұмыстарын жандандыруды көздеген жиын өткізді. Ақкөл ауылы №13 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамымен өткен дөңгелек үстелде полиция қызметкерлері де қатысып, жолда жүру ережелеріне енгізілген толықтырулар мен өзгертулерді түсіндірді. Шара барысында жеке құрамның назарына тақырып бойынша арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды. Өмірге қауіп төндіріп, шығынға ұшырататын апаттарды болдырмау, төтенше жағдай кезінде халықты қорғау істерін жандандыру мұнымен шектелмейді, жалғаса бермек. Төтенше жағдай саласының қызметкерлері ел амандығы үшін әрдайым қызметке дайынбыз дейді.  

Талас ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар