Оңалту және бейімдеу орталығы ашылды

Оңалту және бейімдеу орталығы ашылды
ашық дереккөз
Оңалту және бейімдеу орталығы ашылды

Конституция күні қарсаңында Жаңатас қаласынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту және бейімдеу орталығы ашылды. Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Сәкен Мамытов, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, кәсіпорын басшылары, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты іс-шараны аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп ашты. – Конституция күні қарсаңында ауданымызда игі бастама қолға алынып жатыр. Бұл орталық бүлдіршіндеріміздің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қызмет ететін ерекше үлгідегі орталық болмақ. Келешек ұрпақтың ойы озық, білімі терең, тәлім-тәрбиесі жоғары болуы үшін мемлекетіміз ерекше көңіл бөлуде. Бүгінгі нысанның ашылуы соның айқын бір дәлелі. Мүмкіндігі шектеулі балалардың осында емделуі оларға пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Әр жыл сайын балаларға деген қолдауды арттыра береміз, – деді де, аудан басшысы осы нысанды ашуға мүмкіндік жасаған облыс басшылығына, атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді. Бұдан кейін облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов сөз сөйлеп, орталықтың мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту мен бейімдеудегі маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, нысанды ашуға атсалысқандардың атынан жеке кәсіпкер Мұрат Төлепбеков сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді. Оңалту және бейімдеу орталығының лентасын облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғалижан Мейрманов және аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков салтанатты жағдайда қиды. Айта кету керек, орталықта 2 балалар дәрігері, дефектолог, логопед, музыкант, психолог мамандары балаларға қызмет көрсетеді. Орталық заманауи, медициналық оңалту жабдықтарымен қамтылған. Бүгінде 25 орындық орталыққа 23 бала тіркеліп, емдеу курстарын бастап кетті. Ал, Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. Заманауи кешен «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынған. Нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ, Луговой ауылындағы қайт а жаңғыртудан өткен қызметтік пәтерлердің кілті бюджеттік мекеме қызметкерлеріне салтанатты түрде тапсырылды. Бұдан бөлек, Меркі ауданы, Ойтал ауылдық округінде 180 орынға арналған ауылдық мәдениет үйі ашылды. Бұл нысан да «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген. Ал, Жуалы ауданында «Асар» жобасы аясында Кәріқорған ауылының тұрғыны Дорош Василий «Асарлатып үй салу» жобасы аясында баспаналы болды. Жалпы, облыста 2020-2022 жылдар аралығында 338 отбасы баспаналы болса, биыл 105 мұқтаж отбасын жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделген.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Сарысу, Т.Рысқұлов,

Меркі және Жуалы аудандары

Ұқсас жаңалықтар