Халықтың хас батыры

Халықтың хас батыры
ашық дереккөз
Халықтың хас батыры

Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының хас батыры. Бұрынғы Кеңес Одағын қорғауда ұлы ерлік көрсеткен, Қазақстанда жасақталған генерал-майор Панфилов қолбасшы­лық жасаған 316-атқыштар дивизиясының атақты батальон командирі Бауыржан Момышұлы неміс фашизмінің « 1941 жылы 7 қарашада Мәскеудің Қызыл алаңында жеңіс парадын өткіземіз» деген жоспарын күлін көкке ұшыруға үлкен үлес қосқан тұлға. Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің ересен ерлік танытқаны баршаға аян. Оның ішінде Б. Момышұлы басқаратын батальон сарбаздарының ұрпаққа ұран боларлық ерліктерінің майдан газеттерінде жиі жариялануы оны тек КСРО емес, әлемге танымал етті.

Соғыстан кейін неміс генералдарының ұрыс операцияларын еске түсіріп, «қара түсті адамдардың өлімнен қорықпайтын қайсар халық – қазақтар екеніне көзіміз жетті», деп мойындауы кездейсоқтық емес. Б. Момышұлы Ұлы Отан соғысынан кейін, жоғары әскери академияда оқып жүрген кезінде Сталин жеке қабылдап: «Сенің фамилияң Момышвили емес пе, біз ержүрек тау халқымыз» дегендей сыңай танытқанында, ешқандай тайсалмастан «жоқ, ата-бабамнан ер атанған, сөзге шешен, жаны жомарт, жүректі, ешкімге дес бермеген, кең-байтақ сахарада өскен ұлты қазақ Момышұлы Бауыржанмын» деген ғой. Бұл оның ұлтжандылығын, қайтпас қайсарлығын, өжеттігін айғақтап тұр емес пе? Жас бала кезімде ересектердің ол кісіні келте қайыратын, шалт мінезді адам ретінде әңгімелегенін естігенде зығырданым қайнап отыратын. Есейе келе атағы жер жарған батыр Б. Момышұлы туралы радиодан тыңдап және өзін көріп, сөзін естідік. Б. Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабын оқи отырып, майдан даласында жүргендей сезінесің. Жазушы А. Бектің батальон командирі Б. Момышұлы туралы кітап жазамын деп келгенде «соғыс туралы бір өтірік айтсаң, бір саусағыңды, екі өтірік айтсаң, екі саусағыңды кесемін» деп келісім-шарт жасасуы қысастық емес, шындығы солай. А. Бекке «соғысты көрмей жазсаң, сөзің шындыққа жанаспайды» деп майдан даласында жан алысып, жан берісіп жатқан шайқас кезінде соңына ертіп «солдаттардың ерлігін, ержүректілігін, өлімін өз көзіңмен көр», деуі, әйтпесе, жазбайсың, деп тік айтуы да тектілік емес деп кім айтар?! «Арпалыс» атты кітаптың бас кейіпкері Б. Момышұлы жазушы А. Бектің айтқанымен жүрмейді. Бұл кітабындағы оқиғаларды өзі баяндай отырып жаздырады. Сонда кітап авторы кім болғанын өзіңіз бағамдай беріңіз. Өзінің де шығармашылыққа деген құлшынысы Кеңес әскері қатарында қызмет етіп жүрген кезінде-ақ байқалады. Батырдың тұңғыш кітабы «Ұшқан ұясы» орыс тілінде басылады. Ұлы Отан соғысынан кейін Калининград қаласындағы жоғары әскери академияда аға оқытушы, кейін профессор атанады. Орыс генералдарымен қатар соғыс тактикасы туралы дәріс беруі оның соғыс өнерін олардан артық білмесе, кем білмегендігін көрсетеді. Батыр ағаны Кеңес Армиясы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, маршал Жуков Бас штабқа шақыртады. Жуковпен бірге маршал Баграмян мен авиация маршалы отырады. Жуков бірден «жолдас Момышұлы, Сталинград майданы жеңіліске ұшырауда. Резервінде бір әскери бригадасы бар жауға қарсы қандай әскери тактика қолданар едіңіз?», дегеніне соғыс картасы алдында тұрып ол өз ойын баяндайды. Сталинград майданының қолбасшысы Баграмян жақтырмай «мұрынбоқ, сен не білесің?» дегендей сыңай танытады. Сонда маршал Жуков «аяғына дейін тыңдаңыз» деп Баграмянды басып тастайды. Б. Момышұлының баяндаған әскери операциясы жүзеге асырылады. Жуковтың Б. Момышұлының пікірімен санасуы тегіннен-тегін емес қой. Оның соғыс өнеріне жетік стратег екеніне көзі жетіп, жоғары баға беруі деп ұққан жөн. Дәл осы жолы полк командирінен дивизия командирлігіне тағайындалады. Соғыс жеңіспен аяқталып, әскер қатарынан босаған Баукең Алматыға келеді. Сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Г. Жуков Қазақстан Орталық комитетіне қоңырау шалып, «Б. Момышұлы Алматыда болса пәтері бар ма, не істеп жүр, жағдайы қалай?» деп хабарласады. Ол кезде Баукең өзінің туған жері Жуалыда екен. Кейін Г. Жуковтың қоңырау шалғанын естіп «КСРО Қорғаныс министрі, маршал Жуковқа «көңіл бөліп, жағдайымды білгеніңізге көп рахмет. Алматыда пәтерім бар. Ешнәрсе қажет етпеймін» дейді. Ұлылардың бірін-бірі таныған ірілігі осы емес пе? Ұлы Отан соғысында көзсіз батырлығы, әскери стратегиялық-тактикалық білгірлігі үшін Жоғары Қолбасшылыққа Кеңес Одағының Батыры атағына бір емес, үш рет ұсынылып, ол нәтижесіз қалып жатады. Оның себебін орыс генералдарының шовинистігінен іздеген жөн. Қазақ болғандықтан, генерал атағын ала алмауы да түсінікті. КСРО-дай ұлы державаның ыдырауы алдында М. Горбачевпен Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың тарихи мәмілеге келуі арқасында Б. Момышұлына (қайтыс болғаннан кейін) Кеңес Одағының Батыры атағының берілуі халық көңілінен шықты. Елге танымал қаламгер әрі соғыс ардагері Ә. Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогында Батырдың балалық шағынан бастап, Ұлы Отан соғысы жылдарында жасаған ерліктері баяндалған. Өзінің «Куба әсерлері» атты туындысында Кеңес Одағынан турист болып барғаны, Кубаның Қорғаныс министрі Рауль Кастроның өтінішімен сонда қалдырылғаны, Куба үкіметі Ұлы Отан соғысындағы КСРО-ның көрнекті қолбасшыларының бірі ретінде оны салтанатты түрде қабылдағаны жазылады. Содан ол бір айдай Куба әскери бөлімдерінде болып, дәріс оқыды. Көрнекті ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметовтің жетекшілігімен ТарМПИ жанынан «Б. Момышұлы мұралары ХХІ ғасыр көгінде» атты ғылыми-зерттеу орталығы ашылған болатын. Осы орталықтың арқасында батырдың жазбалары, естеліктері мен хаттары, көркем шығармалары, ол жайлы жазылған мақалалар, жер-жердегі мұрағаттарда іздеусіз жатқан деректер жинастырылып, отыз томдық кітап болып баспадан жарық көрді. Баукеңнің фотоальбомы да шықты. Жалпы, көпшілік оны бір ғана қырынан, яғни, батыр ретінде таниды. Ал, оның жазушылығы, шешендігі, даналығы т.б. қырлары көмбеде жатқан қазынадай. Б. Момышұлы Ұлы Отан соғысы жылдарының өзінде қазақ тілінің болашағына алаңдап, Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасыновқа хат жазуы оның ұлтжандылығы, нағыз тіл жанашыры, көрегендігі дер едік. Ұлы Отан соғысының қаһарманы Бауыржан Момышұлы қазақ халқының ұрпақтан ұрпаққа ұран боларлық символындай. Ол ата-бабамыздың ерлік шежіресін толықтырып, ХХ ғасырда қазақтың қайтпас қайсар ұлы екенін мойындатты. Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, Деп жылар сорлы қазақ мен өлгенде. Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың түкпірінен сөз келгенде, — деп 37 жасында жазған екен ер Баукең. Оның жүз жылдығын 2010 жылы бүкіл ел болып тойладық. Халық батырын әрдайым ардақтап, мақтан тұтады. Бауыржан Момышұлы есімінде көшелер, даңғылдар, мектептер, жоғары әскери оқу орындары бар. Мәскеуді қорғаудағы ерлік шежіресін баяндайтын Дубосековадағы, туған өлкесі Тараздағы, Астанадағы қоладан құйылған ескерткіштері батыр болмысын паш етуде.

Әділ Алпысбаев, зейнеткер.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар