Шаттыққа толы шаңырақ
Бүгінде ауылға қадірлі, ұлағатты отбасылар аз емес. Солардың бірі – Ойық ауылының тұрғыны Шыңғыс Иманбаев. Шыңғыстың шаңырағы қашанда берекелі. Жаратушының берген жеті перзентін асыл жары Кенжегүл екеуі тәрбиелеп келеді. Ұл-қыздарының алды жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандық ала бастады. Осы орайда Шыңғыстан бұрын әкесі Әбілжан жайлы айтып өткен жөн. Әбекең Ойық орта мектебінде ұзақ жыл ұстаз болып, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, тарих пәндерінен сабақ берген. Өз балаларының есімдерін Кеңес Одағы кезіндегі классик жазушылардың құрметіне Мұхтарәуез, Шыңғысайтмат, Назымхикмет деп ерекшелеп қойған. Әбілжан мұғалім газет-журналды өте көп оқыған, баспасөздің тігінділерін нөмірлеп үйіне жинаған кісі. Ауыл үйлеріндегі ең бай кітапхана ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР Білім беру ісінің үздігі Әбілжан Шілдебаев ағайдікі болған. Асыл жары Зоякүл Асқарбекқызы да бастауыш сынып оқушыларына сабақ беріп, еңбекте аянбаған кісі. Зоякүл апай бұл күнде ұл-қыздарының қызығын көріп отыр.
Ұстаздың баласы болғандықтан ба, Шыңғыстың мінезі жайлы, сабырлы, жұмсақ. Құдай қосқан асыл жары Кенжегүл Сыдыманова екеуі де өнерпаз. Шыңғыс жайшылықта сабырлы болғанымен, өнер жолына келгенде аянып қалған жері жоқ. Өз жолы, өзіндік мақсаты, намысы мен батылдығы бар. Сол намыс Шәкеңді өрге сүйреп келеді. Шыңғыс бала күнінен домбыра, баян тартып, түрлі аспаптарды меңгерді. Музыка саласы бойынша білім алып, әке жолын қуып, Ойық ауылдық округіндегі Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінде біраз жыл музыка пәнінен сабақ берді. Ол кезде де өзінің ізденімпаздығымен ерекшеленді. Әнге баулыған оқушылары аудандық байқауларда жүлдеге ілігіп жатты. Өзі де әншілігімен аудан көлеміне кең танылды. Қазіргі таңда Әнуарбек Тәжімбетов атындағы Ойық ауылдық мәдениет үйінің музыка жетекшісі.
Өнегелі шаңырақтың отағасы Шыңғыстың асыл жары Кенжегүл Бәкірқызы да өнер қонған әулеттің қызы екенін, өзі де домбырамен он екі алуан құбылтып ән салатынын айта кеткен жөн. Кенжегүл белгілі әнші- композитор, Мәдениет саласының үздігі Сәрсенбек Бәкірдің туған қарындасы. Әпкелері Жанат, Әлия, Әнипа бәрі де келістіріп ән салады. Дегенмен, Кенжегүл бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, отағасы Шыңғыстың өнердегі туы биік болуына ықпал етіп келеді. Өзі Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінде кіші қызметкер болып еңбек етіп жүр. Ауылға сыйлы ардақты ана, «Алтын алқа» иегері.
Шыңғыс пен Кенжегүлдің шаттыққа толы шаңырағындағы жеті ұл мен қыз өз жағынан да, нағашы жағынан да өнер қонғаннан болар, барлығы да түрлі аспаптарда еркін ойнап, ән салып, күй тарта береді.
Шыңғыстың осы тұста бір батылдығын, ұл-қыздарына деген жанашырлығын айтпай кетуге болмайды. Осыдан 5-6 жыл бұрын ол Иманбаевтар отбасылық ансамблін құрып, әуелі ауылға концерт берді. Онан соң аудан орталығы Қаратау қаласына ән-күйден тарту жасады. Содан кейін облыс орталығындағы «Баласағұн» орталық концерт залында отбасымен бірге өнер көрсетті. «Баласағұнға» концерт беру – көпшілікке кең танылмаған өнерпаз үшін шығын. Оның жалдау ақысы бар, концертке киіп шығатын киімдер, сахнаны безендіру бар. Бірақ, Шыңғыс оның барлығына қарамастан, концерт берді. Бәлкім, концерт шығынмен өткен шығар. Бірақ, алыс ауылда тұратын Шыңғыстың отбасы, ұл-қыздары еліміздің ең таңдаулы жұлдыздары өнер көрсететін үлкен сахнада өнер көрсетті. Олардың көңілі сенім мен мақтанышқа, қуанышқа толды. Әсіресе, өнерге енді қанат қағып келе жатқан өнерлі балалары үшін ынталандырудың ерекше үлгісі болды. Осы тұрғыдан алып қарағанда ол жолы да Шыңғыстың ұтқаны анық.
Өнерлі отбасының тұңғыш қыздары Гауһар мектепте жүрген кезінде облыстық «Абай оқулары» байқауларында әнді орындау аталымы бойынша жүлдегер атанып жүрді. Өзі оқыған мектебінің мақтанышына айналды. Барша ауыл «Әнші қыз» деп атап, өнерін жоғары бағалады. Міне, сол Гауһар Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын «Режиссер-продюссер» мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде Алматыда мамандығы бойынша еңбек етіп жатыр екен. Ата-ана үмітінің ақталғаны осы болар.
Екінші перзенттері Махамбет Ақтөбеде Т.Бигелдинов атындағы жоғары әскери оқу орнында «Әуе ұшқышы» мамандығы бойынша 4-курста оқып жатыр. Бұйырса, аз жылдың ішінде зеңгір көкте ұшақ тізгіндеп жүретін болады. Махамбет те әнші, домбырашы. Бала күнінде әуелетіп ән салса, енді әуеде еркін самғаған ұшқыш маман болайын деп тұр.
Тәттімбетке де ерекше өнер қонған. Мектеп оқып жүрген кезінде республикалық күй байқауының бас жүлдесін иеленіп жүрді. Ән байқауында да жеткен жетістіктері өте көп. Оқушылардың аудандық айтысына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Сол еңбектің жемісі болар, Тәттімбет Әбілжан бұл күнде Алматыдағы Чайковский атындағы өнер колледжінің 2- курсында білім алып жүр. Бұлардан кейінгі ұл-қыздары да өнерден кенде емес .
Биыл аудандық «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдесі Шыңғыс Иманбаевтың отбасына бұйырды. Иманбаевтар отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінде жүлделі үшінші орынды иеленіп, облыс әкімінің қолынан марапатқа ие болды. Артынша Иманбаевтар отбасын Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков қабылдап, құттықтап, құрмет көрсетті. Мұндай мерейлі әулетке қандай құрмет көрсетсе де артық емес.
Біз отағасы Шыңғыс Иманбаевты сөзге тартқан едік.
– Ойық ауылы – табиғаты тамаша, ерекше ауыл. Бұл елді мекеннен талай танымал өнер иелері шықты. Біз ұстаздар отбасында тәрбиелендік. Әбілжан әкем, Зоякүл анам ұл- қыздарын өнегелі жолға баулып өсірді. Қай саланы таңдасақ та, оң нәтиже шығаруға бағыттады. Біз жастай солай қалыптастық. Асыл жарым Кенжегүл екеуміз ұл-қыздарымыздың өнерлі болуын қалап, сол бағытта даму үшін қаражатты аяған жоқпыз. Қазіргі таңда өнерлі ұл-қыздарымызбен мақтанамыз. Отбасы бақыты деген осы болар. Әкеміз ертеректе өмірден озған. Зоякүл анам қазір ортамызда. Отбасымның әр жетістігіне анаңмен бірге қуану да ерекше бақыт екен. Қазақтың әр шаңырағы берекелі, шуақты болса, еліміздің өркендеуіне қосылған үлкен үлес, – дейді ол.
Есет ДОСАЛЫ.
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді