Балаларды қуандырған «Құлыншақ»

Балаларды қуандырған «Құлыншақ»
ашық дереккөз
Балаларды қуандырған «Құлыншақ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», деп атап өткен болатын. Бүгінде мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы да қарбаласқа толы. Біз оны Мойынқұм ауылындағы «Құлыншақ» бөбекжай бақшасына барғанда да аңғардық. Мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі Эльмира Кәрібаева ғимараттарды аралатып, тәрбиешілермен, тәрбиеленуші балалармен жүздестірді. Мұнда 175 бала бар. Бөбекжайда 51 адам еңбек етсе, оның ішінде 21-і педагог. Ғимаратқа енгеннен-ақ періште көңілді балалардың жүздерінен аңғалдық пен тазалықты, қуанышты байқадық. Себебі, мұнда Гүлнар Орынбасарова, Райхан Бейімбетова, Айгүл Мамаева секілді білікті тәрбиешілер барша баланың көңілін табуда. Даярлық тобының тәрбиешісі Эльнара Қартанбаеваның да, музыка жетекшісі Әйгерім Тарыбаеваның да балаларға үйретері көп. Бөбекжай бақшасында бүлдіршіндерді қатыстыра отырып, ұлттық құндылықты дамыту, ұлағатты тәрбие беру бағыттары бойынша іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады екен. Сондай-ақ, ертегі терапиясына, құм терапиясына, асық терапиясына арнайы жабдықталған бөлмелер бар. Мәселен, асық терапиясын бөбекжай меңгерушісі Эльмира Аманқызының өзі жүргізеді. Мұнда жоғары топ бүлдіршіндері үстел үстінде отырып асық иіріп, оның түрлерімен танысады. Мұндағы балалар асықтың «Үштабан», «Нөлді», «Мерген» түрлерін меңгеріп те алыпты. Құм терапиясында табиғи құм да, арнайы сақталған құм да бар. Баланың бір мезгіл топырақпен ойнауы жетілуіне, дамуына пайдалы екенін мекеме әдіскері Салтанат Әлібаева да айтып отыр. Ертегі терапиясында бүлдіршіндер бұрын өздері естімеген жаңа ертегілерді тыңдайды. Тіпті, келесі ертегі айтылатын күнді асыға күтіп жүретін балалар да аз емес екен. Бөбекжай бақшасының жетістіктері де жеткілікті. Атап айтқанда, облыстық мектепке дейінгі мекемелер арасынан дараланып, «Шығармашылықпен жұмыс істейтін ұйым» атауына ие болыпты. Мекеменің музыка маманы Әйгерім Тарыбаева облыстық байқауда үшінші орын жүлдесіне қол жеткізіп, қуантып отыр. Басқа тәрбиешілердің де аудандық деңгейде алып жүрген жүлделері жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, мұнда білімді және білікті мамандар еңбек етеді. Балабақшаның салынғанына бар болғаны он жыл болған. Ғимараттары жаңа. Мектепке дейінгі мекеме басшылары мен тәрбиешілері жаңашыл мақсат жолында тер төгуде. –Аудан бойынша 15 бөбекжай бақшасы, 7 мектеп жанындағы қосымша топтар бар. Барлығында да бүлдіршіндерге тәрбие беру басты орынға қойылған. Баланың тамақтануы, мезгілімен ойнау бойынша да жұмыс жүйелі. Тәрбиешілердің ата-анамен байланысы да жақсы. Алдағы уақытта да бұл бөбекжай бәсекеге қабілетті екендерін дәлелдей береді деген ойдамын, – деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Гүлбаршын Әлібекова.  

 Есет ДОСАЛЫ.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар