Құндылық несімен құнды?

Құндылық несімен құнды?
ашық дереккөз
Құндылық несімен құнды?
Кез келген сөзді қайталай берсе, дәмі кетеді. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарына да, коммуникация саласына да қатысты құлаққағыс. Осыдан біраз бұрын Мемлекет басшысы мұны ескерткені есімізде. Президенттің: «Бар нәрседен айырылып қалмау маңызды. Ең бастысы – тәуелсіздік құндылықтары» деген ойында атқарушы билікке, қоғамға жүктелген көп міндет бар. Әрине, елдің үш құндылығы – тіл, дін, мәдениет маңдайымыздағы бақ екені түсінікті. Десек те, осы үш таған жөнінде орынсыз байбалам, даңғаза дау елдікті, көрегендікті аңғартпайды. Дәлелсіз-дәйексіз кіжіну, жөнсіз ұрына беру – азаттықтың отыздан асқан межесінде күлкіге қалдыруы кәдік. Әркім өзінен, отбасынан, достарынан бастап ортақ іске бел шешіп кіріссе, үлкен мәселе адами жолмен шешіле бастайды. Адамға, қоғамға ми, ақыл, парасат, іскерлік не үшін берілген? Көкейкесті мәселеге қатысты нақты ұсыныс енгізіп, өзгеге өнеге болу, қиналғанға септесу, жол көрсету – жұрт ісі. Қоғам берекесіне лайықты қадам. Қоғамда, мемлекетте жоғарыда айтқан үш тағанға қажеттілік қайдан туады? Әрбір адам азаматтық борышын өтеуге мүдделілік танытуы – қалыпты ниет. Өткен ғасырдың 1925-1927 жылдары Халық ағарту министрі болған көрнекті қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы «Қазақ тілін мемлекеттік тіл ету – билік басындағы бір-екі төренің емес, әрбір қазақтың намысына байлаулы іс» депті. Осы сөз ойымызға орала береді. Біздіңше, ұлттық құндылық несімен қастерлі екенін айтып бере алатын адам оларды көзінің қарашығындай сақтауға, дамытуға қызмет етеді. Тіпті, соған саналы ғұмырын арнайды. Мұны елімізді мекендеген түрлі этнос өкілдері, этномәдени бірлестіктер қауымы терең түсініп, қолдап-қуаттайды деп сенеміз. Шынтуайтында, адамзаттық, ұлттық құндылықпен қатар әр өңірдің, әр саланың, әр кәсіптің құндылығын да ескеруіміз қажет. Мәселен, соңғы кезде сын жиі айтылатын басқару органдарын тиімді етуге не қам жасау керек? Қадағалау құрылымдары шектен шықпас үшін қандай тетік іске қосылуға тиіс? Әлемдік тарихта держава көсемдері ішінде Иосиф Сталин «бәрін кадр шешеді» деп, Мао Цзе-Дун «күннен де жоғары тұратын – кадр» деп тұжырымдағанда неге сүйенген? «Біреуі таққа отырса, қырқы атқа қонады» деген халық нақылын әжуәға айналдыруға не себеп? Басшылардың «команда» дегені ертеңіне «отряд» болып шығып, ұятқа қалдыратын тәжірибесін қашан доғарамыз? Кадр даярлауда «Болашақ» бағдарламасы кімді және нені ескермеді? Әлде «пәленше мен түгенше бүй дедіні» жүз қайталап айтып, жүре береміз бе? Кез келген еңбекке лайықты ақы, қызметке жалақы төлеу, зейнетақыны әділетті белгілеу қашан реттеледі? Меритократияға жастардың көңілі неге толмайды? Денсаулық сақтау, ғылым, өндіріс, энергия, экология, спорт саласында қандай нақты өзгерістер жүзеге асырылмақ? Ғимарат, тұрғын үй тұрғызғанда қауіпсіздік шараларын қалай ескеру керек? Жол, көпір салу ісінде кемшілік қашан жойылады? Бәлкім, жоба-жоспарлар базбіреулерге белгілі шығар, бірақ сұраққа қарағанда қалың жұрт мүлдем хабарсыз отырған сыңайлы. Құндылықтар туралы жалпылама қысыр әңгіме айта бергеннен гөрі тиісті орталық басқару құрылымдары аты аталған және аталмаған мәселелерді шешуді қолға алмаса, сұрақ үстіне сұрақ жабыла беретін түрі бар. Олар ай асырып, тоқсан аралатып өз есептерін жариялап тұрса – халық үніне құлақ асқаны, Президент тапсырмасын орындағаны, тәуелсіздік құндылықтарына қамқорлық танытқаны. Міне, халық көкейінде осы және басқа да сұрақ туындамас үшін аянбай еңбек ету – бүгінгі таңда жұмысты жаңаша ұйымдастыру, яғни ел үшін, оның болашағы үшін батыл іс- әрекетке көшу ретінде қабылданары сөзсіз. Барлық салада, әртүрлі қызметте саннан гөрі сапаға мән беру – құндылықтарды екшеп, оларды қорғаумен тең. Бұл – ертеден жалғасып келе жатқан тарихи дәстүр, қалыпты үрдіс. Кезінде атағы жер жарған билеуші Әмір Темір: «Мемлекет жұмысының оннан тоғызы кеңес-мәслихатпен, қалған біреуі ғана қылышпен жүзеге аспақ» деп бекер айтпаса керек. Әрине, қазір халқымыздың көзі ашық, сауатты. Қатысушылар үлкенді-кішілі жиналыстардың, жиындардың көкейкесті тақырыбына, маңызына, сапасына мән береді. Өкінішке қарай, көбінесе олар дайындықсыз, формальді, таптаурын форматта өтеді. Сондықтан нәтижесі де мардымсыз болады, ал қабылданған шешімдер сөз жүзінде қалып қояды. Оның орындалуы үшін заңның үстемдігі, тәртіптің қатаңдығы және биліктің талап ету жүйесі болуға тиіс. Сонда ғана биліктің үш тармағы халыққа жақындай түседі. Есесіне, халықтың билікке арқа сүйеуі, сенімі қалпына келеді. Қорыта айтқанда, ғасырлар бойы елмен бірге жасасып келе жатқан, еңбек пен ерлік, жауапкершілік пен білік туғызған құндылықтар бар. Олардың қадірі бағалаумен, қастерлеумен ғана артады. Қалғаны – құр әуре, бос әңгіме, арам тер ғана. Уақыт, әлем бір орнында тұрмайды. «Бетеге кетсе, бел қалар, Бектер кетсе, ел қалар, Берекең кетсе, нең қалар?» дегендей, ел жағдайын ойлайтындарды қара басын күйттейтіндер алмастыра алмайды. Даму мен парасат заңы қандай жағдайда да құндылықты қастерлеуге мойынұсындырады.  

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам қайраткері.

Астана қаласы.

Ұқсас жаңалықтар