Ауыл әлеуметтік игіліктермен қамтылады

Ауыл әлеуметтік игіліктермен қамтылады
ашық дереккөз
Ауыл әлеуметтік игіліктермен қамтылады
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Талас ауданындағы кезекті жұмыс сапары Қаратау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден басталды. Нұржан Молдиярұлы Есейхан ауылында өткен жиын барысында жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдамас бұрын, есепті кезеңде өңір бойынша көрсеткіштерді саралап, жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, мәселелерін оң шешуге күш салып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс көлемінде дәл осындай кездесулерде көтерілген түйткілді проблемалардың 20 пайызының түйіні тарқатылған. – Елді мекендегі өзекті мәселелердің бірі – жұртшылықты жұмыспен қамту. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекет ұсынған мүмкіндіктер мол. Бірақ, ауыл тұрғындарының басым бөлігі мұндай мүмкіндіктерден бейхабар. Сондықтан, ақпараттандырудың, кері байланыс орнатудың барлық тәсілдерін тиімді қолдану қажет. Уақыт талабына сай өз тиімділігін дәлелдеген «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдағы ағайынға өз бизнесін бастауға немесе бұрыннан бар кәсібін дамытуға мүмкіндік береді. Ол үшін жеңілдікпен несие мөлшерлемесі енгізілді, бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. «Ауыл аманаты» – ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсартудың тағы бір қадамы. Бағдарлама аясында биыл біздің облысқа 43 миллиард қаражат бөлініп отыр. Ендігі кезекті ауыл тұрғындарынан талап етілетін басты нәрсе – бастама көтеру мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс, – деді Нұржан Нұржігітов. Жасыратыны жоқ, келмеске кеткен кеңестік кезеңде Қаратау совхозы болып құрылған елді мекеннен бүгінде береке қашқандай. Олай дейтініміз, әуел баста 3 мыңға жуық түтін тұрақтаған ауылдағы отбасы саны қазіргі таңда 1 мыңнан сәл- ақ асады. Көнекөз қариялардың сөзінше, тасжолдың тауқыметін мейлінше тартқан жергілікті тұрғындар амалсыздан ата- қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болған. Бұдан бөлек, ауылда ауыз судың жоқтығы мен елді мекеннің табиғи газға қосылмауы және жалынды жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал ететін спорт кешендерінің мүлде болмауы жығылғанға жұдырық болып отыр. Осылай деген ауыл ақсақалы Дәуренбек Күмісбеков облыс әкімінен бұл мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етуін сұрады. «Ауыл – қашан да қазақтың алтын бесігі, ұлттың тозбас темірқазығы. Ал, ауыл ахуалының жақсаруы тұрғындар үшін де жақсылықтың нышаны болмақ. Ауылдың әрбір мәселесі шешімін тауып, мұндағы елдің еңсесі көтеріңкі болса, болашақ та баянды. Ежелгі мекеннің мұңы тарқаса, бұл да егемендіктің ерен көрінісінің бірі. Алайда, күн өткен сайын біздің ауылдың ажары тайып, халық саны азаюда. Жерлестеріміздің біразы ата- қонысын тастап, аудан орталығы мен Тараз қаласына көшіп жатыр. Мұндағы басты себеп – ауылдың кіреберісіндегі жолдың тозғандығы. Осыдан 10 жыл бұрын 6 шақырымына асфальт төселген қара жолда қазіргі таңда көліктердің жүруі қиындай түсті. Сондай-ақ, ауыз судың жоқтығы мен көгілдір отынның болмауы бірде-бір спорт кешенінің салынбауы халық санының күрт кемуіне әсерін тигізіп отыр. Тиісінше, бұл күнде мектепке баратын бүлдіршіндердің де саны азаюда. Ауыл халқының атынан осы мәселеге ерекше көңіл бөлуіңізді сұраймыз», – деді ауыл ақсақалы. Өз сөзінде өңір басшысы Нұржан Нұржігітов көтерілген барлық әлеуметтік мәселелер орынды екенін айтып, мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді. Әкім өз сөзінде ауылдық округте 8 көшенің бүгінде 2-еуі жөнделгенін атап өтті. Ал, қалған 6 көше мен ауылға келетін 11 шақырым жолды келер жылы асфальттау жоспарлануда. «Басты міндет – ауылдағы азаматтарды тұрақтандыру. Ол үшін біз елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл жұмыстар облыстың кешенді дамыту жоспары аясында жүзеге асады. Ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Барлық мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Тек, тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі маңызды. Ортақ жауапкершілік болғанда ғана нақты нәтижеге жетеміз. Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауылдықтарды несиелендіру шаралары 2024 жылы басталады деп күтілуде», деген облыс әкімі жауаптыларға ауыз су жүйесін уақыт созбай реттеуді тапсырды. Айта кетейік, кездесуден соң өңір басшысы жергілікті тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ, сапар барысында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қаратау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №13 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын Мейрамбек Тазабеков есімді кәсіпкер жүргізуде. 80 пәтерлі тұрғын үйдің іргетасы 1987 жылы қаланған. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Абзал Наржановтың айтуынша, екі ай бұрын басталған құрылыс жұмыстары алдағы қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Сөзінше, тұрғын үй кезегінде тұрған 1536 қаратаулықтың қоныс тойын тойлайтын күн жақын. Бұдан кейін, Нұржан Нұржігітов 3 шағынауданында құрылысы қызу жүріп жатқан №5 және №6 жатақханаларды аралап көрді. Аймақ басшысы жауаптыларға «Аltyn LTD» мердігер компаниясы қолға алған жұмыстардың сапалы болуын назарға алуды жүктеді. Жұмыс сапарын «Игілік» жылу қазандығын аралаумен қорытындылаған Нұржан Молдиярұлы қыс мезгілінде қаратаулықтар жылудан таршылық көрмеуі қажеттігін қатаң тапсырды. Еске салсақ, өткен жылы облыстық бюджеттен Қаратау қаласындағы 2,2 шақырым 270 метрді құрайтын жылу желілерін күрделі жөндеу және ауыстыруға 112,6 миллион 614 мың теңге бөлінген еді. Ал, биыл «Зеленстрой» мекемесінен Панфилов №1 көшесіне дейінгі жылу желілерін күрделі жөндеу және ауыстыру үшін 95 миллион 282 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілді.  

 Есен ӨТЕУЛІ.

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар