Елін сүйген төрге шығады
Отанды ардақтау, ел мен жерді қастерлеу – баға жетпес құндылық. «Отан, Отан! Бәрінен биік екен, Мен сені мәңгілікке сүйіп өтем» деп Мұқағали ақын жырлағандай, өз еліңді бағалаудан артық ізгілік болмаса керек. Ал, Мұхтар Шаханов: Достық деген – ізгіліктер алаңы, Оған куә ғасырлар мен замандар. Отанын да сатып кете алады, Қиын шақта досын сатқан адамдар, – деп толғаныпты. Патриоттық дегенді біз қаншалықты түсінеміз? Өз ұл-қыздарымызға үлгі көрсете аламыз ба? Осы жағын ойланатын уақыт жетті. Тым болмаса кішкентай баламызбен келе жатып, «Балам, көшені ластауға болмайды. Қолыңдағы қалдықты қоқыс жәшігіне тастап кел» деуге жарасақ, ол да – жақсы қасиет. Себебі, қала көшелеріне қоқысты сырттан келіп біреу тастамайды. Оны көріксіз, лас жағдайға жеткізетін өзге емес, өзіміз.
Патриоттық деген – өте биік ұғым. Даңқты спортшы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров Олимпиадаға барғанда өзінен атағы әлдеқайда жоғары балуаннан сескенген жоқ. Бойында намысы және отаншылдық сезімі зор болды. Сол сезім жеңіс әкелді.
Жақсылық ағамыз еліміздің Мыңқазан атты бір ауылына бүкіл қажеттіліктің бәрін жасады. «Қазақтың мықты 500 жігіті 500 ауылды көркейтсе, еліміз қалай гүлденер еді» деп армандады. Отаншылдық деген – осы.
Батыр Бауыржан Момышұлы, ақын Шона Смаханұлы Кеңес Одағының ықпалы жүріп тұрған кезде тектеріндегі «-ов», «-ев» жалғауларынан арылды. Бұл нағыз жүрек жұтқан батыр, отаншыл азаматтың ғана қолынан келетін іс.
Қазір жастардың бойында патриоттық сезім жоқ деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен, бойында осы ізгі қасиеті жоқ жеткіншектеріміз де кездеседі. Олардың мұндай болуына ең алдымен, үлкендер кінәліміз. Себебі, өзіміз патриот емеспіз. Өзіміз жүрген жерімізде немесе отбасымызда Отанды, ел мен жерді құрметтеу, үлкеннің тілін алу секілді жақсы қасиеттерге көңіл бөліп, жеткіншектерді де сол құндылықтарға үйретсек, онда нәтиже болар еді.
Ерте заманда бір патшаның баласы ауырып, өте аянышты халге түседі. Әлгі әмірші жер-жерге хабар жіберіп, перзентін емдейтін емші іздетеді. Алыс ауылдардың бірінде тұратын емші патшаның әлгі науқас баласын емдей алатынын айтып, бірақ емдемей, ұзақ жүріп алады. Тек арада қырық күн өткенде: «Балаңыз бал жемесін, жазылады» дейді. Әмірші баласының бал жеуіне тыйым салып, арада бірнеше күн өткенде науқастың беті бері қарап, жазыла бастайды. Сонда патша әлгі емшіні шақырып алып: «Сіз неге балама бал жемеу керектігін уақтылы айтпадыңыз? Сізді тапқаннан кейін де балам қырық күн бойы қиналды. Сол үшін сізді жазаға лайықты деп ойлаймын» депті. Сонда емші: «Уа, әмірші! Мені жазаға бұйырсаңыз өз еркіңіз. Бірақ, бір датым бар» дейді. «Айт, датыңды» депті патша. Сонда емші: «Сіздің балаңыздың емі бал жемеу екенін ерте бастан білдім. Бірақ, ол кезде өзім бал жеуші едім. Сол қасиетімнен қырық бойы тыйылып барып, сіздің балаңызды емдедім. Өзім бал жеп жүріп, емделушіге ақыл айтсам, ем-дом әсер етпеуші еді» деп жауап беріпті. Емшінің жауабынан ой түйген патша оны жазадан құтқарып, керісінше мол сыйлықтар беріп қайтарған екен.
Осы тәмсілде айтылғандай, әр адам өзгеге өнеге болу үшін әуелі өзін жамандықтан аулақ ұстауы тиіс. Тым болмаса, өтірік айтпау, шындық жолмен жүру секілді қасиеттер болғаны жөн. Өзіміз жаман әдеттен арылмай жатып, ұл- қызымызға «Иманды, ибалы, отаншыл бол» деп айта алуымыз қиын. Себебі, бала түгілі, өзіміз ондай ізгі жолға дайын емеспіз.
Патриоттық деген – міндетті түрде ерлік жасап, әлемдік деңгейде жеңіске жету емес. Ондай биіктік қолыңнан келіп жатса, нұр үстіне нұр. Патриоттық – өзіңнің бойыңдағы ізгі қасиет, көркем мінезіңмен өзгеге үлгі болу, өз Отаныңды шексіз жақсы көру. Отанға деген асыл сезімді ешқашан кірлетпеу – адамдықтың белгісі.
Өйткені, Отан барлық ұғымнан қымбат. Дүниеде оған жететін байлық жоқ. Еліміздің ертеңі – жастар осыны көңілдеріне мықтап түйсе, өмір жолында қателеспейді. Себебі, Отанның жолы – ізгілік жолы!
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді