БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ
Шерхан Мұртазаның шығармаларына арқау болған Ақсай мен Көксай каналына су электр станцияларын салу көзделген. Бүгінге дейін Көксай каналында су электр станциясының бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Ендігі кезекте Ақсай каналындағы су электр станциясын жүзеге асыру жоспарлануда. Ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта электр қуатының қажеттілігі орасан зор. Атап айтқанда, экономикамыздың өрлеуі де осы қуат көзіне тәуелді. Бұл ретте баға жетпес әрі сарқылмас байлық, ол – баламалы энергия.
– Мемлекет басшысы баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл бағытта өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалар бар. Бірақ, ол әлі де болса жеткіліксіз. Қазіргі таңда Қазақстанға 1 миллиард 200 мегаватт электр энергиясы жетіспейді. Әсіресе, қыс мезгілінде энергияны басқа мемлекеттерден алуға мәжбүрміз. Экономика дамыған сайын электр энергиясы көздерінің жетіспеушілігі көбейе бастайды. Сондықтан, біз күннің, судың, желдің мүмкіндігін пайдаланып алатын энергия көздерін көбейтуіміз керек. Бұл әсіресе, алыс елді мекендер үшін тиімді. Шалғайдағы ауылдарға электр энергиясын тартудың қажеті жоқ. Сол жердегі мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Сонда ғана мәселе оң шешімін табады, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Атап өтерлігі, Жуалы ауданында жүзеге асырылған қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» серіктестігінің күн электр станциясы Орталық Азиядағы ең ірі нысан. Одан кейін су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Оның бірі – Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясы болса, екіншісі Ақсай каналының бойынан соғылатын қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясы.
Ал, Көкс ай каналының бойынан салынатын жобалық құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын былтыр аяқтау жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» серіктестігі. Инвестор тарапынан станцияның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Өкінішке қарай, бүгінде оның қалған кезеңдерінің құрылыс жұмысы тоқтап тұр.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтің айтуынша, Көксай каналынан бөлек, сол сияқты Ақсай каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясының құрылысын салу жоспарланған. Оның инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» серіктестігі. Жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Іске қосылу уақыты алдағы жыл деп белгіленген. Бірақ, құрылыс жұмыстары әлі бастала қоймаған.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр станциясын салмақ ниетте. «Бұл жобалар жүзеге асқан сәтте аудан экономикасының дамуына, өркендеуі мен көркеюіне өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Бастысы, қандай жоба, бағдарлама болмасын, барлығы да елдің игілігі үшін жүзеге асады», – дейді бөлім басшысы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді