«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Рушыл емес, рухшыл болайық!..

Рушыл емес, рухшыл болайық!..
ашық дереккөз
Рушыл емес, рухшыл болайық!..
Қазақ халқы рушылдық дертіне қалай шалдықты? Бұл қауіпті кесел неге басымызды шыр айналдырып, бойымызды билеп алды? Неге сөзімізді ру сұраудан бастайтын болдық? Бүгінде асқынған дертіміздің алдын алу мүмкін бе? Рушылдыққа қалай жол беріп қойғанымыз туралы сауалдың көптен бері мазалап, санамызды сан түрлі ойлардың жаулап алғаны рас. Бұл дерттің алдымызды кес-кестеп, тіпті жол бермей кедергісін келтірген кездері мен жан ауыртқан жағдайлары да аз болған жоқ. Халқымыз ай мен күннің амандығында ру-руға бөлініп, өздерінің рубасылары мен жүзбасыларын дәріптеп, жан-жақты насихаттап, оларға арнап кітаптар шығарып, ескерткіштер тұрғызып, ұланғайыр той-жиындар өткізіп, соған мәз-мейрам болып, шадыман күй кешкен рудың атқамінерлері мен өздері сайлап алған билерінің қылықтары ойымызға сансыз салмақ салып, қынжылтып жүргені жасырын емес. Тіпті, әр рудың өздерінің меншіктеп алған жеке бейіттерінің бой көтергендігін естіп, жағамызды ұстаған едік. Егер осылай кете берсе, қазақ деген азғантай ұлттың болашағы қандай болмақ? Әр ру өзінің шекарасын белгілеп, өз алдына отау құрып, өзгелерге ала көзімен қарап, басқа руласының үйіне бас сұғудан тартынып, бір-біріне дүрдараз болып, болмашы нәрсеге өкпелеп, ренжіп-ерегісіп, айтысып-тартысып жүрмесіне кім кепіл? Қазақтың ежелден келе жатқан ауызбіршілігі мен ынтымағына, бауырмалдығы мен жанашырлығына, ата жолымен жалғасқан салт-дәстүріне сына қағылып, қадір-қасиеті әдірем қалмай ма? Осыны жан-жүректерімен сезініп, өз қандастарының бөлінбейтін қамалға айналып, біртұтас ұлт болудың қамын жеп, қазағының ұлы мұраттар жолында дамыған озық ұлттардың қатарында болуы үшін күн-түн демей еңбек етіп, күресу керектігін ұғынатын, сол жолда жан-тәнімен аянбай тер төгетін ұлтшыл қазақтарды жоқ дей алмаймын. Әрине, бар. Бірақ, олардың қатары көп болса дейсің. Біз сонау патшалық Ресейден бастап, кеңестік дәуірде жалғасын тапқан, «бөліп ал да билей бер» деген жасырын идея қаруы болғанын яғни, бір руды келесі бір руға қарсы қойып басқару саясаты екендігін несіне жасырамыз. Кеңес өкіметі бұл саясатты тиімді пайдаланып, талай сорақылықтар жасап, елді іштен ірітіп, ұлтымыздың берекесін кетіріп, тоз-тозын шығарып жіберді. Бұл қауіпті дерт бізге қалай келіп, қалай орнықты? Біздің буын білімге ден қойып өстік, білім жолында бәсекеге түстік. Шығармашылық ізденісте болып, мақсат-мұраттарымызға талпындық. Университетке түскен елу қыз бен жігіт бір үйдің баласындай болып, бауыр басып кеттік. Оқу бітіргенше руымызды сұрасқан емеспіз. Содан бері елу жыл өтсе де бір-біріміздің руымызды білмейміз. Соны білмей-ақ өтсек деген арман бар. «Тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін қазақ ру сұраспайтын. Ал, тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басынан біз қайтадан рушыл халыққа айналып шыға келдік. Бұл өте қауіпті қасірет. Сексенінші жылдардың жастары рушыл болмаған. Екі мыңыншы жылдардың басында мектепке кенже балам барғанда, мектепте рушылдық пайда бола бастапты. Үш найман бар екенбіз, бес албан бар екен, жеті жалайыр жүр екен дегенде, мен жағамды ұстадым. Рушылдық мектеп деңгейіне жеткен. Бұл бізді өсірмейді. Бізді құртады бұл. Мұның себебі – ру-руды дәріптейтін кітап көбейіп кетті. Ата-атаға бөлінген, шежіре қуалаған кітап әдебиетке айналып кетті. Олар ғылыми айналымда ғана болуы керек еді, біз оны тұрмыстық деңгейге әкелдік. Кімнің қай рудан шыққаны ешқандай қажет емес болатын. Ал, қазіргі жағдайда қызметке бару үшін, атақ алу үшін қандай рудан шыққаның өте маңызды болып кетті. Ру деген бір-ақ жерде керек, жеті атаға дейін қыз алыспауы үшін ғана. Бұл өте маңызды. Бұл қазақтың ең үлкен тарихи жетістіктерінің бірі», дейді белгілі қалам қайраткері Қайнар Олжай. / «Жас Алаш» газеті, №21, 16 наурыз 2021ж./
Бүгінде рушылдық санадан арылып, ұлтшылдық санаға ұмтылуымыз керек. Ұлттық мүдде жолында бас біріктірмесек, жағдайымыз қиын болары анық. Ол үшін ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға күш салуымыз өте маңызды. Қазіргі жаҺандану жағдайында ұлтымыздың төңірегіне топтасып, кез келген қауіп-қатерге қарсы тізе қосып, бірлесіп күресуіміз қажет. Өйтпеген жағдайда жан-жақтан анталаған жауларға жұтылып кетуіміз мүмкін. Рушыл қазақ емес, рухшыл қазақ болайық. Ал, рухшыл қазақты ешбір жау алмайды.
Рушылдықтың мектепке еніп кеткені өте сұмдық жағдай. Бұл қорқатын, тіпті шошитын қасірет. Осыдан екі жыл бұрын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы тойланды. Той қарсаңында Тараздағы ақынның есімімен аталатын мектепте Мұқағали ағамыздың шығармашылығына арналған жыр кеші өтті. Тірі кезінде ақынның «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабына студент кезімізде маған жазған қолтаңбасы бар еді. Сол бір әсерлі кездесуіміз, ақынмен бетпе-бет жылы жүздесуіміз, студент жастарға арнаған сөздері мен берген батасы туралы осы жиында естеліктер айтудың сәті түсті. Мұғалімдер мен оқушылар ортасындағы әңгіме өз деңгейінде өрілді. Ақиық ақынның шығармасы жайында тың ойлар айтылып, өлеңдер оқылды. Менің айтайын дегенім, осы мектептің бір мұғалімі жиын соңында маған жақын келіп, руымды сұрады. Барлық әңгіме тек дүлдүл ақынымыз жайында болып жатқанда, әлгі рушыл мұғалім еш қымсынбастан менің қай рудан екенімді сұрағаны қай сасқаны деп ойладым. «Мұқағали қай рудың ақыны, соны айтсаң жауап берейін» дедім. Ол иығын қиқаң еткізді. «Мұқағали» журналы шығады, соны оқисың ба? Ақынның 90 жылдығында осы журналға жазылдың ба?» деген сауалға да жауап бермей басын шайқады. Осындай мұғалімнен не үміт, не қайыр? Дәріс беруге моральдық құқығы бар ма? Зейнетке шықсақ та, өмірде көрген-түйгенімізді, білгенімізді жас ұрпаққа, кейінгі желкілдеп өсіп келе жатқан буынға үйретіп, ақыл-кеңесімізді беруден бас тартқан кезіміз болған емес. Шақырған жерден қалмауға тырысамыз. Тараздың бірнеше мектебінде шахматтан дәріс беру бақыты бұйырып, жас жеткіншектерге осы ғаламат ойынның қыр-сырларын үйретіп, баулып жүргеніме бес-алты жылдың көлемі болып қалды. Қайнар Олжай әріптесім айтқандай, оқушылар да рушылдық ауруымен ауыра бастапты. Жетінші сыныптың бір оқушысы қолын көтеріп, маған сұрақ қойды. «Ағай, сіздің руыңыз кім, білуге бола ма?» дегенде аңтарылып тұрып қалдым. «Менің руымды сұрайтындай, сенің басыңа қандай күн туды? Әке-шешең менің руымды біліп келуді тапсырды ма?» деген сауалға жауап бере алмады. Биылғы жылдың шілдесінде Сарыағаш шипажайына барып, емделіп қайтудың реті келді. Емдеу-оңалу кешенінде елмен бірге ем алып, кейбірімен етене танысып, пікірлес болып кеттік. Шахмат ойнайтын демалушылар да кезікті. Асханаға түскі асқа келіп отырғанымыз сол болатын, қасымыздағы бос орынға отыздан асқан жас жігіт келіп жайғасты. Амандық-саулықтан соң, бірден «руыңыз кім?» деп маған қарады. Жасы үлкені мен болған соң, менен бастағанды жөн көрген секілді. «Сен емделуге келдің бе, жоқ әлде ру сұрасуға келдің бе?» деген сауалыма селт етпеді. «Не үшін сұрадың, қандай мақсатпен сұрадың? Кітап жазасың ба, шежіре жинап жүрсің бе? Жоқ әлде, рушылдық туралы диссертация қорғайсың ба? Соған жауап берсең, мен руымды айтайын» дедім әлгі қызылордалық жігітке. Мұндай жауапты күтпеген болуы керек, рушылдық ауруы асқына бастаған жігіт жұмған аузын ашпады. Бір бозарды, бір қызарды. Жеті күн сөйлемей, не кешірім сұрамай үйіне қайтты.
Бұл қауіпті дерт бізге қалай келіп, қалай орнықты? Біздің буын білімге ден қойып өстік, білім жолында бәсекеге түстік. Шығармашылық ізденісте болып, мақсат-мұраттарымызға талпындық. Университетке түскен елу қыз бен жігіт бір үйдің баласындай болып, бауыр басып кеттік. Оқу бітіргенше руымызды сұрасқан емеспіз. Содан бері елу жыл өтсе де бір-біріміздің руымызды білмейміз. Соны білмей-ақ өтсек деген арман бар.
Бірде көршіміз үйіне шақырып, құдайы тамақ беріп, игі шараның ішінде болуды өтінді. Жақындары мен туған-туыстары, құда-жекжаттары бас қосқан жиында түрлі әңгіме айтылып, пікірлер қозғалды. Ортамызда отырған аласа бойлы, шағын денелі молда көбірек сөйлеп, белсенді болуға тырысқандай көрінді. Көршілердің ішінде маған тесіле қарап, сұрақтар қойып, мазалай бастады. Бір кезде «Қай ауылдың баласысың, бұрын көрмеген сияқтымын, руың кім болады?» деп сұрақтың астына алды. Таразда туып-өскенімді, осында еңбек етіп, зейнетке шыққанымды айттым. Ол жауабыма қанағаттанбай, руымды қайта-қайта сұрай берді. Жауап беруге тура келді. «Мен қазақпын, қазақтың ішінде көршілер деген руданбыз. Біздің руымыз өте күшті, өте мықты. Кез келген уақытта бас қосып, бір-бірімізге көмек беріп, қолдау білдіріп отырамыз. Жиын-тойларда, қуаныштарда, Ораза айт пен Құрбан айттарда бір боламыз. Барымызды бөлісіп, жоғымызды тауып жүрген тамаша румыз» деп бір тоқтадым. Әлгі молдасымақ ауызы ашылып, не дерін білмей, жан-жағына қарады. Келген қонақтар да бастарын изеп, бұл сөзге көңілдері толғандай ишарат білдірді. Біз тұратын аймақта «Жаныс» деген азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұрды. Сол дүкеннің атауына көптен бері қызығушылық танытып жүрдім. Бір күні сатушыға: «Жаныс деген рудың аты ма?» деп сұрақ қойдым. «Әрине, рудың аты» деп жауап қайтарды. Күндердің күнінде әлгі дүкендегі сатушыға көкейде жүрген ойымды айттым. «Қарындасым, дүкенге рудың атын қойған екенсіңдер. Рудың атын кез келген жерге қоюға болмайды. Екіншіден, дүкендерің арақ-шарапқа, сан түрлі темекіге толып тұр екен. Ата-баба әруағын қорламаңдар, оларға бұл әрекеттерің ауыр тиеді» дедім. Саудагер келіншек бұл сөзіме ештеңе демеді. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір күні әлгі сөз еткен дүкеніміз жабылып тынды. Жастық шақтан араласып жүрген жолдас жігіт қызының ұзату тойына шақырды. Шақырған соң, бардық. Ұзатылып бара жатқан қызымызға ақ тілектерімізді жаудырып, ата-анасына жақсы сөзімізді арнадық. Елмен бірге той қызығын тамашалап, жақсы көңіл-күймен жиын соңына таядық. Қызықтың көкесі осы кезде орын алды. Ортаға шыққан қария екі жасқа бата бергеннен кейін, жат жұртқа кетіп бара жатқан қызды тәрбиелеп өсірген отбасы және оның туған-туыстары, осы әулетке жақын адамдар, баршасы жиналып, өз руларының «әнұранын» шырқап, жиналғандарды таңғалдырды. Сол ұранмен қызымызды шығарып салды. Біз бұл ұранға қосыларымызды не қосылмасымызды білмей, аңтарылып тұрып қалдық. Қазақтың тойынан қалмауға тырысасың. Көбіне шаршап, көңілің толмай қайтатын кездер болады. Бәрінен де асабалардың жөнсіз сөздері мен әрекеттеріне қынжыласың. Әңгіменің әлқиссасын рудан бастап, румен аяқтайтындары да бар. «Бүгінгі той бәленше деген рудың тойы. Бұл рудан талай мықтылар, ел басқарған тұлғалар, ақылы асқан даналар, топты жарған жүйріктер, даңқы алысқа кеткен дүлдүлдер шыққан. Сондай рудың өкілі, бүгін дүрілдетіп тойын жасап, жиған-тергенін тойына шашып отырған Ерекеңдей ер азаматтың қуанышына келіп отырсыздар. Ерекең де осал азамат емес, осы аймаққа танымал тұлғалардың бірі», деген сияқты ешкімге қажеті жоқ, ешбір мән-мағынасы жоқ, әсіре мақтаудан аса алмаған, көпірме әрі дарақылау сөзін төпелеп тоқтаусыз айтып, әрең дегенде тізгін тартатын әдепсіз асабаларды да көріп жүрміз. «Атымды адам қойған соң, Қайтіп надан болайын. Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын», – деген сөзді ұлы Абай атамыз неліктен айтты? Осы бір шумақ өлеңнің парқын түсініп, оған зер салып, қорытынды шығарып, ойлы қазақтың ойлы әрекеттерін жасап, рушылдықты қозғай бермей, өзге елдермен теңесуге бар күш-қайратымызды жұмсап жүретін мезгіл келген жоқ па?! Бүгінде рушылдық санадан арылып, ұлтшылдық санаға ұмтылуымыз керек. Ұлттық мүдде жолында бас біріктірмесек, жағдайымыз қиын болары анық. Ол үшін ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға күш салуымыз өте маңызды. Қазіргі жаҺандану жағдайында ұлтымыздың төңірегіне топтасып, кез келген қауіп-қатерге қарсы тізе қосып, бірлесіп күресуіміз қажет. Өйтпеген жағдайда жан-жақтан анталаған жауларға жұтылып кетуіміз мүмкін. Рушыл қазақ емес, рухшыл қазақ болайық. Ал, рухшыл қазақты ешбір жау алмайды.  

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Ұқсас жаңалықтар