Төрт түліктің төресі
Жылқы – қасиетті жануар. Оны жануардың жаратылысынан, жеген шөбі мен ішкен суынан байқауға болады. Қамбар ата тұқымы негізінен тебіндеп жүріп жайылады. Жылқының жейтін шөбі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, жыл бойғы жей беретін шөп түріне: қаудан, ақселеу, көде, бозкөде, тарлау, ажырық, мортықбоз секілді қыр оттары жатады. Бұл туралы ел арасында «Жылқыны мыңдап өсірген, арқаның тарлау, бозы екен» немесе «Дүниеде не тәтті, тарлау тәтті, тарлау жеген жылқының еті тәтті» деген сөздер бекер айтылмаса керек. «Ақселеу» деген адамның аты бар десек, ол атаудың қойылуының өзі тектілікке байланысты болғаны анық. Жылқының ерекше сүйсініп жейтін шөбі – бетеге. Бұл орайда «Бетегелі белге бітем, найза ұстаған ерге бітем» деген тұжырымды есімізге алсақ болады. Жылқының маусымдық отына – көк шалғын, қияқ, балауса құрақ, беде, тобылғы жатады. Қар кетісімен ерте көктемде шығатын раң оты маусымдық шөпке жатады. Раң оты қыстан күйсіз шыққан жылқының әл жинауын тездетеді. Қазақта «Ат раң етін алады», «Ер тыраңдап, ат раңдап әл жинайды» деген сөз де бар.
Сондай-ақ, жылқы шөлейттегі ермен, құмаршық, андыз, баялыш, изен тәрізді шөптерді бір мезгіл ащылайды. Бұл шөптерді тұрақты азық етпейді.
Басқа түліктерге қарағанда жылқының дыбыстау қабілеті ерекше және кісінеуі әртүрлі. Кісінеген сәтін әртүрлі бейнелеп айтып жүрміз. Мысалы, бие құлынына мекіренеді. Маңайдан ұзап кеткен құлын енесі оқыранғанда құлдыраңдап шауып, қасына жетеді. Құлын шіңгірлей, шіңкілдей кісінейді. Қолбала жылқы иесін көргенде шөліркегенін немесе жем жегісі келгенін білдіріп оқыранады. Ал, үйірінен адасқан жылқы бір- бірімен шұрқырасып табысады. Бұл жануардың үйірсектігін байқатады.
Жараулы ат жорық үстінде оқтын-оқтын күлдір-күлдір кісінеп үн қатады. Жылқының аталығы азынай кісінейді. Үйіріне қауіп төнгенде айғыр үйірін айналып арқыраған дыбыс береді. Жағымсыз, қаскөй нәрселерді көргенде жылқы пырылдап, осқырынады.
Арғымақ, пырақ, сәйгүлік, алмауыт, дүлділ, тұлпар, жүйрік деп әдемі есімдермен әспеттеген қазақ үшін текті жануардың орны айрықша.
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді