Өмірзая
«КӨП ЖАСАМАЙ, КӨК ОРҒАН ЖАРАСЫ ҮЛКЕН ЖАС ӨЛІМ»
АБАЙ.
«Өмірзая» деген жұлдыз болады екен. Таңға жақын көрініп, артынша ағып түсетін. Небәрі 27 жыл ғұмырында тағдырдың тартысын көп көрген, «Менің өмірім шимай-шатпақтан құралған дәптер, менің сәтті күндерім де, сәтсіздігім де сонда қалады» деп жырлаған орыс ақыны – Ника Турбина. «Алтын арыстан» сыйлығымен 10 жасында марапатталғанда сыншылардың көбі жас таланттың қабілетіне күмәнмен қарады, тіпті «өлеңдерін өзі жазбайды» деп пікір білдірді жазушы Юлиан Семёнов. Осы айыптаудың артынша Ника Турбина «Өлеңді сонда мен жазбаймын ба?» деп жауап-өлеңін жариялаған… Ол әдебиеттің емес, жұлдызды әлемнің жаңалығы… Тоқсаныншы жылдары Ресейді Турбинаның туындылары дүр сілкіндірді. Түптеп келгенде, бұл талант па әлде тағдырынан теперішті көп көрген қызды жас ерекшелігі үшін тым жоғары бағалау ма?! Орыс сыншыларынан осы тұста көптеген сын, пікірлер айтылды. Ақын Валентин Барестов «Талантсыз әйелдің тағдырға бейімделіп жазған өлеңдері» деп баға берді. Ал, Юрий Богомолов сұхбатының бірінде «Ника Турбина – әдебиеттің емес, жұлдызды әлемнің жаңалығы» деп оқырман қауымды екіұшты ойда қалдырды. Сұхбат соңын «Орыстың бір қызы болды. Ол өз бойынан өлең жазатын қасиет байқады. Жасын ескермей, жазған жырларына ғана үңілетін болсақ, таланты тау қопарардай емес», – деп мысқыл аралас сынмен аяқтады. Уақытынан һәм бақытынан адасқан бойжеткен «Мен енді өлең жазбаймын. Қайғы да жоқ, мұң да жоқ» деп жырлады да, өзі мақтау мен сынның арасында сенделіп, сынып та кетті. Өмірі өлеңдеріндей қысқа әрі драматизмге толы болды. Сонымен, Александр Ратнер айтқандай, кейіпкеріміз «отбасылық жоба» болды ма, әлде расында құт қонған, құлағына Құдай өлең сыбырлаған ақын ба еді? Ол туралы Ратнердің «Тайная жизнь Ники Турбиной» атты 2018 жылы басылған кітабында толық жазылған. Оның алғаш жазған өлеңі «Алая луна». Анасы Майя бақшада құрбыларымен шай ішіп отырған кезде ұйқысынан оянған 3 жастағы Ника «Мама, мен өлең жаздым» деп қасына келіпті. Қазір бұл өлең мүлде басқа жылда һәм басқа жағдайда жазылған деп беріледі. «Алқызыл ай. Маған қарашы. Қараңғы тереземе де қарашы. Алқызыл ай. Бөлмем менің қараңғы. Қараңғы үй. Қараңғы дәліз. Мен де қап-қара». Ал өзінің өлең жазу барысын ақын 9 жасында былай сипаттайды: «Мен өлеңді қағазға түсірген емеспін, анам мен апам айтқаным бойынша жазып отырады. Санамда сөздің көптігі сонша, кейде мен олардан шатасамын». Түндегі өлеңдердің туу процесі жайлы Ника Турбинаның туыстары түрлі пікірлер айтқан болатын. Мысалы, «Түнімен қорқынышты түстермен алысып шаршаған Ялтадағы 4 жасар қыз түсінде ойына оралған сөздерді анасына көзін жұмып жатып айтатын болған, анасы өз кезегінде ақ параққа бәрін жазып алып отырған». Келесі мистика аралас пікірдің авторы белгісіз. «Бұл дауыстар алғаш пайда бола бастаған кезде ол 4 жаста еді. Түндерде ұйқысын ұрлап, мазасын алды. Өз жасына сай келмейтін сөздерді санасына құйып, бір ақ түнде ақын етіп шығарды» делінген. Құдаймен байланысы да ерекше қыздың «қылықтары» көрген адамды бей-жай қалдырмайтын. Пәтер ішін айналып «Менің жаным қасқырша ұлиды» дейтін 4 жасар қызды көзіңізбен көрсеңіз бәлкім, сіз де таңғалар ма едіңіз. Қанаты қайырылған көбелек «Қуанышқа бөлеген жерлер бүгін Күзгі бақтай жалаңаш». Өзіне жылдар бойы қолдау білдіріп, қасынан табылған жалғыз жанашыры Евтушенкодан қол үзіп, хат-хабар алыса алмай қалған ақын ащы суға тәуелді болып, нәтижесінде «Сіз – адамзаттың жанайқайы, Мен – ұмытылған өлеңмін» деген мұң мен зарға, үнсіз сағынышқа толы жыр жолдарын арнады. Ол өзі жаққан өлең атты өрттің төбесінде ұшып жүрген көбелекке ұқсайды. Қанатының сау тамтығы қалмаса да өнер деді, өлең деді. Өртенетінін білсе де өлеңнен арман көрді, ажал тапты. Қоғам назы ерек, жаны бөлек ақынды қолдай һәм қорғай алмағаны өлең өлкесінде жүргендердің жүрегіне жүк болғаны хақ. Жыр оның жаралы жанына жалау болды, жыр оған жалғаннан жау да тауып берді. Олай дейтініміз, он жасында ортасына танылып, Америка асып, Иосиф Бродскиймен танысады. Өнерге өрімтал қыздан бұрын келген ақындар өздерінің тасада қалғанын ұғып, кеуделерінде қызғаныш оты маздай бастады. Ал, ол тек ұшқысы келді. Қайырылған қанатын кеңге жайып, өлең атты азабынан алданыш іздеді, халқынан қолдау, жақындарынан жылы сөз күтті. «Мен өлгім келмейді, тек ұшқым келді. Ұша алмасам, сол – өлгенім», – деді. Тағдырдың тәлкегін ерте жастан көрген ол бронх астмасы, ұйқысыз түндер, 12 рет өкпе ауруына шалдығып, аурудың түр-түрімен таныс еді. Жүйке ауруымен де бетпе-бет келді. Еркіндікте қалықтап ұшқысы келген, қанаты қатая қоймаған құсты анасы Майя психиатриялық емдеу орталығына тоғыту арқылы алғаш рет өз қолымен қызының қанаты қайырылуына сеп болады. Ақын болса аурудан арашалап алады деген арманмен алпысты алқымдаған психиатр дәрігеріне тұрмысқа шығады. Бұл жұптың жұбайлық өмірі ұзаққа созылмады. Ащы судың арбауына көніп, тағы да бәріне қолын бір сілтеген Ника Турбина газет беттерінде жиі жарияланып, онда тек өнерден қол үзгендігі, өмірін оң арнаға бұра алмай жүргендігі жайлы ғана жазылды. 4 жасында алғашқы өлеңін жазып, 9 жасында талантымен танылып, 15 жасында есімі ел есінде қалмай ұмыт болып, 27 жасында өмірмен қош айтысты. Оның қанаты 27 жасында бесінші қабаттың терезесінен құлағанда сынған жоқ. Оның қанаты қоғам қолдан ақын етіп, 10 жылдан соң ескі ойыншықтай лақтыра салғанда қайырылды. «Өз тағдырымның суретшісімін» Әдебиет әлемінің феномені Ника Турбина жайлы кітаптар жазылып, қысқаметражды фильмдер түсірілгені – бөлек әңгіме. 15 жасында «Это было у моря» фильмінде сомдаған рөлінде Ника терезе алдында секірейін деп тұрған кадр бар. Өміріне сәулелі сәттер, шұғылалы шақтар сыйлаған, актрисалық қырынан да танытқан кино, өнер әлемінің сертін албырт ақын ақылмен түйсіне қоймаған кезі еді. Өз киесін түсініп, «өз тағдырымның суретшісімін» деп жырлаған ол сөз һәм өнер киесінің қадірін жете түсіне қоймағаны анық байқалады. Өлеңдеріндегі өз жасына сай келмейтін драма, қайғы-қасіреттің кемесіне мінді де, келмеске аттанды. Алғаш рет өзі түскен кино кадрындағыдай терезеден секірді де, жеңіл дене жарақаттарымен құтылды. Екінші мәрте ойындағысын жасауға оқталды ма, оқыс жағдай болды ма, ол жағы бізге белгісіз. Бар білетініміз, қырсық шалған сол мамырдың айлы түні ол опат болды. Өнер мен өмірдің ұштасып жататын кезі жиі кездеседі. Жер бетін бар болғаны 30 жыл мекен еткен ақын Төлеген Айбергенов «Мен өлемін өзімнің биігімде» десе, Мағжан Жұмабаев «Мені де өлім әлдиле…Әлдиле, өлім, әлдиле» деп әлемнің әлегінен шаршап, сөз киесіне ұрынғанын білді ме екен? Саз өнерінде салмақты орны бар, еліміздің тұңғыш бард әншісі Табылды Досымов «Ұйықтап кетсем бір күні оянбай қалам» деп, көп ұзамай ұйқысынан оянбай кеткені – исі қазаққа мәлім. Қазақ кинематография саласында да өнер иесі мен өмір, өлім арасындағы тылсым байланыс жақсы көрсетілген. Асанәлі Әшімовтің ұлы, белгілі актер Сағи Әшімов кино әлеміндегі жарық жұлдыздың бірі еді. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп сөнген Шоқан Уәлихановтың бейнесін сомдап, артынша өзінің жұлдызы да өшті. Қазақ өнерінің корифейі, сахна мэтрі Асанәлі Әшімов баласы Сағи туралы әңгімелегенде Сағидың өмірден ерте кетуін қыршынынан қиылған Шоқанның рөлін сомдауымен де байланыстырады. Өнердің құдіретіне осы мысалдарға қарап-ақ шек келтіруге болмайтынын түсінеміз. Ника да сол рөлді сомдауға келісім бермегенде, өміріндей қысқа да мұңды өлеңдер жазбағанда бәрі бұлай болмас па еді?! Қош, өмірінің соңғы жылдарында Ника Турбина өнерге қайта оралып экран беттерінде өз-өздеріне қол жұмсаған таланттар жайлы бағдарлама жасағысы келді. Айналасында бұл идеяны қолдаған адам табылмады. Тағы да депрессия. Тағы да ащы судан алданыш іздеді. Сондай күндердің бірінде терезе алдында темекісін тұтатып отырған ол аяғы тайып кетеді де, терезе жақтауына жабысып, төмендегілерді көмекке шақыра бастайды. «Мен отызымда өлемін, оған дейін он рет өлсем де» деп апасына бала күнінде жиі осылай айтатын Ника жедел жәрдем көлігінде жан тапсырады. Құрбысы Алена Галич шіркеуде өз-өзіне қол жұмсау фактісімен тіркетпеу үшін куәгер іздеп неше күн сенделді, неше түнді ұйқысыз өткізді. Кенет бір емес бірнеше куәгер табылып, көмекке шақырған қыздың даусын естідік, «Құлаймын, құлайтын болдым» деген шырылдаған дауысқа куә болғандарын айтып ағынан жарылды. Жерлеу рәсімі қыз қайтыс болғаннан соң 40 күннен кейін, 25 маусым күні өткізілді. Өмірге құбылыс болып келіп, тылсым құпия болып кеткен ақын Ника Турбина жайлы бүгінде фильмдер де түсірілді, оған арнап әндер де шырқалды, өлең де жазылды. Ал, ол бар болғаны өмір сүргісі келді…Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді