Қордайдың шежіресін түзген қаламгер
БҰҚАРАЛЫҚ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БИЫЛҒЫ МЕРЕКЕСІНДЕ СОНАУ ҚОРДАЙДАН ШАҚЫРЫЛҒАН ҚҰРМАНБЕК ӘЛІМЖАН «ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК ЖУРНАЛИСІ» АТАНДЫ. БИЫЛ ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАЛҒАН БҰЛ МАРАПАТТЫҢ АЛҒАШҚЫСЫ БІЗДІҢ ӘРІПТЕСІМІЗГЕ БЕРІЛУІ ҮЛКЕН АБЫРОЙ ЖӘНЕ ӨТЕ ЛАЙЫҚТЫ ҚҰРМЕТ БОЛДЫ. Құрманбек Әлімжан елу, алпыс жасқа толғанда да құттықтау мақала жазған екенмін. Енді міне, жетінші белестің қуанышын да әріптеспен бірге бөліспекпін. Өйткені, кәсіптес, бір ұжымда қызметтес болуымыз өз алдына, оның қарапайым жаратылысы мен ішкі адами қасиеттеріне, отбасылық өміріне де жете қанықпын.
Әуелі оның өзінен бұрын шығармашылығымен таныс болдым. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында облыстық «Еңбек туы» (бүгінгі «Aq jol») газетінде мақалалары жиі жарияланып тұрды. Тіпті, бірқатар очерктері облыстық газеттің шығармашылық конкурстарында жүлде алған да болатын. Қордайдан осылай өндірте жазып жүрген қаламдаспен жүздесудің сәті 1984 жылдың жазында түсті. Сол жылы маусым айында облыстық партия комитеті аудандық газеттің жауапты хатшылары мен аупартком нұсқаушыларының бір айлық семинарлық оқуын ұйымдастырды. Қордайдың газетінен Құрманбек Әлімжан, Құланнан Сейсен Қожеке, Жуалыдан мен үшеуміз жатақхананың бір бөлмесіне бірге жайғастық. Үшеуміз де жауапты хатшы болып істейтін өз газеттеріміздегі жұмыс жағдайын айтып, ой-жоспарларымызбен бөлісіп, тез бауырласып кеттік. Сабақтан бос кездері облыстық газетті жағалаймыз. Құрманбек қордайлық жерлесі, бөлім басшысы Қасықбай Асаубаевқа сәлем бере барып, оның ақыл-кеңесін тыңдап, түрлі тапсырмалар алып тұрды. Ауылы жақындар сенбі күні сабақтан кейін үйлеріне қайтады. Ал, шалғайдан келген Құрманбек жатақханада қалып, ұзақты күн сарылып отырып мақалалар жазатын. Оны дүйсенбі күні редакцияға апарып табыстайтын. Сол бір айдың ішінде-ақ «Еңбек туында» Құрманбек Әлімжанның «Қасқасуда жайлауым», «Жетекші сала жетімсіреуде» деген көлемді очерк, проблемалық сын және басқа мақалалары жарияланды. Көп ұзамай әлгі сынға Қордай аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасынан жауап келіп, ол да газетте жарияланды. Сөйтіп, оның қаламының қарымына, жеделдігі және әбжілдігіне көзбе-көз тәнті болған едім.
Қордай өңірінің өзекті мәселелерін көтерген сол талдамалы, проблемалық мақалалары облыстық газет басшыларының да назарына ілігіп, «Еңбек туының» сол тұстағы редакторының орынбасары Бақытяр Әбілдаев Құрманбекті редакцияның ауыл шаруашылығы бөліміне тілшілік қызметке шақырды. Алайда, екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін бұл ұсыныстан ол қинала отырып бас тартты. Оның себебін өзі бізге былай түсіндірді. Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде жұмыс істеген сегіз жылдан бері пәтер жалдап көшіп- қонудан әбден жадаған оның отбасына соның алдында ғана жаңа салынған үйден үш бөлмелі пәтер берілген екен. Енді қалаға келіп тағы да бұрынғы кепті қайта кигісі келмеді. Әлбетте, Құрманбек Әлімжан бәрібір ширек ғасыр өткен соң облыстық газетке бас редактордың орынбасары болып келетінін ол кезде, әрине, білген жоқ.
Газет жұмысына оң-солын танып, «өмір көріп» келетіндер бар. Құрманбек те мектепті бітірген соң бес жылдай туған ауылында еңбекке араласты, әскери борышын өтеді. Ал, ауылдың тірлігі мәлім: құрылыста істеді, қой қырықты, сақманшы болды, шөп шапты, комбайнмен астық та орды. Олары күнімдік тірлік болса, Құрманбектің жан қалауы – өзі одан ерекше ләззат алатын жазу өнері еді. Мектептегі кезінен өлең, әңгіме қиыстырып, ауыл өмірінен шағын хабар-ошар жазып тұратын қабілеті біртіндеп ашылып, толыса келе аудандық газеттің белсенді «селолық тілшісіне» айналды. Күндердің күнінде сол газетке аудармашы қажет болып, Құрманбекті байқап көруге шақырады. Бұл 1976 жылдың көктемі болатын. Ол кезде газетте жұмыс істейтін кез келген қызметкерге алдымен аудармашылықты меңгеру талабы қойылатын. Қазақы ауылда өскен Құрманбек әуелгіде қатты қиналды. Жазу өнері қызық сияқты көрінгенімен, нағыз «тозаққа» түскенін білді. Бірақ, оның бәріне қолды бір сілтеп ауылына қайтып кетуге намысы жібермеді.
Сол Қордай өңірінің тумасы, академик Нығымет Сауранбаевтың басшылығымен жарық көрген қалыңдығы кереқарыс «Орысша- қазақша сөздікті» күні-түні жата- жастана жүріп бас алмай аударма жасады. Құрманбек сол кезде өзіне қамқор болып, қолұшын берген, кейіннен есімі республикаға танымал болған жазушы жерлесі Несіпбек Дәутайұлын, сондай-ақ, Мақан Боқаев, Жапар Көпбаев, Таңатар Сандыбаев сияқты сақа журналистердің есімдерін айрықша құрметпен е ске алып отырады.
– Жазу өнерін меңгеруге деген ішкі қалауым мен талпынысым ақыры мені колхоз даласынан редакцияға әкеліп «тастай батырып, судай сіңірді». Келесі жылы КазГУ-ге оқуға түстім, партияға, ССРО Журналистер одағына мүшелікке қабылдандым. Ондағы отыз жыл бедерінде аудармашыдан өсіп тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, ақырында редактор да болдым, – дейді өзі аудандық газеттегі өмірін қашанғы қарапайым қалпында қысқа ғана қайырып.
Ал, оп-оңай айта салған сол отыз жылдың қаншама сыры бар еді десейші. Облыстағы ең іргелі аудан – Қордай өңірінің тыныс-тіршілігі, адамдарының жасампаздық еңбегі, талайлы тағдыры жайлы Құрманбектің қаламынан туған тілі шұрайлы очерктер мен суреттемелер, репортаждар мен мақалалар аз жарияланған жоқ. Тіпті, мәселе көтерген проблемалық және кемшілікті аяусыз әшкерелеген өткір сын мақалалары да жетерлік. Біздің қай-қайсымыз да ол жылдары алақандай аудандық газетті місе тұтпай, тәуір дүниелерімізді облыстық, республикалық басылымдарда жариялатуға құштар едік, соған ұмтылдық. Құрманбек Әлімжан да «Лениншіл жас» пен «Еңбек туының» және облыстық радионың осындай «сыныптан тыс» шыңдалу мектебінен өткен. Ондағы қаламының желі бар танымал журналистердің жазғандарын жібермей оқып, соларша жазуға ұмтылумен тәжірибе жинады, өсті, есейді. Ауданда жүрген оның бір бүйрегі облыстық газетке тартып тұрды, өзекті тақырыпты қаузаған мақалалары үсті-үстіне жарияланып жатты.
Қордай өңірінің өзекті мәселелерін көтерген сол талдамалы, проблемалық мақалалары облыстық газет басшыларының да назарына ілігіп, «Еңбек туының» сол тұстағы редакторының орынбасары Бақытяр Әбілдаев Құрманбекті редакцияның ауыл шаруашылығы бөліміне тілшілік қызметке шақырды. Алайда, екінің бірінің пешенесіне бұйыра бермейтін бұл ұсыныстан ол қинала отырып бас тартты. Оның себебін өзі бізге былай түсіндірді. Аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде жұмыс істеген сегіз жылдан бері пәтер жалдап көшіп-қонудан әбден жадаған оның отбасына соның алдында ғана жаңа салынған үйден үш бөлмелі пәтер берілген екен. Енді қалаға келіп тағы да бұрынғы кепті қайта кигісі келмеді.Еліміздің экономикасы еңсесін тіктей бастаған екімыңыншы жылдардың басында облыстық «Аq jol» газеті аудандардан шұғыл ақпарат алып отыру үшін қайтадан меншікті тілшілер ұстай бастады. Қордай – шалғайда жатқан ірі аудан. Газеттің сол кездегі редакторы Мақұлбек Рысдәулеттің таңдауы бірден Құрманбек Әлімжанға түсті. Ал, Құрекең бұл екі қызметті адал атқарды. Қордайдан оқырмандар назарын аударатын мазмұнды да тұшымды материалдары бұрынғыдан да жиі жарияланатын болды. Қарап отырсаң, оның қалам тартпаған тақырыбы жоқ. Қайсысын қолына алса да жеріне жеткізе жазады. Қордай өңірінен шыққан атақты математик Мұхтарбай Өтелбаев, қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров, Панфилов дивизиясының даңқты мергені Әбіл Нүсіпбаев, жазушылар Марал Ысқақбай, Несіпбек Дәутайұлы, спорт саңлағы Марат Мәзімбаев тәрізді көптеген танымал жерлестері туралы тебірене қалам тербеді. Сталиндік жазалаудың құрбаны болған, соғыстан қайтпай қалған талай боздақтардың дерегін тірнектеп іздеп, өңірде орын алған тарихи оқиғалар туралы жазғандары құндылығымен бағалы. Ол елінің азаттығы үшін отаршылдармен он жыл бойы күресіп өткен қазақтың соңғы қайсар ханы Кенесарының Кекіліксеңгірдегі (Қордай жерінде) ақтық шайқасы, Өтеген батыр мен оның өнерпаз ұрпақтары Тілеміс шешен мен Байсерке күйші, Хакім Абайдың Қордайда болған-болмағандығы, аудан іргесіндегі ортағасырлық көне қалашықтың қазба жұмыстары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі күндері Ырғайты техникумындағы студенттер дүрбелеңі, 2020 жылғы Масаншы дүнгендерімен қақтығыстың себеп-салдарлары туралы өзіндік журналистік зерттеулер жүргізді. Ал, аудан өмірінің қазіргі жасампаз тірлігі, бүгінгі еңбек адамдарының бейнесін сомдау басты тақырыбына айналды. Оның бұлтартпайтын деректермен дәйектелген сыни материалдары да нысанасына дөп тиіп жататын. Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы, кезінде аудандық мәслихаттың хатшысы болған Төле Сүгірбай Қ.Әлімжанның қаламынан туған өткір сын мақалалардың кезінде бірқатар өзекті проблемалардың шешімін табуына септескенін айтады. Бір ғана мысал, оның «Аq jol» газетінде жарияланған «Қарасайлықтардың мұңы көп» (2008), «Жақынды алыстатқан жол» (2010) деген мақалаларымен көрші елмен арада шекара сызығы тартылғаннан кейін орталықпен жол қатынасынсыз қалған Қарасай ауылдық округіне қарай төте жол салу мәселесін көтеріп, жедел қаржыландырылуына ықпал еткен. Сол сияқты, оның «Жерге көмілген миллиондар», «Құдайдан қорықпағаннан қорық», «Шекарадан неге шу шықты?», «Дандайсыған Дауров», «Қайраңда қалған қайықтай», «Жақсыдан жаман туады іске алғысыз», «Ағын суға зәрулік», «Қарақоңыз су қоймасы алаңдатады» сияқты мақалаларының тақырыптарынан-ақ кер тартқан тірлікті аяусыз әшкерелеуі аңғарылады.
Қарап отырсаң, оның қалам тартпаған тақырыбы жоқ. Қайсысын қолына алса да жеріне жеткізе жазады. Қордай өңірінен шыққан атақты математик Мұхтарбай Өтелбаев, қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров, Панфилов дивизиясының даңқты мергені Әбіл Нүсіпбаев, жазушылар Марал Ысқақбай, Несіпбек Дәутайұлы, спорт саңлағы Марат Мәзімбаев тәрізді көптеген танымал жерлестері туралы тебірене қалам тербеді.«Құрманбек бәріне өзінің қалам қуатымен жетті: оны ешкім де жетелеп, жебеген жоқ. Қандай да бір қиындықтар, қым-қуыт шақтар, қисық кеткен сәттерде, оны күйреп кетуден сақтаған сол қаламы. Соған сүйенді, соған сенді. Ешкімге ешқашан қиянат жасамаған кісілігін мият тұтты. Осының барлығына оны тәрбиелеген жылдар бойы жазған журналистік жазу өнері еді. Ол өз туған өлкесі, өскен ортасы жайында үнемі терең таныммен тебірене жазып келеді. Ол Қордай тарихындағы Қордай елі туралы көсіле қалам сілтеген бірден- бір журналист», деді жазушы Несіпбек Дәутайұлы Құрманбектің 2013 жылы жарық көрген «Қаламым – алтын қазығым» кітабына жазған алғысөзінде. Құрекеңнің болмысына бұдан асырып баға беру де қиын. Расында да, ол тарихи тақырыптарға да көптеген құнды дүниелер арнады. Олар әр жылдарда баспалардан шыққан «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Бұхар баба», «Қаламым – алтын қазығым», «Қазыналы Қордай», «Парасат бигінде» кітаптарына енгізілді. Республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланған таңдаулы туындылары іріктелген бұл еңбектері Қордайдың біртұтас шежіресі іспеттес. Осындай бірқатар туындылары облыстық энциклопедиялық жинақтарға енгізілген. 2009 жылы Жамбыл облысының 70 жылдығына арналған «Шуақты өлке» альбом-кітабына Қордай ауданы туралы Құрманбектің дайындаған материалдарымен фотосуреттері пайдаланылса, 2019 жылы облыстың құрылғанына 80 жыл толуына орай жарық көрген «Тараз мұралары» тарихи-танымдық сексен томдық жинақтың 19-томында «Тарихы терең, тұлғалары ерен өркенді өңір» деген тақырыппен Қордай ауданы тарихының қысқаша очеркі жарияланған болатын. Қ.Әлімжан 2011 жылдан облыстық «Аq jol» газетінің басшылық құрамына шақырылып, редакторының орынбас ары, кейіннен бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, жалпы еңбек өтілі қырық бес жылдан асып зейнетке шықты. Оның Таразда болған жылдары екеуміз атақты «Ақсу Жабағылы» қорығын бір күн аралап, «Әулие көлдің» шипалы суына талай барып түскеніміз еске түседі. Ал, бірде Қордайдан демалыстан қайтып келе жатқанда Құрманбек әріптестің ноутбугі мен құжаттары Шымкентке бара жатқан таксиде басқа бір жолаушынікімен ауысып кетіп, екеуміз оның ізімен түні бойы жүріп, Түлкібастан әзер тапқанымыз ше?! Құрекең бұл оқиға туралы «Жоғалған сөмке» деген әзіл әңгіме жазды. Жалпы, Құрекеңнің әзіл-оспақ хикаяттарының өзі біршама болыпты. Олардың басын құраған «Жыртық кебіс» деген кітабы баспаға дайын тұр екен. Сөз басында айтқанымыздай, биыл «Жамбыл облысының үздік журналисі» атанса, оған дейін «Астананың 10 жылдығы», Қазақстан Тәуелсіздігінің 20, 25, 30 жылдық медальдарымен, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының және облыс әкімінің бірнеше Құрмет грамоталарымен, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, сондай-ақ, Қордай ауданы әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, «Қордай ауданының Құрметті ардагері» атанған болатын. Зейнет жасында да Құрманбек қарап жатпай әртүрлі тақырыптарға қалам тартып тұрады. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңе сінің пленум мүшесі және Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып келеді. Оның жас журналистерге үйретер тағылымдары мол. Біздің Құрекең зайыбы София жеңешем екеуі төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары да өздері сияқты қарапайым да адал тірлігімен қуантуда. Ұлдарының шаңырақ көтерген тойларында ұжым болып қуанышын бөліскен болсақ, бүгінде оншақты немерелерінің ақылшы ата-әжесі болып отырған жайлары бар.
Ақылжан МАМЫТ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді