Сүндет – мұсылманға міндет

Сүндет – мұсылманға міндет
ашық дереккөз
Сүндет – мұсылманға міндет
Баланы сүндеттеу – әрбір мұсылманның парызы, ата-ананың міндеті. Алайда, «Былай тартсаң – өгіз өліп, былай тартсаң – арба сынатын» сәттер де кезіккенде, «Ораза, намаз – тоқтықта» деп, басқа түгілі бас қайғы болатын сәттер кезігеді. Бірі көпбалалы отбасы болса, енді бірінің жағдайы төмен немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар үшін ұлын сән-салтанатымен сүндетке отырғызу оңайға соқпасы анық. Бұрын сүндеттеуді қожа-молдалар атқарып келсе, қазір көбіне медицина қызметкерлері жүзеге асырады. Меркі аудандық орталық ауруханасында көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық көрсету мақсатында «циркумцизио», яғни сүндеттеу медициналық қызметіне бағытталған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Игі іс аясында 73 бала сүндетке отырғызылды. Бұл күні аудандық аурухананың хирург дәрігерлері Ғалымжан Сабыров, Ұлан Көктеубаев, Ғани Құрманәлі, Алмас Парманқұлов, Нұрзат Жұманов секілді білікті мамандар ұлын «сұлулатуға» келгендерге медициналық қызмет көрсетті. – Балаларды кезекпен сүндеттеп, алғысқа бөлендік. Дін турасында болса да, медициналық жағынан алғанда да сүндеттеудің маңызы зор. Бұл, тіпті, кейбір аурулардың алдын алады. Баланың болашағына да жақсы ықпал етеді. Жалпы алғанда, гигиена тарапынан да, ата-ананың салт-дәстүрді мүлтіксіз орындау жағынан да зор процесс, – деді дәрігер Ғани Құрманәлі. Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы да шараның басы-қасында болды. Имам ақ дастарқан басында Құран оқып, жас жеткіншектерге ақ батасын берді. – 3-5-7 жасқа толған сәбилер мұсылмандық жолмен сүндеттелуі парыз болып саналады. Пайғамбарымыз «Иманымыздың жартысы – тазалық» деген. Ал сүндет – бұл тән тазалығына жатады. Сондай-ақ, «Дүниеге келген сәбидің сүндеттелуі – менің сүннетім» деп айтқан. Пайғамбардың сүннетін орындаған адам Қиямет күні Алланың қалауымен шапағатына бөленеді. Әрбір ата-ана «Алланың разылығы үшін амал жасалды» деп, Нәзір құрбанын шалып отыратын күн болды. Ал, атам қазақ сүндеттеудің мәнінің тереңде екенін ұғынып, әрбір перзентін сүндетке отырғызған отбасы сүндет тойын жасап беруді міндет деп санаған, – деді. Осы күні Сәрсенбек Нүсіпбаевтың әулетінде де үлкен қуаныш болды. Ұлы Мадияр мен келіні Аружанның екінші ұлы 3 жасар Әмірхан мұсылмандық жолмен, қайырымдылық акциясы аясында сүндеттелді. – Атұстар немеремді осы қайырымдылық шарасында хирургия бөлімінің меңгерушісі Ұлан Жолдасбекұлы сүндеттеді. Қолы сондай жеңіл, балам ауырсынбай, тез шапқылап кетті. Мұсылмандық жолымен ата салтын дәріптеп жасалған жоралғы бір толқытып, бір қуантты. Дәл осындай қайырымдылық іс қарапайым тұрғындарға қажет-ақ. Меркі аудандық ауруханасының басшысы Мейрамбек Дарменов бастаған медицина қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз. Бұрынғы соңғының жолы, ата-баба салтымен сүндеттелген балаларға сый-сияпат табыстап, аниматорлардың атсалысуымен қойылған көріністер сәби көңілін аулап, салтанатты шараның мерейін асырды, – деді Әмірханның әжесі Сәуле Жиенбетова.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар