Отбасылық денсаулық орталығы ашылды
Енді Шайқорық ауылының тұрғындары медициналық талдау тапсыру үшін аудан орталығына барып әуре болмайды. Себебі, ауылдың өзінен отбасылық денсаулық орталығы ашылды. Шайқорықтықтар осы жерден-ақ қажетті талдауларды тапсырып, толық дәрігерлік тексерістен өте алады. Орталықта барлығы 46 маман жұмыс істейді. Оның 18-і білікті дәрігерлер. Атап айтқанда, жоғары санатты кардиолог, окулист, лор, хирург, тіс дәрігері, акушер-гинеколог, фтизиатр, психиатр, нарколог, әлеуметтанушы мамандар.
Мекемеде халыққа білікті медициналық көмек көрсету үшін зертхана да ашылған. Онда жалпы клиникалық зәр, қан және биохимиялық талдаулар жүргізіледі. Одан бөлек, екпе егу, дәрігерге дейінгі қаралу, процедуралық, физиокабинет, емдік дене шынықтыру, ультрадыбыстық қарау бөлмелері жұмыс істейді.
Халыққа жоғары санатты дәрігерлер дер кезінде, тәулік бойы көмек көрсету үшін мұнда 5 төсектік стационар, 5 күндізгі стационар және 5 төсектік оңалту орындары жабдықталған.
Жаңа туған сәбиден бастап қарттарға дейін медициналық көмек көрсететін орталықтың салтанатты ашылуына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы, аудан, ауыл әкімдері және тұрғындар қатысты.
Іс-шара барысында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы құттықтау сөз сөйлеп, орталыққа естелік сыйлық табыстады.
Медициналық орталықтың бас дәрігері Кулшахира Байкелдиеваның айтуынша, бұл жерде тек қана алғашқы дәрігерлік көмек емес, жоғары санатты мамандардың сапалы және дер кезінде, жылдам қызметі көрсетіледі.
– Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша осы медициналық орталықты ашып отырмыз. Мұнда 5 төсектік оңалту орны бар және оңалтуды ары қарай жалғастырып, жақсы көмек алу үшін емдік дене шынықтыру кабинеті, уқалау, физио кабинеттері бар. Бала мен анаға да көп көңіл бөлінген. Сәбилеріміздің жақсы өсіп-жетілуі үшін балаларға арналған арнайы бөлмелер және дені сау балалардың кабинеті бар. Бізде мамандар толық жететіндіктен, науқастар кезегін ұзақ күтіп отырмайды, – дейді Кулшахира Әбдібекқызы.
Орталықта көп медициналық мекемеде кездесе бермейтін жоғары санатты заманауи аппараттар орнатылған. Мысалы, бессенсорлы ультрадыбыстық зерттеу аппараты. Оның бір сенсоры жүрек және қан тамырын түсіреді. Көздің қабығын тексеруге арналған – авторефкератометр арқылы офтальмолог науқастың көз алмасының жеке параметрлері үшін оптикалық линзаларды таңдайды. Сондай-ақ, қос жанарды тексеретін – көзге арналған жарық шам, тіске рентген аппараттары, есту қабілетін тексеруге бағытталған аудиоскрининг процедурасы бар.
Ауыл тұрғыны Жанболат Оразбаев: «Бұрын біздер бір медициналық талдау тапсыру үшін Асаға 25 километр жерге барып, қайтып келіп әуре болып жүретінбіз. Ал, қазір барлық талдауларды осында тапсырып, тексерістен өтеміз. Ауылымызда кішкентай екі қабатты медициналық пункт болатын. Бәріміз сыймай, тар жерде күтіп отыратынбыз. Міне, бүгінде осындай балаларға қарайтын, зейнеткерлерге тегін қызмет көрсететін отбасылық оңалту орталығы ашылып жатыр», – деп шынайы қуанышын жеткізді.
Жалпы Шайқорық ауылында 7800 тұрғын болса, оның 5900-ге жуығы осы орталыққа тіркеліп, тиісті медициналық көмек алып отыр.
Назерке СӘНДІБЕК.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді