Инвестиция құюға ниетті инвесторлар көп
Орайын тапса, дархан даланың шыққан күнін, соққан желін, аққан суын да игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Өңірімізде күн, жел және су элект р станцияларын орнатуға бар жағдай жасалған, бұл инвесторлар үшін де тиімді. Жалпы, елімізде бүгінгі таңда барлығы 2525 мегаватт қуатты құрайтын 132 жаңартылатын энергия нысаны, жалпы қуаты 451,3 мегаватты құрайтын 21 нысан жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 175,65 мегаваттық 9 жел, 251,25 мегаваттық 6 күн электр станциялары бар. Бұл жағынан облысымыз республикада жаңартылатын энергия көздерін өндіріп, пайдалану тұрғысынан алдыңғы қатарда.
Соңғы жылдары өңірде іске қосылған ірі жобалардың бірі, жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын, қуаттылығы 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» станциясы. Ол Сарысу ауданында орналасқан. Бүгінде онда жұмыс істеп жатқан Қытай мемлекетінің компаниясы оның қуатын тағы да бірнеше есеге арттыруға ниетті. Тіпті, күн электр станциясын да, оған қажетті құрал-жабдық жасап шығаратын зауыт та саламыз деп құлшынып отыр. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Одан кейін жалпы қуаты 9,2 мегаватты құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының екінші кезеңі іске қосылды.
Атап өтуге тұрарлық келесі жоба – Жамбыл ауданында жалпы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр станциясы. Былтыр жаңартылатын энергия көздері бойынша жыл қорытындысымен 4 жоба іске асырылған болса, соның біреуі осы күн электр станциясы. Бұл күн электр станциясының өзге станциялардан артықшылығы – қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге қатты желге де төтеп бере алады. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Осылайша, Жамбыл ауданындағы күн электр станциясы облысымыздағы басқа станцияларға қарағанда уақыт талабына сай автоматтандырылғандығымен де ерекшеленеді. Ендігі кезекте оның қуатын тағы 20 мегаватқа арттыру жоспарлануда.
Ал, келесі жобалар Талас ауданындағы әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 3 жел электр станциясы. Олардың жалпы жиынтығы 13,5 мегаватты құрайды. Аудандағы аталған үш жоба да Қызыләуіт ауылдық округінде бұдан бұрын салынған екі жел станциясы қасынан бой көтерген. Алдағы уақытта ондағы жұмыс істеп жатқан «Шенгелді-2» ЖШС қондырғылар санын арттырып, оны 30 мегаватқа дейін жеткізуді көздеп отыр.
Дегенмен, облыстың күн, жел және су энергиясын өндіру бойынша әлі де болса игерілмеген үлкен мүмкіндіктер бар екендігін атап өту қажет.
Бұдан бөлек, облыста тағы да 4 ірі жобаны іске асыру көзделуде. Олардың қатарында Мойынқұм ауданында жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр станциясы бар. Оны шетелдік «Total Eren» ЖШС жүзеге асырғалы отыр. Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, Жуалы ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ. Ал, қытайлық «China Power International Holding Limited» компаниясы қуаты 1 гигаватты жел электр және 400 мегавттық күн станцияларын Т.Рысқұлов пен Талас ауданында іске асыруды жоспарлап отыр.
Облысымыздың Қордай ауданында бірнеше электр станциялары табысты жұмыс істеп тұр. Жалпы қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын «Вист а-Интернешнл» ЖШС жел элект р станциясының қасынан «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасын жүзеге асырды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде онда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Сондай-ақ, осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр станциясының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған оның қуаттылығы 504 киловатт болды. Жалпы, бүгінде «Отар» күн электр станциясының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген. Сонымен қатар, ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал, Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр станциясы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады.
Сонымен қатар, Жуалы ауданында су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған. Оның бірі – Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясы болса, екіншісі «Ақсай» каналының бойынан соғылатын қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясы. Бұл жобаларды жүзеге асыру алдағы жылдарға жоспарланған.
Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр станциясының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр станциясы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр станциясында 12 адам жұмыс істейді. Ал, Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электр станциясы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша, жыл санап облысымызда «жасыл экономика» белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда.
Сонымен қатар, өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленіп, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 3,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізу көзделген.
Өңірде күн инсоляциясының көрсеткіші сағатына 1500-1600 киловатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншіліктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында сағатына – 1 465, Меркі ауданында – 1471, Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда 1520 киловатт күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес, республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғышарты болып табылады. Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар, Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады. Қалған аудандарда картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы секундына 5 метрден аспайды.
Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ре сурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп, облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Станциялардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды.
Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді. Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық- инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту жұмыстары күшейтілген.
Қорыта айтсақ, табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы, бұл жобалар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Жұмыс осылай жалғасын табатын болса, алға қойылған мақсат – электр қуатын өндіретін станциялар санын 32-ге жеткіземіз деген сенімдеміз. Бұл бізді көрші мемлекеттерден электр энергиясын сатып алу тәуелділігінен арылтары анық.
Құдайберген ҚОРҒАНБАЕВ,
облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді