ОН МЫҢ ҮЙДІ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТЫҒАН

ОН МЫҢ ҮЙДІ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТЫҒАН
ашық дереккөз
ОН МЫҢ ҮЙДІ ЖАРЫҚПЕН ҚАМТЫҒАН
Жамбыл ауданындағы Айша бибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылы қасында 110 гектарға орналасқан 50 мегаваттық «Айша күн шуақ» электр стансасының жұмыс істеп тұрғанына бір жарым жылға жуықтады. Содан бері станса үздіксіз 10 мың үй мен ондаған өндіріс ошағын электр қуатымен қамтып келеді. Станса басшысы Жандос Райбекұлының айтуынша, оның жылдық қуаты сағатына 92 миллион киловатты құрайды.  Жобаның инвесторы «Unigreen Energy» серіктестігі, ал, жоба операторы «АЕС Аsa» серіктестігі болып табылады. Жобаның жалпы құны – 20,8 миллиард теңгені құрайды. – Станса өткен жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Содан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Жалпы ауданы 110 гектарды алып жатқан стансада 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күн шығуына қарай қозғалып отырады. Бұл панельдердің бір артықшылығы – екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс ауасында жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Бұл панельдер Ресей мен Қытайда шығарылған, – дейді станса басшысы. Бүгінгі таңда стансада 15 адам еңбек етуде. Станса айналасын станса жұмысшылары тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техника алынған. Панельдерді шаң-топаннан сүртіп, тазалау да жұмысшылардың міндеті. – Серіктестік алдағы уақытта тағы 20 мегаваттық күн электр стансасын салуды жоспарлауда. Оның қуатын кезең-кезеңімен көбейту үшін Жамбыл ауданы аумағынан 300 гектар жер телімі алынған. Бүгінде жұмыс істеп тұрған күн панельдері 110 мың гектарға орналасқан. Қалған алқаптарды да іске асырып, электр қуаты өндірісін арттыру компанияның жоспарында бар, – дейді Жандос Райбекұлы. Бұл күн электр стансасының өзге стансалардан артықшылығы – қозғалмалығында. Ондағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Сонымен бірге, қатты желге де төтеп бере алады. Қатты желде панельдер нөлдік деңгейге автоматты түрде қосылып, зақымданудан сақталады. Сол үшін оны үнемі бақылап отырамыз. Осылайша уақыт талабына сай автоматтандырылған жаңа күн электр стансасы қарапайымдылығымен де ерекшеленеді. Енді оның қуатын тағы 20 мегаватқа арттыру көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстарын алдағы жылдары бастау жоспарлануда. – Компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылған. Бұл ауданның ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы, елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Мүмкіндік барда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнімді ұлғайтуға тиіспіз, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.  

Назерке СӘНДІБЕК.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар