«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таулы аймаққа биыл газ кіреді

Таулы аймаққа биыл газ кіреді
ашық дереккөз
Таулы аймаққа биыл газ кіреді
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы осының айнымас айғағы. Президентіміз Жолдауында алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. Бұл еліміздің орнықты дамуының, халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады. Бүгінде Жуалы ауданында газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаевтың айтуынша, жалпы аудан бойынша 49 елді мекеннің 44-і табиғи газбен қамтылған. Аудан бойынша 49 елді мекенде 10134 аула болса, оның ішінде 44 елді мекенде 9638 ауланың аумағына газ тартылған. Ал бүгінгі күнге нақты 9197 аула газ тұтынып отыр. Яғни, бұл газ игілігін көріп отырған халықтың 90 пайызын құрайды. Биыл Қошқарата ауылындағы газ құбырының құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жоспарланған. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі – халықты көгілдір отынмен қамту. Жалпы, елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарай да өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 89,7 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Оның көлемін ұлғайту жұмыстары да жалғасын табуда, – дейді бөлім басшысы. Ауданда биыл жыл соңыда Қошқарата ауылындағы газ желісінің құрылысы аяқталады деп күтілуде. Жалпы, Қошқарата ауылына кварталішілік газ кіргізу құрылыс жұмыстарын жүргізуге 110 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысанды өткізу бойынша құжаттар рәсімделуде. Нәтижесінде аудан бойынша жыл соңына табиғи газбен қамтылу үлесі 45 елді мекенге жетіп, тұрғындардың көгілдір отынмен қамтылуы 97,1 пайызды құрамақ. Сондай-ақ, биыл табиғи газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округіндегі 4 елді мекенге 307 824,4 мың теңге қаралған. Атап айтқанда, Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ пен Дарбаза ауылдарына кварталішілік газ тартуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта магистралды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елді мекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылға дейін аудандағы елді мекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделуде. – Бүгінде экологиялық мәселелер өте маңызды екені белгілі. Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Мұның өзі Жуалы ауданының экологиясына қандай үлес қосатынын осыдан-ақ бағамдай беріңіздер. Соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі – табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар. Жалпы, биыл аудандағы табиғи газбен қамтылу көрсеткішін 90 пайыздан 97,1 пайызға жеткізілмек. Газдандыру жұмыстары ауданда кезең-кезеңмен жүзеге асырылып, Президент тапсырғандай, 2025 жылға дейін оны толық аяқтау жоспарлануда. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары аудан билігінің тұрақты бақылауына алынған, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.  

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар