«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлттық жобаның ұрпаққа берері мол

Ұлттық жобаның ұрпаққа берері мол
ашық дереккөз
Ұлттық жобаның ұрпаққа берері мол
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан- жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Шын мәнісінде «Жайлы мектеп» жобасы балалардың тек білім алып қана қоймай, сонымен қоса сабақаралық үзілістерде, сабақтан тыс уақыттарда, сайып келгенде, сабақ үстінде де өздерін еркін, жайлы сезінулері үшін таптырмас жоба. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру аясында 2023-2025 жылдары Жамбыл облысында 9500 оқушыға арналған жаңа форматтағы құны 61 миллиард 165 миллион теңгені құрайтын 12 мектептің құрылысы жоспарланған болатын. Облыста 9500 орындық, нақтырақ айтқанда, Байзақта 1, Жамбылда 1, Қордайда 3, Меркіде 1, Шуда 2, Таразда 4, ортақ саны – 12 мектеп. «Жайлы мектеп» расында көп сұрақтың шешімін тауып, түйінін тарқатады. Жаңа мектептердің құрылыстары есебінен үш ауысымда оқытылатын және оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешіледі. Жоспарға сәйкес 2023 жылы 7 мектептің яғни, Байзақта 1, Қордайда 2, Таразда 4, ал, 2024 жылы Жамбыл, Қордай, Меркі аудандарында 1, Шу ауданында 2 білім ошағының құрылысы басталады. Биыл 6200 орындық 7 мектептің құрылысына 15,1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бір ерекшелігі, жаңа мектептер бірыңғай стандартпен салынады және жаңа мектептердің тұжырымдамалы қайырмашылығы құрылыстың бірыңғай стандартын сақтау, кабинеттерді толық жабдықтау болады. Шындығында, бұл жобаның орны ерекше. Мектеп ішінде әкімшілік бөлмелер, тынығу бөлмесі, ойын алаңшалары да қарастырылған. Сонымен қатар, заман талабына сай зертханалар мен әдістемелік сыныптар да тиісінше оқушылардың іс жүзінде білімін шыңдаулары үшін қолға алынғалы отыр. Деректерге сүйенсек, еліміздегі оқушылардың саны 3,5 миллионға жуықтаған. Аталған жобаны пилоттық негізде бастап, одан әрі Қазақстанның барлық аймағындағы оқу нысандарын «Жайлы мектепке» айналдыру жоба авторларының, қала берді халықтың да тілегі. «Жайлы мектеп» жобасының тағы да бір ерекшелігі – ғимараттың әсемдігінде. Қазіргі таңдағы жобаның кескін-келбеті, сәулеті туралы психолог мамандардың да кәсіби көзқарастары көңіл қуантарлық. Сыныптардың сәнделуі, орындықтардың орналасуы, дәліздердегі, тынығу бөлмелеріндегі дизайн психологиялық тұрғыда оқушылардың ой- өрістеріне әсер ететіндігі туралы да айтылуда. Сыныптағы түстердің ашық болуының өзі оқушылардың ойлау қабілетіне еркіндік беретіні анық.  

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар