«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғылымға арналған ғұмыр

Ғылымға арналған ғұмыр
Автор
Ғылымға арналған ғұмыр

Біз білетін бір шындық

Біздің бала кезімізде үлкендердің аузынан:

– Сағымбектің Пернайым деген қызы мұғалімнің оқуында оқып жатыр деуші еді, мұғалімнен гөрі әншілік атағы көптеу шығып жүр ғой. Әй, сол қыз түбінде әртіс болады-ау!

 – Е-е, әртіс болса несі бар, бүгінде әртістің аты озып тұрған жоқ па?! Еркек әншілердің жөні бөлек, әйелдерден Бибігүл, Роза, Жамал дегендердің атағы жер жарып тұр. Оларға халықтың қошеметі де жоғары.

– Е, қойшы, әйелдің әнші болғаны несі жақсы! Әйелге әртістік қол емес, дұрысы мектепте балаларды оқытып, үйде үй тірлігін күйттеп отыру ғой әйелдің ісі. Өзі молда, тақуа Сағымбек қызының әртіс болуына қалайша жол беріп қойды екен? – деген әңгімені құлағымыз шалып қалатын. Бізге салса Пернайым әпкейдің әнші болып, сахнаның сәнін кіргізіп, әуелете ән салып жүргені жақсы. «Бұл – біздің Пернайым әпкеміз!», – деп мақтанамыз.

Әйел мұғалімдер көп қой онсыз да. Қайсысының атағы дүркіреп шығып жатыр әртістер сияқты. Мақтанқұмарлық та шығар? Бірақ, әкпенің дәржесін жоғарыдан көргісі келген бала қиялы осындай. Тек қана жақсы ниет қой біздікі. Бала естіген әңгіме Пернайымның әке-шешесінің құлағына жетпейді дейсіз бе, жетеді. Ондайда Сағымбек қария: «Әй, сендер ол қызды мұғалімнің оқуын оқып жүр», – демеп пе едіңдер? Мынау не әңгіме, дүркіреп жетіп жатқан?», – демей ме шамданып кемпіріне.

Ондайда қызын жақтап Шыныгүл кейуана шыр-пыр:

«Жұрт айта береді, Пернайжан мұғалімнің оқуын оқып жатыр. Институтта үйірме дегенге қатыстырып, мәжбүрлеп айтқызады екен ғой өлеңді. Өлең айтқанды өзі-ақ қояды ғой оқуын бітірген соң» – деп. Мұндай әңгіменің болғаны да, Пернайымның ән салғаны да рас. Қазір оның бәрі де уақыттың еншісінде. Бірақ, Пернайым Сағымбекқызы сол әңгімелерде айтылғандай әртіс болған жоқ, анасының айтқанындай мұғалім болды. Мұғалім болғанда да, жоғары мектептің мұғалімі. Университет профессоры. Бейнелеп айтсақ, ұстаздардың – ұстазы. Пернайым Сағымбекқызының өмірінің алғашқы кезеңдерінде болған осындай оқиға туралы біз білетін бір шындық осы.

Арман жолындағы алғашқы қадам

Жалпы, Түгіскен – талай тұлғалар қанаттанып ұшқан атақты ауыл. Бұл ауылдан табыстың тайқазанын қайнатқан өндіріс озаттары да, арасында ең жоғары Социалистік Еңбек Ері атағына ие болғандар да, өндірістік жетістіктері үшін омырауына орден медаль таққандар да, балаларға білімнің шырағын жаққан ұлағатты ұстаздар да, инемен құдық қазғандай ғылымның әр саласында жаңалықтар ашқаны үшін ғылым докторы, ғылым кандидаты атағын иеленгендер де бар. Солардың барлығы да туған ауылдарының атағын аспандатты. Солардың бірі – педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Пернайым Сағымбекқызы.

Түгіскенде мектеп табалдырығын аттап, орта білім туралы кәмелеттік аттестатты Үшаралда алған талапты жас ата-анасының рұқсаты мен батасын алып, білім мен ғылымның, мәдениет пен әдебиеттің ордасы Алматыға жол тартқан. Көздегені – қаладағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты. Арманы осы оқу орнының физика-математика факультетіне оқуға түсу. Бұл Пернайымның ойына Үшарал орта мектебінде соңғы сыныптарда үйінде жатып оқыған Жаңабек Әбдірайымов жәкесіндей есепті шемішкедей шағатын математик болғысы келгенде ұялаған.

– Ғылымдардың барлығы да маңызды. Ғылымның әр түрінен хабардар болған да жақсы, – дейтін әңгіменің майын тамыза айтатын Жаңабек жәкесі. Бірақ, математика – ғылымның атасы. «Есептей білгеннің есесі кетпес», – дейді данышпан қазақ.

Шопан алдындағы малының есебін, диқан сепкен егінінің есебін білгенде ғана отбасының кіріс шығысын есептей алады. Соған лайық тірлік етіп, шама-шарқына қарай болашаққа қор жасайды. Әрбір адам осылай есеппен іс-әрекет жасағанда, оның ісі ілгері баспақ. Отан – отбасынан басталады, ел экономикасының даму негізі есепте жатыр. Есепсіз дүние жоқ, осыны жас ұрпақ санасына сіңіргенде ғана бүкіл еліміздің жағдайы жақсармақ.

Адамның қабылдау, есте сақтау қабілеті жас кезінде жақсы болады. Осыны ұмыпаңдар! «Осындай түсіндіруден кейін Пернайымның есепке деген ынтасы екі есе арта түсті» десек артық айтқандық емес. Жоғарыда біз айтқан Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын үздіктер қатарында бітірген Пернайым Сағымбекқызы, басқа мүмкіндіктері болғанына қарамастан, бірден туған ауылы Түгіскенге келіп, осындағы орта мектепке мұғалім болып орналасты. Ондағы ойы – әке-шешесіне, әсіресе, Сағымбек ақсақалға, қыздың да оқу бітіріп, жақсы қызмет атқара алатынын, былайғы жұртқа Сағымбектің қызы әртіс болып кетпегенін дәлелдеу.

Мектепте жұмыс істеп жүргенде тағы бір ой туды. «Шіркін, мектепте математика пәнін бір жүйеге келтіріп, сабақ берудің ғылыми негіздемесін жасап, мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал жасаса ғой».

 Мұндай оқулық та, әдістемелік құрал да бар. Бірақ орыс тілінде. Қазақ мектептерінде, тіпті, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жұмыс істейтін мұғалімдерге, оқушыларға қазақ тіліндегі оқулық, әдістемелік құралдар керек-ақ. Онда сабақ өткізу тәсілдері әрбір мысал қазақтың табиғатына жақын, балаларға түсіндіруге оңай, ұғынықты болғаны дұрыс. Әсіресе, бастауыш сыныптарда математиканы оқытудың жаңа жолдарын таныса, ғылымға даңғыл жол ашылғаны. Осы ой, осы мақсат Пернайым Сағымбекқызын жоғары мектепте жұмыс істеуге талпындырып, институтқа жұмысқа орналасқан. Қайда жұмыс істесе де, жүрекке ұялаған, ойға орныққан мақсат оны тек алға ұмтылдырумен болды.

Сара жол соқпақтан басталады

Пернайым Сағымбекқызының ғылыммен алаңсыз айналысуына ата анасының, ағасы – Халық, жеңгесі – Алтын, сіңлісі – Ділдайым, нағашы ағасы, ақын – Әбдірахман Асылбеков, оның жары замандас құрдасы – Фатиманың, нағашы әпкесі – Айткүлдің қолдауы зор болды. Әрине, сенің еңбегіңді ешкім жазып бермейтіні ақиқат. Дегенмен, саған әрқашан ақ жол тілеп, қал-жағдайыңды жасайтын, жанашыр жандардың болғаны қандай жақсы, не деген ғанибет! Олар сенің арманыңа қанат байлап, рухыңды көтеріп отырады. Сонда да болса, табандылық керек. Ол қасиет Пернайымның бойында бар.

1975 жылы Жамбыл педагогикалық институты ғылыми кеңесінің қолдауымен Мәскеудегі КСРО педагогика ғылымдары академиясы «Оқытудың мазмұны мен оқыту әдістемесі» ғылыми-зерттеу институтының «Бастауыш мектеп» секторына екі жылдық тағлымдамадан өтуге барған Пернайым өзінің талпынысымен, талабымен, ынта ықыласымен көзге түсіп, бір жылдан кейін осы институттың аспирантурасына қабылданған.

Осында педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.М.Пышкалоның жетекшілігімен «Балабақшаның даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушыларын математикаға оқытудағы сабақтастық» тақырыбында жазған ғылыми еңбегі лайықты бағаланып, Жоғары ғылыми кеңестің бекітуімен Бүкілодақтық аттестаттау комиссиясының шешімімен Сағымбекова Пернайымға Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы берілді. Ол Жамбыл педагогикалық институтының жолдамасымен Мәскеуге барып, сонда ғалым дәрежесіне ие болған алғашқы қазақ қызы болды.

Түгіскеннен түлеп ұшқан ғалым қыз осыдан кейін-ақ ғылымның даңғыл жолына түскен. Қасиетті Әулиеата топырағынан таудай талаппен аттанып, ғылым кандидаты болып оралған Пернайым Сағымбекқызы Жамбыл педагогикалық институтының «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы лауазымында жұмысын жалғастырды. Осы жерде ерекше ескертіп айта кететін бір оқиға бар. Білімді, білікті маман қайда да қажет. Пернайымның өзі 5 жыл оқыған, қызмет атқарған, ғылыми атақ қорғаған институтта қалып еңбек етуіне мүмкіндік мол болды.

Институт басшылығы да оған кетәрі емес. Пернайымның елге қайтуына себепкер болған нағашы ағасы – Әбдірахман Асылбеков. «Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген қасиетті қағида бар. Сен осында алған біліміңді Қазақстанның жас ұрпағын оқытуға, жас мамандар дайындауға арнауың керек», – деген ол жиен қарындасына. Тіпті, институт басшылығына барып, Пернайымды сұрап алған. Осынысы өте дұрыс болыпты.

Пернайым Сағымбекқызы институтта жаңадан ашылған «Математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының қалыптасуына зор үлес қосты. Талантты тани білген, ұстаз еңбегін бағалаған сол кездегі институт ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ғалым-педагог Пернайым Сағымбекованы кафедра меңгерушілігіне тағайындаған. Бірақ, көп ұзамай ол кафедра меңгерушілігін қайта тапсырып,доцент лауазымы қызметін жалғастыруды жөн санапты.

Еліміздің болашағы – бүгінгі студент, ертеңгі мұғалімдерге арнап математиканың қыры мен сырын толық меңгергендей оқулық және әдістемелік құралдар жазу еді ғой оның арманы. Сол жұмыспен алаңсыз айналысу үшін осылай жасағаны дұрыс болған да сияқты. Мәскеуде ресейлік ғалым А.М.Пышкалоның мектебінен өткен Пернайым Сағымбекова математиканы оқыту әдістемесін дамыту және жетілдіру бағытында жемісті жұмыстар істеп жүрген қазақстандық ғалым әдіскерлер Т.Қ.Оспанов, Б.М.Қосанов, Ж.Қайықбаев, Қ.Сарыбековамен шығармашылық одақта талай тірліктер тындырды. Сөзіміз жалаң болмас үшін солардың бірқатарын атай кетейікші.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры Бағдат Мақұлбекұлы Қосановпен авторлық бірлікте жазған «Бастауыш мектепте, математиканы оқыту әдістемесінің тарихы» (практикалық сабақтар), «Математика курсындағы шығармашылық жаттығулар орындау технологиясы», педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қарлығаш Нұрғалиқызы Сарыбекова екеуінің «Бастауыш сыныптардың математика сабақтарына дайындалу мен оны жоспарлаудың әдістемесі» оқу құралдары осыған дәлел.

Жалпы, П.Сағымбекқызы 145 ғылыми еңбектің авторы. Оның жетеуі – оқулық, елуі – оқу-әдістемелік құрал, қалғандары – мақалалар, «SCOPUS»-ты қосқанда. Ғалымның ашқан жаңалығы, жазған еңбегі – өндірісте, ғылымда қолданыста болып, пайдаланылып жатқанда ғана жемісті. Бұл ретте Пернайым – бақытты ғалым. – Сіздің жазған оқулықтарыңыз біздің Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің кітапханасында сақталып, білімгерлеріміз күнделікті пайдалануда, – деп жазыпты Пернайым әпкейдің шәкірті, аталмыш оқу орнының оқытушысы Бағила Көшербайқызы Әбжапарова ұстазының 80 жылдық мерейжасына орай жазған құттықтауында.

– Студенттік кезде сіз оқыған лекцияда жазып алғанымды әлі күнге сақтап жүрмін. Сіз бізге есеп шығаруды ғана емес, әр мәселені ой елегінен өткізіп шешуді, кез келген қиындықты сабырмен еңсеруді үйреттіңіз. Ол үшін Сізге алғысым шексіз! – депті Бағила тағы да.

Бұл Бағиланың ғана емес, Пернайымның алдынан дәріс алған Бағила секілді жүздеген, бәлкім, мыңдаған шәкірттің алғысы деп қабылдаған дұрыс. Бағила да ұстазы секілді бірнеше әдістемелік еңбектер жазыпты. Ұстаз жолын ұстанғаны да, соқпақтан басталған сара жолдың ғылым жолындағы даңғылға айналғанына бұл да бір дәлел. Диқан сепкен егісінің жемісін бір жылдан кейін, бағбан отырғызған ағашының жемісін әрі кетсе 3-4 жылда көреді. Ұстаз еңбегінің жемісін кем дегенде 10 жылдан кейін (мектеп мысалында айтып отырмыз) одан да кеш көруі мүмкін. Оған орасан күш, зор төзім, талмай іздену керек.

Пернайым – осы жолдан өткен ұстаз. Оның еңбегінің жемісі – өзі үлкен өмірге жолдама берген студенттері, жолын қуған шәкірттері. Сол даңғылмен Пернайымның өзі ғана емес, шәкірттері де алға нық қадам жасап келеді.

Еңбегі елеусіз емес

Адам еңбегінің бағасы – оған білдірілген қолдау, ыстық ықылас, жылы лебіз, айтылған жақсы пікір, алғыс. Марапаттың үлкені де – осылар. Дегенмен, еңбек еленіп, билік пен тиісті ұйымдар, мекемелер тарапынан да түрлі марапаттар беріліп, қошемет-құрметке ие болып жатса, оның еш артықтығы жоқ. Ондай марапаттар кім-кімді де іске жігерлендіріп, ілгері талпынуына, ынталануына әсер ететіні хақ.

Пернайым Сағымбекқызы да марапаттардан кенде емес. Тіпті санасаң саусақ жетпейді. Марапаттың – мамандыққа байланысты берілгені. Ол – сенің жүрек қалауымен таңдаған мамандығыңды жіті меңгергеніңнің айғағы. Пернайым Сағымбекқызы 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалінен басқасының бәрі де салалық ұстаздық ұлы мамандықтың марапаттары.

Қазақстан Республикасы Педагогтар қоғамының «Ұстаз» ордені, «Ы.Алтынсарин» медалі, «Қазақтан Республиксы білім беру ісінің құрметті қызметкері» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласының дамуына қосқан үлесі үшін берілген Алтын, «Еңбек ардагері: игілік, даңқ, абырой» төсбелгілері осы санаттағы марапаттар.

Ғалым Пернайым Сағымбекқызы – ғылыми тақырыптарда өткізілген көптеген байқаулардың жүлдегері. Ол университетте өткізген «Жұлдызды Дулати – 2023» байқауында жұлдызы жанып жүлделі орыннан көрінді. Қазақстан Республикасы педагогтер қоғамының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық байқауға ұсынылған еңбегі жоғары бағаланып, тағы да осы ұйымның салалық «Ұстаз» орденін омырауына тақты және дипломға ие болды.

Пернайым әпкеміз – қоғамдық жұмыстардың да қайнаған ортасында жүретін қоғам белсендісі. Жоғарыда аталған марапттар қатарындағы «Тараз қаласының Құрметті ардагері», «Академик Өмірбек Жолдасбеков» атындағы төсбелгілері осыған дәлел.

«Сіз мектеп қатарындағы метаматика пәні мұғалімінен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің профессорына дейінгі күрделі әрі өнегесі мән-мағынасы мол ғылыми педагогикалық еңбек жолын жүріп өттіңіз. Сіздің қарапайым мінезіңіз бен азаматтық бітім болмысыңыз жас ғалымдар мен оқытушылар үшін үлгі тұтарлық қасиет ретінде аса жоғары бағалаймыз», – дейді. Бағдат Қосанов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогика университеті, математика, физика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры.

«Пернайым әпкем екеуміз – бір топырақтың түлегіміз. Ол кісі бізге біріншіден – бағдаршам, екіншіден – мақтаныш», – дейді Сағат Мырзашев, Тараз өңірлік университетінің профессоры, жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы. «Пернайым әпкеміздің – барлық жетістіктері біз үшін мақтаныш қой. Дегенмен, оны біз ерекше мақтан тұтамыз», – дейді Сәния Жақсылықова және Пернебай Сембаев сыныптастары. «Егер, Отан – отбасынан басталатынын бағалар болсақ, Пернайым әпкеміз – бүкіл әулеттің бетке ұстары, мақтанышы», – дейді Әбдімәжит Әбдіғапарұлы, нағашы інісі, мемлекеттік қызмет ардагері. Осыдан артық марапат, осыдан артық құрмет-қошемет жоқ шығар, сірә?! Жоғарыда «Ғалым еңбегінің бағасы – ол туралы айтылған жылы лебіздер мен пікірлер» деген едік. Міне, соның мысалы – осы.

Жапырағы жайқалған бәйтерек

Әйел бақыты – ана болу, дүниеге ұрпақ әкелу, оларды өсіріп-жетілдіру, қатарға қосу. Пернайым Сағымбекқызы – қыздарының асыл анасы, немерелері мен шөберелеріне ардақты да аяулы, сүйікті әже. Оныңкі емес Алланікі, Құдайдың берген екі қызынан 6 немере, 7 шөбересі бар. – «Немере тәтті» дейді ғой, шөбере балдай шығар? Немере, шөберелеріңіздің ішінде іштарта жақсы көретіндеріңіз кімдер?», – деп ешқандай қитұрқылығы жоқ, шынайы сұрақ қойдық әпкемізге. – Бәрі – бірдей.

Әрқайсысы әртүрлі қылықтарымен ерекшеленіп тұратыны рас. Бәрі де тәтті. Олардың «апа» дегені шаршағаныңды ұмыттырып, ерекше күйге бөлейді, жан-дүниеңді жадыратып жібереді. Өмірде одан артық бақыттың керегі не?! – дейді әпкеміз де шынайы жауап беріп. Айналасында немере, шөберелері апалап шауып жүрген ана жапырағы жайқалған бәйтерекке теңеуге лайық. Ол бәйтерек – Пернайым Сағымбекқызы. Ол кісі сексенге келсе де сергек. Соған қарағанда көз қуанышы, өмірінің мәні де сәні де ұрпақтарынан күш-қуат алатын, рухтанатын болса керек.

ТҮЙІН: Сахнаның төрінде мылтық ілулі тұрса, ол спектакль аяқталғанға дейін атылуы керек, әйтеуір. Біз де Пернайым әпкеміздің әншілігі туралы сөз бастағанбыз әу баста. – Әпке, әншілік жайынан да бір ауыз әңгіме айтсаңызшы? – дейміз ғой қиылып. – Өнер – рухани байлық. Жан дүниесі бай адам еңбекте де, ғылымда да табысқа жететіні сөзсіз. Қазақ сөзге шешен, өнерге бай халық. Мен сол халықтың бір қызымын. Әнге әуестігім жастайымнан болды. Мектеп, университет, институт сахнасында ән салдым.

Мектепаралық, факультетаралық, оқу орындары арасындағы өнер байқауларында ұжым намысын қорғадым. Тойларда да, көпшілік бас қосқан көңілді жиындарда да тартынған кезім жоқ. Құдайдың берген өнерін несіне аяйын, сұрағандарға сыйға тартудың өзі бақыт қой. Мен сол бақытты иелендім. Өнер байқауларында жүлделі орындардан көрініп,сый-сияпатқа бөленген, марапат алған кездерім көп. Бірақ, кәсіби әнші болу ойыма да келмепті. Менің бар ынта-ықыласым ғылымға ауған. Бұл жолда жеткен жетістіктерім жеткілікті. Өмірімді өнерге емес, ғылымға арнадым. Қандай ғалым, қандай ұстаз болдым?

Төрешісі – халық, өздерің. Әйтпесе, мені консерваторияға да шақырған. Барған жоқпын. Ол өнерді бағаламағаным, бойымадағы табиғи талантқа сенбегенім емес. Ол – ғылымға деген махабаттым. Дұрыс анықтамасы – осы. Ән – жан азығы. Орынды жерде жаныңды азықтандырғанға не жетсін! – деп ақтарыла сырын айтты Пернайым әпке.

Саналы ғұмырыңызды ғылымға арнаған екенсіз, еңбегіңіз жемісті, ісіңіз өрісті болғанын байқадық әңгімеңізден. Еліңіз ырысты, еңбегіңіз жастарға жұғысты болсын! Біздің ортамызда ойнап-күліп жүре беріңіз! Бақытты өмір сүре беріңіз, Әпке!

 

Болат ЖАППАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

 

 

Ұқсас жаңалықтар