Қылмыс саны 16,7 пайызға төмендеген

Қылмыс саны 16,7 пайызға төмендеген
ашық дереккөз
Қылмыс саны 16,7 пайызға төмендеген
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметіне айрықша маңыз берілді. Бас құжатта «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай, азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда» деп атап өтілген. Рас, елдің іргесі берік болып, азаматтардың өмір сүруі, олардың бостандығы лайықты қамтамасыз етілгенде ғана қоғамның орнықты дамитыны белгілі. Ал, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті орнықтыру, қылмысқа жол бермеу – Қазақстан полициясына жүктелген. Бүгінде жуалылық тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндеттің үдесінен шығуға бар күшін салуда. Аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Еркеғали Сартбаевтың айтуынша, осы жылы аудан көлемінде құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтарға ескерту, қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Сәйкесінше, жеке құрам қызметкерлерінің күш-жігерімен орын алған қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларына талдау жасалып, локалдық жедел алдын алу іс-шаралары жүргізілген. – Іс-шаралар барысында жеке құрамның қызметі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, орын алған қылмыстарды ашуға бағытталды. Жүргізілген алдын алу жұмыстары барысында аудан аумағында жалпы 60 (2022 жылы – 72) қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліп, жалпы қылмыс 16,7 пайызға төмендеп отыр. Аудан көлемінде жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрам қызметкерлері көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырды. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция тобының инспекторлары көшелерде патруль бағыттарында күндізгі және түнгі уақытта автопатрульдеу және жаяу патрульдеу жұмыстарын атқарды. Есепті кезеңде учаскелік полиция инспекторлары отбасындағы құқықбұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздар, хабарламалар бойынша оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шара қабылдап отырды. Осы жұмыстардың қорытындысында отбасы аясындағы бұзақылық жасаған 17 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Басқа да хабарламалармен қоса, жалпы 102 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, олар құқықбұзушылық жасамауы үшін тиісті алдын алу жұмыстары жүргізіліп отыр. Жалпы, отбасында өрескел құқық бұзушылық жасаған 13 азаматқа сот шешімімен ерекше талап қойылды, – деді Еркеғали Құрманғалиұлы. Айта кетейік, ауданда есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін жүйелі жұмыстар атқарылған. Мәселен, есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, сот шешімімен оларды облыс орталығындағы еріксіз емдеу орталығына орналастыру бағытында жұмыс жүргізілген. Атап өтерлігі, аудан бойынша профилактикалық есепте ішімдікке салынғандардың саны – 136 адам. Ал, есірткіге әуес азаматтар – 63, бұрын сотты болған – 16, жүйке ауруымен ауыратындар – 129, мерзімінен бұрын шартты түрде босанғандар – 13, қорғау нұсқамасы шығарылғандар – 13, сотпен ерекше талап қойылғандар – 9, шартты түрде сотталғандар – 57, әкімшілік қадағалауға жататындар – 14 азамат, 19 жасөспірім есепте тұр. Жасыратыны жоқ, бүгінде көптеген отандастарымыз жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза табуда. Мұндай қайғылы оқиғалардың басым бөлігі жүргізушілердің өрескел жол ережесін бұзуынан әрі мас күйде автокөлікті басқару мен қарама-қарсы бағытқа шығып кету, авариялық ахуал туғызу, бағдаршамның тыйым салынған белгісінен өтіп кету салдарынан орын алып отыр. Мәселен, аудан көлемінде есепті кезең аралығында адамдардың жарақаттануына және қаза болуларына әкелген 12 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 азамат қайтыс болған. Ал, 16 азамат жарақат алған. Сондай-ақ, бұл кезеңде жол ережесін бұзудың 743 дерегі анықталған. Жергілікті полиция қызметінің жеке құрам қызметкерлері табиғат байлықтарын қорғау, оларды заңсыз олжалау, сату, тасымалдау деректерінің алдын алу, сондай-ақ, «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін жабайы құстар мен аңдарды заңсыз аулау, су жануарларын заңсыз олжалау және экологиялық қылмыс деректерін анықтау мақсатында аудан аумағындағы таулы аймақтар мен су айдындарында жүйелі жұмыстарды жүргізіп отырады. Нәтижесінде 187 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, тиісті хаттама толтырылған. Осы жылы аудан көлемінде жасөспірімдер тарапынан орын алған 1 қылмыс тіркелген. Ал, өткен жылы дәл осы санаттағы 3 қылмыс орын алған. Биыл әртүрлі құқықбұзушылық жасағандары үшін 123 жасөспірім аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, олармен тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Ювеналдық полиция тобымен 182 әкімшілік хаттама толтырылса, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген 148 жасөспірімнің ата-аналарына ескерту жасалды. Бұдан бөлек, жасөспірім балаларына дұрыс тәлім-тәрбие бермегені үшін 4 отбасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік істер сотқа жолданған. Ал, ұл-қызына саналы тәрбие бере алмаған бір отбасын сот шешімімен ата-аналық құқығынан айыруға іс-құжаттар дайындалуда. Сонымен қатар, жасөспірімдерге алкоголь және темекі сатқаны үшін 3 азаматқа қатысты әкімшілік істер сотқа жолданды. Қорыта айтқанда, қай қоғамда болсын, ішкі тәртіпке ерекше көңіл бөлінуі аса маңызды. Яғни, қоғамдық тәртіп, ішкі тәртіпке байланысты мәселелердің, ішкі істер қызметінің аса маңыздылығын көрсетеді. Ал, мұндай жауапты міндетте құқық қорғау қызметкерлеріне артылар жүктің салмағы ауыр. Десе де, шен тағып, шекпен киген тәртіп сақшылары өз міндеттерін мүлтіксіз орындап келеді. Мұны қоғам тыныштығын күзету мақсатында табандылық пен батылдық танытқан ішкі істер органдарының жүйелі жұмысынан анық байқауға болады.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар