Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы
ГРАНТҚА ТҮСІРУГЕ УӘДЕ ЕТІП, ПАРА АЛҒАН Жуырда Тараз қалалық полиция басқармасына Түймекент ауылының тұрғынынан шағым келіп түседі. Жәбірленуші шағымында осы жылдың 28 шілдесінде ұлының Алматы қаласының белді университеттерінің біріне грантқа түсіру үшін өзінің танысына 500 000 теңге бергенін хабарлайды. Полицейлердің жүргізген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 31 жастағы ер адам қамауға алынады. Қазіргі таңда күдікті өз кінәсін мойындаған. Тиісті тергеу амалдары жалғасуда. Бүгінде осы дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 1-бөлігі, алаяқтық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.   АЛҒАН ЕСІРТКІНІҢ АСА ІРІ ПАРТИЯСЫ ТӘРКІЛЕНДІ Жамбылдық тәртіп сақшылар «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шу ауданындағы жабайы қарасора өсетін алқаптарда жедел ақпаратты жүргізу барысында аса ірі көлемде есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен Шымкент қаласының 41 жастағы және Түркістан облысының 47 жастағы тұрғынын құрықтады. Күдіктілерді тінту кезінде ерекше иісі бар өсімдік тектес зат бар полиэтилен қаптарының үшеуі табылып, тәркіленді. Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, 9 килограмм 880 грамм «кептірілмеген марихуана» және салмағы 10 килограмм 730 грамм «каннабис» есірткі заты алынды. – Бүгінде ұсталғандар өз кінәсін мойындап, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 4-бөлігі, яғни есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Осы баптың санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады, – деді облыстық полиция департаментіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.   АУЫЛ ТҰРҒЫНЫНАН 50 КИЛОГРАММ ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ «Қарасора-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Шу ауданында жабайы қарасора өсетін жерлерде есірткі дайындау кезінде бұрын сотты болған 39 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Аумақты тексеру кезінде жалпы салмағы 50 килограмм 290 грамм кептірілген марихуана және каннабис өсімдігі есірткі құралдары табылып, тәркіленді. Өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев қазіргі таңда ұсталған адам кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына тоғытылғанын жеткізді. Айтуынша, бүгінде осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен, есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.   ТОЙ КОРТЕЖІ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛДЫ Өңір полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында той салтанатының шеруінде көлік кортежінің қатысушылары жасаған тыйым салынған маневрлерді анықтады. Бейнематериалды зерделеу кезінде жол қозғалысы ережелері талаптарын бұзу деректері тіркелген. Атап айтқанда, заңсыз орнатылған қызыл-көк түсті жарық сигналдары, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің болмауы, жастардың көлік терезелері мен люктерден бастары мен қолдарын сыртқа шығарып отыруы, дрейф және тағы басқа заңбұзушылықтар белгілі болған. Бүгінде тәртіп сақшылары іздестіру іс-шаралары аясында оқиғаның барлық қатысушыларын анықтады. Айта кетейік, қазіргі таңда жол ережесін өрескел бұзған 22-27 жас аралығындағы жігіттер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы 9-бөлігі, 230-бабы 2-бөлігі, 596-бабы 2-бөлігі және 630-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, оқиғаға қатысы бар «BMW 525» маркалы темір тұлпардың жүргізушісіне осы Кодекстің 593-бабының 1-бөлімі, «Toyota Camry» көлігінің иесіне 603-бабының 2-бөлімі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған. Ал, көлік құралында арнайы жарық сигналдарын (строб шамын) беруге арналған құрылғыларды заңсыз орнату және қарсы қозғалыс жолағына шығу фактілері бойынша істің материалдары әкімшілік сотқа жолданған. Осылайша, есіріп, ережеге бағынбағандарға жалпы сомасы 265 650 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.  

Есен ӨТЕУЛІ.

 

Ұқсас жаңалықтар