Жиын-терін науқанына дайындық сөз болды

Жиын-терін науқанына дайындық сөз болды
ашық дереккөз
Жиын-терін науқанына дайындық сөз болды
Талас ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында ауыл шаруашылығы өндірушілерімен «дөңгелек үстел» ұйымдастырды. Жиында ауданда егін жинау және жемшөп дайындау науқанында өрттің алдын алу және оған қарсы іс-шаралар жүргізу жайы кеңінен сөз болып, бірқатар сақтық шараларын сақтау қажеттігі айтылды. Мәселен, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының басшылары өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғаларды тағайындап, механизаторларды өрт қауіпсіздігі нұсқаулықтарымен таныстырып, қоймашылардың астық жинау науқаны кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауына бақылау ұйымдастыруы қажет. Егін алқаптарына және шабындыққа шығар алдында астық жинайтын көліктер мен тракторлар ұшқын басқышпен, өрт сөндіру құралдарымен жабдықталуы тиіс. «Дөңгелек үстел» басында ауыл шаруашылығы өндірушілеріне астықтың пісіп жетілуі және жинау кезеңінде алқаптарды күзету үшін барлаушы және егін қорықшысын белгілеу ұсынылып, астық алқаптары орман алқабына, дала белдеуіне, жүк көлігі жүретін және теміржолдарға жақын орналасқан жерлерде шабылып, жолақпен жыртылуы тиіс екені (ені 4 метрден кем емес) ескертілді. Егін жинау кезінде өсімдік сабақтарын жағуға, өрістерде от жағуға тыйым салынады. «Астық – ел байлығы, сондықтан өз байлығымызды сақтауымыз және көбейтуіміз қажет», деді жиынға қатысушылар.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

Ұқсас жаңалықтар