САН СОҚТЫРАР САЙТТАР ЖОЙЫЛДЫ

САН СОҚТЫРАР САЙТТАР ЖОЙЫЛДЫ
ашық дереккөз
САН СОҚТЫРАР САЙТТАР ЖОЙЫЛДЫ
Жұртшылық үшін қолжетімді әрі арзан синтетикалық есірткіні тұтыну ұлт денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Ал, олардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы еш кедергісіз сатылуы, тіпті тұтынушының үйіне дейін жеткізілуі – нағыз қылмыс. Осы себепті, құқық қорғау органдары нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар әзірлеген болатын. Жалпы, синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының алдын алуда «Narko shekteu Taraz» телеграм-боты тиімді. Мұны өңір басшысы Нұржан Нұржігітов пен Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары қатысқан жиында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров те айтқан болатын. Еске салсақ, тура бір ай бұрын облыстық прокуратураның құқықтық мониторинг орталығында аталған боттың таныстырылымы өткен еді. Ал, бірер күн бұрын пилоттық жобаның нәтижелері жарияланды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты. Облыс прокурорының айтуынша, есепті кезеңде азаматтардан синтетикалық есірткілерді жарнамалау туралы 1200 хабарлама түскен. – Облыс прокуратурасы синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимылды жүзеге асыру мақсатында осы жылдың 10 шілдесінде «Narko shekteu Taraz» телеграм-ботын іске қосты. Пилоттық жоба басталғаннан бері жергілікті тұрғындардан 1200 хабарлама түсті. Оның 1176-сы заңсыз контенттері бар сайттар, 21-і есірткі жарнамасы бар граффитилер және үшеуі притондар туралы хабарламалар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Кибернадзор» бағдарламасының мүмкіндіктері арқылы анықталған 1116 сайтты бұғаттау және жою бойынша жедел шаралар қабылданды. Граффити туралы 16 хабарлама полицияға жолданып, процессуалдық шешімдер қабылданды. Халық арасында пилоттық жобаны іске асыру туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дәлірек айтқанда, QR-код арқылы бағдарламаны пайдалану оңайлатылды. QR-кодтар облыс орталығы мен аудандардағы барлық қоғамдық орындарында орналастырылды. Жобаны іске асырған сәттен бастап тұрғындар мен еріктілер өздерінің азаматтық ұстанымын анық байқата білді. Осы тұста синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының алдын алу бағытында құзырлы органдармен белсенді жұмыс істеген еріктілерге шынайы ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Мұндай белсенділік құқық қорғау органдарымен кері байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады, – деген Нұрғалым Мәжитұлы бірқатар ерікті жастарды облыс прокуратурасының Алғыс хатымен марапаттады. Жиын қорытындысында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзин алдағы уақытта да осы жобаны толық көлемде іске қосу және өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жөніндегі бірлескен бұйрыққа қол қойды.  

Есен ӨТЕУЛІ.

Ұқсас жаңалықтар