Ел білетін Ринат

Ел білетін Ринат
ашық дереккөз
Ел білетін Ринат
Ринат Нұрақбаев жайлы жазу – бір басқа. Себебі, ол ел бағалайтын азамат. Ринат – майталман ұйымдастырушы. Ол қасиетін мекеме басшылары жақсы таныған болуы керек, 1995 жылы Жамбыл мәдениет және өнер колледжін (сол кездегі атауы) «Театрландырылған іс-шаралар режиссері» мамандығы бойынша бітірісімен облыстық білім басқармасына қарасты мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталыққа мәдени іс-шара ұйымдастырушы болып қабылданды. Кейіннен жоғары білім иесі атанды. Ринат қандай іс-шараны да жоғары деңгейде өткізіп, жандандырып жіберетін. Әсіресе, облыстық оқушылар айтысын, термешілер мен әншілер байқауын ұйымдастырудың шебері болды. Білім саласының білікті өкілдері Дәмеш Өскенбаева, Майра Базарбаева секілді басшылармен бірлесе жүріп, оқушылардың шығармашылығын дамыту жолында көп ізденді. Кейіннен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, орталық директорының міндетін атқарушы болған кезінде де кісілік болмысынан, адамгершілік қасиеттерінен жаңылған жоқ. 2011 жылы Ринат Даниярұлы «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігін құрды. Ол бұл іске алғашқы күннен құлшына кірісіп, оң нәтиже шығарды. Қоғамдық бірлестіктің әр бағытына білікті жастардан жетекші тағайындап, жұмысын жүргізді. Талай талантты жасты студент кезінен танып, шыңдап, қанатын қатайтты. Олардың ішінен Қонысбай Ембергенов, Марал Хантөреқызын ерекшелеп айтуға болады. Ол басқаратын қоғамдық бірлестік он жылдан астам уақыттан бері облыстық «Инабатты ару» байқауын тұрақты түрде өткізіп келеді. Ринат бұл байқауды Тараз қаласындағы әр мектепті аралап, мектепішілік, қалалық, аудандық деңгейде байқау өткізіп жүріп қалыптастырды. Бұл бір қарағанға көзге көрінбегенімен, өте жауапты және тынымсыз жұмыс. Оған табандылық, жұмысқа деген құштарлық қажет. Ринат Даниярұлының бойында көпшілікпен тез тіл табыса алатын жақсы қасиет бар. Ол өзін де, өзгені де бағалай алады. Ресми жиындар мен маңызы жоғары концерт, байқауларда жүргізуші болып жүр. Көпшіліктің алдында іс-шара жүргізу үшін әдемі жүріс-тұрысыңнан бөлек, тілдің шешендігі керек. Облыстық «Jambуl» телеарнасынан оқушылардың танымын арттыратын телебағдарламалар жүргізуде де шеберлігін байқатты. Жүздеген оқушыларды қуантып, таланттарының жан-жақты ашылуына себепкер болды. Ринат Нұрақбаев соңғы жылдары басшылық қызметтерге шақырылды. Ол 2021-2022 жылдары облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің басшысы болса, қазіргі таңда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына қарасты «Өңірлік коммуникациялар қызметі» директорының орынбасары. Қызмет таңдап жүрген Ринат жоқ. Қай кезде де өз ісіне жауапты, өз жұмысының шебері. Негізгі міндеттерінен бөлек қоғамдық жұмыстарда да Ринаттың жоғары белсенділігі байқалады. Ол қазіргі таңда облыстық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы, бірқатар консультативтік кеңесші органдар мен өзекті мәселелер бойынша жұмысшы топтардың мүшесі. Р.Нұрақбаевтың әр жылдардағы белсенді еңбегі ескеріліп, бірқатар марапаттар алған. Атап айтқанда, ол «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің және білім басқармасы басшысының Құрмет грамоталарымен марапатталған. – Көзге түсу үшін, мақтау есту үшін емес, көпшілікке пайдалы іс жасау үшін тер төгемін. Қандай іс-шара өткізсем де жастардың патриоттық сезімін арттыруға, ізгі қасиеттерге баулуға ерекше мән беремін. Отаншыл, білімді, ізетті жастар – еліміздің байлығы, берік болашағы, дейді Ринат Нұрақбаев. Оның таныстары, достары көп. Ринатқа тілеулес адамдар аз емес. Себебі, өзі де басқаға үнемі жақсылық тілеп, ізгі жұмыстарға ұйытқы болып жүреді. Ел ағасы елу жасқа келген Ринаттың атқарған жұмысы, ізгі ісі өте мол. Алдағы уақытта да Ринат Даниярұлы облыс руханиятына өлшеусіз еңбек сіңіре беретіні анық.  

Есет ДОСАЛЫ.

Ұқсас жаңалықтар