«Аққу әні» немесе Далида

«Аққу әні» немесе Далида
ашық дереккөз
«Аққу әні» немесе Далида
Бізге Далида деген атпен танымал болған белгілі француз әншісінің шын есімі Иоланда Джильотти. Әншіге туғанда берілген Иоланда есімі ұнамай, Библиядағы кейіпкердің есімін алып Далила деп, кейіннен екінші л әріпін д-ға ауыстырады. Болашақ әнші һәм талантты актрисаның 10 айлық сәби кезінде көзіне инфекция түсіп, 4 жасына дейін 2 рет ота жасалады. Иоланда соңғы отадан кейін қараңғыда ұйықтай алмай, біраз уақыт жарық жанып тұрған бөлмеде ғана ұйықтайтын болды, басы да жиі ауырды. Кейіннен күннен қорғайтын көзілдірікпен жүруге мәжбүр болды. Балалық шағында аурушаң болған Иоланданы ересек өмір де аямады, барынша сынады. Шынтуайтында, Далида мен «өлім» сөзі қатар жүреді. Мысалы, көңілдесі Луиджи Тенко Сан- Ремодағы сәтсіз өткен фестивальден кейін өз-өзін атып өлтірсе, бұрынғы жұбайы Люсьен Морисс те өз басына атқан оқтан қайтыс болады. Жақын досы Майк Брант өзін терезеден лақтырып, сол жерде көз жұмады. Бұрынғы көңілдесі Ришар Шанфре гаражда қамалып, өмірінің соңғы сәттерін қараңғы гараждың ішінде өткізеді. Жоғарыда аталған өлімдерге өзін ғана кінәлаған Далидаға мұндай азапты оймен өмір сүру қиынға соғады. Ешқашан перзент сүймеген әнші депрессияға түсе бастайды. 1987 жылы мамыр айының екісінен үшіне қараған түні «Өмір сүру мүмкін емес, мені кешіріңдер» деп бір жапырақ қағаз қалдырып, алдын ала көптеген дәрі қабылдап ұйқыға кетеді. Бұған дейін де өлімнің аузынан алып қалып үлгерген таныстары мен дәрігерлер бұл жолы кеш қалады. Далиданың тауқыметті тағдыры журналистердің назарын көзі тірі кезінде-ақ аударып үлгерген еді, қайғылы оқиғадан соң газет, журнал беттері әнші туралы мақалаларға толды. Тоқсаныншы жылдары Париждегі Монмартрда Далидаға арнап ескерткіш орнатылды. Туристер мезгілге қарамай ағылып баратын орынға айналған Монмартрды бүгінде Далиданың мұңлы үні тербеп тұрғандай...  

Ғайникен МАРАЛТАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас жаңалықтар