«Ақ тілегім еліме»
Елдің рухын батырлардың жеңісі мен ақындардың рухты өлең- жырлары көтереді. Патриоттық әндердің де әр жүректі әлдилеп, әр кеудені асқақтататыны рас. Біз бүгін әнші, композитор, Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаровтың «Ақ тілегім еліме» атты патриоттық әніне кеңінен тоқталғанды жөн санадық. Автордың айтуынша, 2010 жылы әуелі патриоттық ән өмірге келеді. Әнге алғашында Құрманай Бақтиярқызы сөз жазып, ол шумақтар әннің буындарымен үйлеспей қалады. Сөйтіп жүргенде арада айлар өтіп, 2011 жылы ақын Эра Ормановаға хабарласып, жүректі тербеп шыққан әніне сөз керек екенін айтады. Сол кезде Таразда тұратын Эра ақын композиторды үйіне шақырып, асықпай сырласып отырып, өлең жазып беруге келіседі.
Жандос Омаровқа бұл әннің ұнағаны сондай, сол жылы «Баласағұн» орталық концерт залында өткен жеке шығармашылық кешінде орындап, тіпті сол концертінің атын да «Ақ тілегім еліме» деп атапты.
Содан бұл әннің бағы жанып, көпшілік қауымға кең танылып кете барды. Жандос Омаровтың, Эра Орманованың барлық кештерінде орындалды. Ән жолдарындағы:
«Сүйемін қазақтың кең даласын,
Мерейім, тірегім сен ғанасың.
Шаршасам, шалдықсам сен панасың,
Өнерде жолы болсын деңіздер,
Қазақтың дара баласын», деген жолдары туған ел мен жерге деген ыстық ықыласты паш етеді. Әрі қарай:
«Шаңырақ шырағы шайқалмасын,
Басыңа елім бақ қонсын.
Тыныш боп еліміз, көркейіп жеріміз,
Ұрпақпен өсіп-өніңіз.
Қазағым ырысың тасып, толсын,
Тәңірім сені қолдасын.
Аяулы арулар, ағалар бауырлар,
Көңілді мұңдар шалмасын», – делінеді ән жолдарында.
Эра Орманова ақынның өмірден өткеніне 6 жылға жуықтады. Бірақ, ақынның сөзіне жазылған әндер қазақ даласын кеңінен шарлап жүр. Оның ішінде «Ақ тілегім еліме» әні ерекше. Эра ақын «Бұл әннің ғұмыры ұзақ, тыңдаушысы көп болады» деген екен. Ақынның аузы дуалы ғой. «Ақ тілегім еліме» бұл күнде көпшілікке кең танымал.
Бұл туралы Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Эра ақынның бауыры Дана Садыққызы «Эра әпкем бұл әннің өміршең болатынын білді. Солай болды да. Былтыр әпкемнің өмірден өткеніне 5 жыл толғанда Шымкент қаласында Эра Орманова әпкемнің еске алу кеші өтті. Сол кеште «Ақ тілегім еліме» әні Жандостың орындауында шырқалып, бүкіл көрермен орнынан тік тұрып тыңдады. Мыңдаған адамның мұндай құрметі сөз жоқ, әннің кереметтігін көрсетеді ғой.
Ән авторы Жандостың талантын да ерекше құрметтеймін» деді. Ал, Жандос Омаров: «Эра әпкемнің еске алу кешінде осы ән тағы да шырқалды. Көпшіліктің қабылдауы ерекше болды. Осынау патриоттық ән – Тәуелсіз елімнің өркендеуіне деген менің үлесім», – дейді.
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді