Темір ғасыр

Темір ғасыр
ашық дереккөз
Темір ғасыр
Бұзылғанда қоғамның құрамдары, Көрем деме көгінен қыранды әлі. Азып-тозбай қайтеді адамдары, Роботқа айналса бұрандалы. Жоғары жақ бір жерін бұрағанда, Құлақ аспай сөзіне шыдаған ба? Шойын кеуде роботқа айналады, Ар-иманнан түк қалмай бұл адамда. Иттей талап ұлысын күнде ұлытқан, Бұл заманда тоңғанды кім жылытқан? Адам кейде кетеді жыртқышқа ұқсап, Обал-сауап дегенді мүлде ұмытқан. Туын биік көтерген желбіретіп, Ешкім опа таппай жүр ерлік етіп. Темір ғасыр балқытып, қайта құйып, Жіберген бе адамды темір етіп.     Күн сәулесі мені сағынып...   Адаспай әділ жолымнан, Сұстанып суық қарама. Тегеурінді темір қолымнан, Көк найзам сусып бара ма? Азаптан қалай құтылам, Шуақ күн тумай далама. Тілекке жету қалайда – Қағылған шеге санама. Бағаналы терек жарылып, Дүние тұрса тарылып. Ой кешем үйде сарылып, От кешем түзде сабылып.     Қорқақтық жайлы   Қилы шақта ел жұртын қорғап қалған, Азамат ер қаншама жолға аттанған. Қорықпаймын жау болып оқ атқаннан, Қоян жүрек қорқамын қорқақтардан. Қорқақтардан талай топ құралғасын, Қалай жауға сілтейді жыр алмасын. Үрейі ұшып қояндай тығылады, Көтерсе де бақа көз жылан басын. Бұғынбайтын жерлерде бұғынады, Жығылмайтын жерлерде жығылады. Жолаушыдай тұсынан өте беріп, Қалай бақыт оларға бұрылады? Сегіз өрім қамшысы босқа өрілген, Жұрт болмайық қасы да, дос та күлген. Батыр елдің көзіне жау елестеп, Қорыққанның көзіне қос көрінген. Қорқыныштан көз алды сағымданып, Ел ішінде жүрген көп жанын бағып. Сардар ерге барлығы жабылады, Дүниенің сілкіген шаңын қағып. Көкірегінде бұғынып қыстап келген, Қорқақтықты жұрт бар ма ұшпақ көрген. Сол қорқақтық емес пе дұшпаныңа, Көзден тізіп ерлерді ұстап берген. Сағым қуған төсінде шымыр елдің, Бәрі қорқақ қашанда құбылма ердің. Сол қорқақтық емес пе жаудан бұрын, Жетіп жүрген түбіне тұғырлы елдің!     Көңілдің өзенімен қайғы аққанда   Құлақта өксігі мен зары қалған, Дүние – сіңірі шыққан кәрі тарлан. Жастық шақ – көрген түстей кете ме өтіп, Тірлікте болмаса егер бәрі жалған. Жоғалған бәрі қайда көңілдестің, Күндер көп көтермеген көңілді ешкім. Күн кешсем қоңыр күзде қоңырайып, Сарғайып сары күзде өмір кештім. Бақ күтіп тұрмаса да теңбіл белде, Білекті қуаттанам мен түргенде. Өтемін мұз үстімен арғы бетке, Көңілдің өзенінде сең жүргенде. Арманым жүрегімді сыздатқанда, Айналам атан күшке сұсты ақпанда. Өзімді сезінемін тағалы аттай Көңілдің өзенінде мұз қатқанда. Сұм ажал төнсін, мейлі, қай жақтан да, Түнімен жортам ылғи ай батқанда. Қайғыны қайық етіп жүзіп өтем, Көңілдің өзенімен Қайғы аққанда…  

Рафаэль НИЯЗБЕК, ақын.

Ұқсас жаңалықтар