Ақынның сөзі өлмейді
Өмірлік серігім Рафаэль – халықтың ұлы, елдің адамы болды. Екеуміздің ұзақ жыл бойы өміріміз бірге өтті. Елу жылдан астам тату-тәтті ғұмыр кештік. Ақындардың мінезі сан түрлі өзгеріп, бұрқырап, арқырап тұрады ғой. Кейде жарқыраған жаз болса, артынша қарлы боран дауылға айналады. Ақынның жары болып өмір сүру оңай емес. Рафаэльдің мінезі жоқ дей алмаймын. Дегенмен, түсініскен әрі сыйласқан күндеріміз көп болды. Мен Рекең өмірден өткен соң екеуміздің өміріміз жайлы «Рафаэль» деген кітап жаза бастадым. Кітап негізінен дайын, шығаруға қаржы қажет. Бұл естелік кітапта ақынмен қалай тағдыр қосқаным, одан кейінгі бақытқа толы жылдарымыз, Рекеңнің жарық көрген кітаптары мен өлеңдерінің тарихы, араласқан адамдары туралы менің көзқарасыммен айтылады. Рафаэльдің оқырмандарына ол да керек деген ойдамын.
Одан бөлек, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде Рекең туралы «Өзіңсіз өткен жүз күн», «Кеудесіне періште қонған ақын» атты көлемді мақалаларым жарық көрді. Ол мақалаларды да әр өңірден оқығандар аз болмады. Ақын Бауыржан Жақып, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жоғары бағалады. Әр облыс, әр қаладан хабарласып, пікір білдіргендер, ақынның қазасына көңіл айтқандар көп болды. Мен мұны Рафаэльдің ел ішіндегі атақ- абыройы деп білемін.
Рекеңнің әріптестері арасында абыройы жоғары екен. Мен оны бұрыннан білетінмін. Асыл жарым өмірден озған соң, оны ерекше сезіне бастадым. Өйткені, бірнеше телеарналар хабарласып, Рекең туралы бағдарламалар түсіруге ниетті екендерін айтты. «Abai – TV» арнасы «Ұмытпаймыз», «Үркер» хабарларына түсіріп, ерекше құрмет көрсетті.
Алматыдағы Ұлттық кітапханада еске алу кеші өтті. Ол жиында ел Президентінің арнайы хаты оқылды. Алматы, Жамбыл облысы әкімдерінің атынан ақын рухына құрмет көрсетілді.
Жамбыл жерінде Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Рафаэль ақынды еске алу кеші өтті. Аталған кітапхананың директоры Эльмира Абдинова бастаған ұжымға алғысым шексіз. Рекеңнің замандасы әрі рухани сырласы Елен Әлімжан Таразда тұрады. Сол Елекең өзі келіп, кешке жақсы атсалысты. Жамбылдық ғалымдар пікір білдірді. Оның барлығы үшін өте қуаныштымын. Бұл – ақынға елдің құрметі ерекше екенін көрсетеді. Ақын өлеңдерінің өміршеңдігін байқатады. Алматыдағы кеш те, Тараздағы кеш те жоғары деңгейде өтті. Рафаэльді мақтай бермей, нақты сіңірген еңбегі айтылды. Жас оқырмандар үшін көптеген тың мәліметтер берілді деп ойлаймын. Сол үшін көңілімді толғаныс кернеп, біраз толқыдым. «Өзі өлгенмен, сөзі өлмеді» деген осы емес пе? Рекеңнің рухани мұралары оқылатынына, болашақта да маңызға ие бола беретініне көзім жетті.
Ақын өзінің туған жері Талас ауданына көп баратын. Таласқа барса, шабыттанып, арқаланып, көңіл-күйі көтеріліп қайтатын. Себебі, елде еркелеп баратын жақындары, достары, туыстары көп еді. Кейде бірге барып та талай қызық сәттердің куәсі болып едік. Туған жерінде де біраз кештер өтті.
Жақында Талас ауданынан кітапханашылар хабарласты. Қыркүйек айында таластықтар жерлестері Рафаэль Ниязбекті еске алу кешін өткізбекші. Соған да қуанып жүрмін. Рафаэльді барша қазақ даласы құрмет тұтады, еске алады, оқиды. Бірақ, туған жердің құрметі ерекше деп ойлаймын. Сондықтан, Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков бастаған азаматтарға, мәдениет саласының басшыларына алғысымды білдіремін.
Алдағы уақытта қаржы мәселесі шешілсе, аталған «Рафаэль» кітабымды жарыққа шығару ойымда бар. Оның біраз беті фотосуреттермен безендіріледі. Сурет деген де – тарих. Суреттің де «сөйлеп» тұратын кезі бар.
Тынымсыз шығарма жазып өткен Рафаэльдің артындағы мұралары жаңғырып жатқаны қуантады. Гүлжан МҰХАМАДИЕВА, ақынның жары. Алматы қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді