Өр мінезді талант
Өткен ғасыр «әдебиеттің алтын ғасыры» саналды. Оны жасағандар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Шерхан Мұртаза секілді дара тұлғалар. Осындай алыптардың алапат жетістіктері сол кездегі жас толқынға да ерекше әсер еткені шындық. Сол жалындаған жастардың бірі – талантты ақын, жазушы Рафаэль Ниязбек болды. Рафаэль ақын облысымыздың Талас ауданындағы Тамабек ауылында (бұрынғы Амангелді ауылы) 1943 жылы 24 қыркүйекте туған. Жалпы, дәл осы Тамабек ауылынан шыққан ақын-жазушылар көп. Бұл шоғырдың басында Шона Смаханұлы, Есалы Қырықбаев, Нарша Қашаған, Серік Томанов тұр. Рафаэль Ниязбек – Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Шешенстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Рафаэль ақынның талантын тану үшін өлеңін түгел оқу міндетті емес. Себебі, әр өлеңнің бірер шумағынан-ақ шамырқанған шабытын көруге болады. Мәселен, «Қазақ семсер болса егер» өлеңінде:
Асау өмір ұстатпай құлағынан,
Жүрмін әлі тарқамай құмарымнан.
Томағасын сыпырып дүниенің,
Сыпырылып түссем де пырағымнан, – деп шарықтаса, «Қорқақтық» атты өлеңінде:
Қилы шақта ел-жұртын қорғап қалған,
Азамат ел қаншама жолға аттанған.
Қорықпаймын жау болып оқ атқаннан,
Қоян жүрек қорқамын қорқақтардан, – деп өзінің өр мінезін көрсетеді.
Рафаэль ақын қазақ әдебиетіне «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өрнек», «Темірқазық», «Биіктей бер, тауларым!», «Бәйтеректер жел өтінде тұрады», «Тыңда мені, замана», «Шешендер» жыр кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар, жазушының «Қызыл үй», «Тас құдай», «Тауқымет», «Көсем» романдары оқырманнан жоғары бағасын алды. Біз Рафаэль ақынды бала күнімізден таныдық. Арқалы ақын туған топырағына, Талас ауданына жиі атбасын бұратын.
Ол кісі Тамабек ауылынан, біз Ойық ауылынан едік. Екі ауылдың арасы оншақты километр ғана. Әуелі Рафаэль ақынды Ойықта жүрген жерінен сыртынан көрдік. Төртінші немесе бесінші сынып оқитын кезіміз. Арқаланып жерлестерімен сөйлесіп тұрған ақынға жақын баруға бата алмай, алыстан қызыға қарағанымыз есімде. Рафаэль ақынның біздің ауылға көбірек келетіні, сол кездегі Ойық ауылдық кеңесінің төрағасы Досмұрат Шахзадаев нағашысы екен. Кейінгі бір Досмұратқа арнаған өлеңінде: «Қарсы алушы ең нағашы жұртым болып» деген әсерлі жыр жолдары бар.
1993 жылы Рафаэль Ниязбектің 50 жылдық мерейтойы тойланды. Сол кезде Талас ауданына қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиев келді.Сонда: «Рафаэль – менің талантты інім. Інім болған соң жас жігіт санап жүрсем, бұл азамат та ердің жасы елуді еңсерген екен. Дегенмен, өкініші жоқ болар. Жарты ғасырда тындырған ісі өте мол. Рафаэль өте еңбеккеш жазушы, толассыз жазатын ақын», деп жоғары бағалады.
Сол сапарда белгілі айтыс ақыны, немере інісі Шорабек Айдаров:
Таласта қалып кетсе алыс арман,
Рекеңнен талай кісі дәріс алған.
Төрт ақын тарап тұрмыз осы күнде,
Айдар деп аталатын сары шалдан, – деп толғана жырлаған.
Арада жылдар өтті. Шамамен 1997 жылдар. Рафаэль Ниязбек Шешенстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанып, Тамабек ауылына келді. Үлкен атақ алдым деп шіреніп келген жоқ. Қарапайым болып, бала боп еркелеп жетті. Сол жылы өмірден озған ақын, ұстаз Есалы Қырықбаевтың шаңырағына кіріп, көңіл айтып шықты. Сол кезде мектепті жаңадан бітірген Азамат Есалыұлының да басынан сипап, батасын берген. Қазір сол Азамат Есалы елге танымал ақын болды. Бұл да жақсы адамның шапағаты болса керек.
Рафаэль Ниязбек жайлы айтылар сөз көп. Қаламгер туралы жазушы Елен Әлімжан, ғалымдар Сәмен Құлбарақ, Темірбай Мұқашевтар да толғана сыр шертеді.
Жамбыл жерінде Рафаэль ақынның 75 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Сол кезде де ақын қарапайым қалпынан, кісілік келбетінен жаңылған жоқ.
Кейінгі жылдары қазақтың дара перзенті Дінмұхамед Қонаевтың ұлағатты өмірі, қайраткерлігі жөнінде кеңінен ізденді. 2021 жылы өмірден озған кезінде ақынды қимай, қоштасқандар көп болды. Себебі, Рафаэль қарапайымдылығымен, талантымен әр жүректен орын алған ақын.
Түйіндеп айтқанда, Рафаэль Ниязбек қазақ әдебиетіне үлкен еңбек сіңірген дара талант иесі.
Есет ДОСАЛЫ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді