Аядай ауылдағы аяулы ақын
Ел арасында ару қала Алматыға ат ізін салмай-ақ жыр жазған талай танымал ақындар бар. Тұрмысы туған топырағына байланып, табиғаты ауылымен үндескен қарапайым болмысты таланттарды былайғы жұртшылық та жақсы таниды. Мәселен, Таласта туып, алты Алашқа белгілі болған марқұм Нарша Қашағанов пен құландық Қуандық Шолақ баршаны мойындатқан дарын иелері. Сондай-ақ, меркілік Шырын Мамасерікованы да әдеби орта мойындады. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген тәмсіл осы шайырларды айналып өткен бе дерсің. Бұл сөз әдебиет өкілдерінің кейбіріне ұран болғанымен, ауылда жүрген ақындардың бәрі бірдей алматылық атануына арқау бола алмасы анық.
Бүгінгі кейіпкеріміз де ауыл ақындарының тізімінде. Аядай ауылда адал еңбек етіп, тұрмыс кешіп жүрген Болат Әсілбеков өлең өлкесінің маңайында жүргенімен, өмірін түбегейлі ақындыққа арнамаған. Мыңқазан ауылында тұратын ақын ағамыз көп көзіне түспей, өлеңін қойын дәптеріне жасырын ғана жазып қоюды әдетке айналдырған. Ал, әкесі Бегеналы халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаевпен үзеңгілес болыпты. Әке қанымен бойына дарыған өнерін дамытуға жас кезінде Болаттың мүмкіндігі болмаған. Дер кезінде шығармашылық ортаның қайнаған қазанына түсіп, шыңдала алмағандығы да осы себепті.
– Алғашқы жырларым мектеп қабырғасында дүниеге келді. Сол кездің өзінде-ақ төл туындыларым аудандық газет бетінде жарияланып тұрды. Жалпы, әке- шешемнің қолында болған соң, ауылдан ұзап алысқа да кете алмадым. Техникалық мамандық бойынша орта білім алып, осында көлік жүргізушісі болып қызмет істедім. 1999 жылдан бері ауылдағы №30 Байсейіт Жылкелдин атындағы орта мектепте шаруашылық қызметкері болып еңбек етудемін, – деген Болат Бегеналыұлы өз өлеңдеріне жерлестерінің мұң-мұқтажын арқау еткенін тілге тиек етті. Мәселен, оның «Қара кемпір» атты өлеңіндегі төмендегідей шумақтар саналы оқырмандарға ой салып, жүрегін елжіретері анық.
Сәуірдің бұлты сейіліп бүгін, күн ыстық,
Далада думан, төбеде мынау тыныштық.
Гүл шоғын қойып қасына Қара кемпірдің,
Өткенді еске ап бір сәтке үнсіз тұрыстық.
Бұл өлеңдегі бас кейіпкер – бар өмірі азапқа толы болған қызылсайлық Қали ана. Өкініштісі сол, соғысқа аттанған қос ұлын зарыға күткен кейуананың соңғы тілегі орындалған жоқ. Ақын ағамыз маңдайының соры бес елі сол аяулы ананың қиын тағдырын тұла бойымен сезінген секілді.
Ал, осы өлеңнің тағы бір шумағына:
Көктеммен бірге жапырақ жайды тал шыбық,
Сабағын оның кеспеді ешкім қамшы қып.
Самалмен тербеп қаққанда діріл бұтағы,
Жапырағынан үзіліп жатты тамшы шық, – деп өрбітеді.
Жалпы, ақынның қаламынан туған осы сынды өлеңдері бүгінгі жастардың өткенге үңіліп қарауына түрткі болары анық. Қалай десек те, ауылдың халқын, оның ішінде солардың сыры мен жырын жүректен өткізіп, өлең етіп өрбітетін ақынжанды азаматтарымызды ұмытпауымыз керек. Әсілінде, сыртта жүрген ақындар ел ішінде жүрген жыршыдай ауыл халқының жағдайын түсіне бермесі тағы анық.
Нұржан ӘЛІШ.
Меркі ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді