Нанжер
Жуалы жерінің тарихы бай. Бірақ, зерттелмей, топырақ астында көмулі жатқан дүние қаншама? Мәселен, Қайрат ауылының жоғарғы жағында (2 км) Нанжер деп аталатын төбе бар. Ол жер бұрын бейіт болған. Қазір Нанжер археологтардың есебіне алынған. Оған дейін қазылған көрден түрлі тұрмыстық заттар табылып отырған. Бір кісі қайтыс болып, соның бейітін қазу кезінде екі үлкен құмыра табылған. Құмыралардың биіктігі 50-60 сантиметр. Ішіне 30-40 литр су сияды. Табылған құмыраның бірінде жартылай сұйықтық, көкшілдеу түсті май болған. Оны зерттеуге жібергенде, шөптен жасалған дәрі екендігі анықталған. Бірақ, жер астында көп жатып қалғандықтан, оның дәрілік күші жойылған. Бұл құмыралар бүгінде облыстық мұражайда.
Тағы бір кісіге зират қазу кезінде де құмыра шыққан. Оның ішінен асықтар табылған. Ол құмыра қазір аудандағы Б.Момышұлы музейінде тұр. Келесі қабірді қазғанда таза мыстан жасалған құмыра мен леген табылады. Одан кейінгі қабірден мыс қазан табылып, мәйіттің жақындары оны алдырмай, әйелмен бірге көмдірген. Мыс қазанды қазып алу туралы облыстық мұражай қанша сұранғанымен, қабірді қайта қазуға туыстары көнбеген. Содан кейін бұл зерттеуді қажет ететін тарихи орын деп, археологтар ол жерге адам жерлеуді тоқтатты.
Қайрат ауылының тұрғыны, ауыл қариясы Кеңесбек Шымкентбаев Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылында қонақта отырғанында, 80 жастан асып қалған кейуана оның Жуалыдан екенін біліп:
– Жуалының Ақсай, Көксай, Қарасай деген Алатаудан ағатын өзен-сайлары бар деп б аяғыда, менің бала кезімде үлкен аталарым айтып отырушы еді. Сол жерде Нанжер дейтін қонысымыз болған. Жаугершілік кезде қонысымызға жау тиетін болып, бір түнде дүние- мүлкімізді тастай қашып, жан сауғалап көшіп кетіп едік, – деп есіне алып, сол жер туралы сұрайды.
Сонда жастау кезі болса керек, Кеңесбек аға оған аса мән бермепті. Енді қартайғанда сол туралы анығырақ сұрап, біліп алмағанына өкінеді. Соған қарағанда, бұл жерді қоныстанған байырғы тұрғындар қырғыз манаптары немесе қоқан езгісіне түскен елдің жұрты болса керек. Дегенмен, Нанжердің ішіне бүккен құпиясы әлі ашылған жоқ. Бұл әзірге бар болғаны жорамал.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді