Қыштөбедегі ортағасырлық керуен сарайы
Тасын түртсең тарихы сөйлейтін қазақ топырағы көне жәдігерлерге бай. Ұлы Жібек жолының бойынан орын тепкен облысымызда тарихи оқиғалармен байланысты ауыл-аймақтар жетерлік. Жуырда Қаракемер ауылында ортағасырлық қала орны зерттеліп, мұнда сауда-саттықтың дамығанын айғақтап берсе, күні кеше киелі Қаратаудың теріскей беткейінде ортағасырлық тарихи нысан – Керуен сарайының орны анықталды. «Талас өңірінің ортағасырлық төрткүлдері және мәдени ландшафты» жобасы аясында өңіріміздегі тағы бір тарихи ескерткішке ғылыми-зерттеу жұмысы жүріп жатыр.
Жалпы, Қаратау бөктері – тарихи құндылықтарға бай өңір. Түрлі оба, қорымдар мен мазар және ежелгі адамдардың қонысының орны да осы таудың баурайынан табылған. Топырағы ұлылық туғызбай қоймайтын Әулиеата өңірінде тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі уақыттың бүкіл ескерткіш нысандары кездеседі. Бұл дегеніміз – адам баласы ол жерді үздіксіз мекендегенін дәлелдейді.
Адамзат өркениетінің бір бөлігі ретінде зерттеліп жатқан мына нысан соның айғағы. Айша бибі ауылынан 13 километр жерден анықталған керуен сарайдың орнын жергілікті халық Қыштөбе деп атап кеткен. Қандымтөбе төрткүлдері екі төртбұрышты құрылыстан тұрады. Екеуі де жоспары бойынша шаршылы келген, бұрыштары әлемнің төрт тарабына бағытталған. Жуырда ғана жүргізіле бастаған қазба жұмыстары барысында екі бөлменің орны ашылды. Табылған жәдігерлер ХІ-ХІІ ғасырларға, яғни, Қарахан мемлекеті дәуіріне тиесілі. Анықталған бөлме орындары Күйік асуының теріскей бетіндегі керуен жолы бойындағы керуен сарай екендігін талассыз дәлелдеп отыр.
Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Ақымбектің айтуынша, ескерткіштерді сақтау біздің өткен өмірге деген көзқарасымызды, оның алдындағы жауапкершілікті білдіреді. Қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар керуен сарайының орта ғасырға тиесілі екендігін айтуда. Тарихи орыннан түрлі керамикалық бұйымдардың сынықтары мен жануарлардың сүйектері табылған. Шым қабатының астынан орта ғасырларға жататын бөлме қабырғаларының қалдықтары шыққанын, қанша уақыт өтсе де бөлмелердің іргесі тастан қаланған төменгі бөліктері сақталғанын айтады мамандар.
– Ескерткіштер әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы. Қазақ халқының ғасырдан- ғасырға ұштасқан тарихи мұрасын сақтап, өткені мен бүгінін жақындастырып, байланыстыратын құнды жәдігерлерді зерттеу – біздің басты міндетіміз. Алдағы уақытта Талас өңіріндегі белгісіз тарихи нысандарды зерттеу жұмыстары жүйелі түрде өз жалғасын табатын болады, – дейді жоба жетекшісі Ералы Ақымбек.
Назерке СӘНДІБЕК.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді