Жамбылдық жүйріктер жырлайды!..
Тәуелсіз еліміздің тірегі – рәміздер. Отанымыздың негізгі нышандары саналатын бұл құндылықтарды әрбір қазақстандықтардың қастерлеуі парыз. Осы орайда, Жамбыл ауданының 95 жылдығына және Шәкен Ниязбековтің 85 жылдығына байланысты, облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аталған ауданның Шәкен Ниязбеков ауылында «Ақындар адалдықты жырлайды» атты облыстық жастар айтысы өтті. Іс-шараның ашылуында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының құттықтауын аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова жеткізіп, айтыскерлерге сәт-сапар тіледі. Сондай- ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілі Ербол Бақтықожаев жас ақындарға жылы лебіз білдірді.
Жыр додасына Мәдениет саласының үздігі, белгілі айтыскер Айтмұханбет Исақов, айтыскер ақын Ербол Қамбатыр, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Нұрлыбек Құрманов төрелік жасады.
Айтыстың шымылдығы жуалылық Дидар Апбасов пен тараздық Медеу Мырзатай арасындағы айтыспен ашылды.
Дидардың:
Арындап сөз толғауым жолға сыймай,
Көңілімде толғаныс зор басылмай.
Атамның батасымен зуылдайын,
Шәкеннің құрастырған «Волгасындай», десе:
Медеу Мырзатай:
Шәкен ауыл суың қандай шекер еді,
Әуелден қасиетті мекен еді.
Жасаған пультін жапон ұрламаса,
Аты-жөні жайылып кетер еді.
Көк байрақты көтеріп жүрген ұлдар,
Абыройыңды әлі де көтереді» деді.
Келесі кезекте Жамбыл ауданынан Елібек Нұрмаханбет пен Шу ауданының үкілі үміті Айым Көшербай сөз сайысына түсті.
Елібектің:
Ту тіккен жасыл құмның бауырына,
Сәлем бердім жақсылар қауымына.
Қобыланды тұяғының ізі қалған,
Тағылым тұнып тұрған тамырында.
Ғасырларға жететін құндылық бар,
Құлымбеттің сіңірген сарынында,
дей келе, қарсыласы Айымға:
Екеумізді жұп қылып іріктеген,
Ағалардың талғамы биік дер ем.
Айымжан, айым да сен, күнім де сен,
Мен саған жүрегімді жұлып берем.
Қысқасы, жүріп тұрар келін керек,
Шәкен жасап шығарған пультпенен, деп әзілдеді.
Сонда Айым Көшербайдың:
Менен сырың жоқ па екен жасыратын,
Жырың бар ма шашудай шашылатын.
Жігітсің-ау сезіммен босқа ойнап,
Көрінген қыздың басын қатыратын.
Қытайский махаббатың керек емес,
Сахнаға келгенде ашылатын, деген жауабы да сәтті шықты.
Мұнан соң сахнаға жуалылық Санжар Даярбек пен таластық Айсұлу Жүнісбек шығып, айтыс көркін қыздырды.
Тек көзбен көру керек бұл даланы,
Көрген сайын көңілің нұрланады.
Осы табиғатыңды көрген Шәкен,
Суретші болмағанда кім болады?
Айсұлу – тақырыбы шығарманың,
Көркемдігін көрместен тұра алмадым.
Суреттеп суретшінің ауылында,
Өзіңе құрметпенен жыр арнадым.
Оймақ ауыз, күлім көз, ай қабақты,
Ең көркем суретісің бір Алланың.
Сені көрсем қалайша шаттанбаймын,
Өзіңмен қалай бүгін мақтанбаймын.
Анам өзіме ұқсайтын қыз ал деген,
Анама қалай қызмет атқармаймын.
Әкемнің әйеліне ұқсас қызды,
Шәкеннің ауылынан тапқандаймын, – деп шабыттана жырлады.
Айсұлу ақын:
Салайын ата-апалар қаперіңе,
Сенен көрем құрмет пен мәпені де.
Сіздерге маңыз беріп айтайыншы,
Апамның Бесжылдықтан екеніне.
Қуанып қадам басып тұрмын бүгін,
Көк тудың авторының мекеніне.
Санжар шын ризамын құрметіңе,
Жететін мақтау айттың бір жетіге.
Айсұлуды әспеттеп жырға қосу,
Жазылған ба дәл сенің міндетіңе.
Тамсанып бір қарасаң жетпейді ме,
Алланың мендей сұлу суретіне.
Өзіңе жауап беріп жыр арнаймын,
Санжармен әзілдеспей тұра алмаймын.
Анамнан аумай қалған ару дейсің,
Келін боп шымылдыққа кіре алмаймын.
Астанада оқимын төрт жыл бойы,
Білім алмай, дамымай жүре алмаймын.
Мені сонша жақсы көрген анаңызды,
Төрт жыл бойы күттіріп жүре алмаймын, – деген шумақтарымен көпшіліктің құрмет, қошеметіне бөленді.
Мұнан соң меркілік Мұқағали Балтабай мен байзақтық Нұртай Әліпбай айтысы көпшілікті жалықтыра қойған жоқ. Мұқағалидың:
Бесжылдық тек ауылдың аты болса,
Мыңжылдықтан асып кетсін даңқтарың.
Арыны жоқ ақыннан сөз қалмайды,
Балығы жоқ теңіз де тамшы болар, деп жақсы ойларды айта білгенімен, бұл жолы жарқырап көріне алмады. Мүмкін бұл қарсыласының ілесіп шабуда сәл сылбырлық танытуынан болар. Дегенмен, жас ақын Нұртайдың да ертеңінен үміт күтуге болады.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Аят Бәтей мен тараздық мектеп оқушысы Інжу Жаңабайдың айтысы да жақсы сөз сайысы болды. Аяттың:
Болады Шәкен атамен мақтануға,
Ізгі ісін айтамыз топ қауымға.
Қазақтың көк байрағын бар әлемнің,
Желбіретіп қойды ғой аспанында, – деді.
Ал, Інжу:
Кейінгіге салдырған нақты мұра,
Әр еңбегін теңеймін ат құнына.
Айда айтыс өткізсек артық емес,
Аспан түстес көк тудың авторына, – деп тақырыпты қозғай білді.
Байзақтық Ернар Бейсенов пен шулық Әділет Медетқұл да жарасымды айтыс жасады.
Қазылар алқасының шешімімен шулық Айым Көшербай бірінші орынды иеленіп, айтыс жеңімпазы атанды. Жүлделі екінші орын жуалылық Дидар Апбасовқа берілді. Таластық Айсұлу Жүнісбек, тараздық Медеу Мырзатай, Жамбыл ауданынан Елібек Нұрмаханбет, байзақтық Ернұр Бейсен үшінші орыннан көрінді.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар, Жамбыл а у д а н д ы қ ж а с т а р о р т а л ы ғ ы н ы ң директоры Жандар Тоқсаба, «Аmanat» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбет, айтыскерлер Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыр жүлделерін тапсырып, айтыстың жоғары деңгейде өткенін айтты. Айтыс демеушісі, Инаят Қырықбайұлына ел алғысы шексіз болды. Ал, ауыл ардагері Амангелді Омаров берген ақ батаның да мәні жоғары болғаны анық. Бұл жыр додасынан жамбылдық жас ақындардың бойында алапат дарынымен қатар Отанға деген шексіз патриоттық сезім бар екенін байқадық.
Есет ДОСАЛЫ.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді