Ғибратты ғұмыр иесі
Бір уыс топырағының өзі бойтұмардай киелі Әулиеата жері арада қаншама уақыт өтсе де шыңы аласармас асқар тауға, тұнығы түпсіз һәм сарқылмас дарияға айналған небір қаранар қайраткерлердің, сұсты батырлар мен сұрапыл ақын, жазушылардың кіндік қаны тамған қасиетті алтын бесік. Құт қонып, бақ дарыған бұл өлке тіпті бір бойына бірнеше асыл қасиеттерді тоғыстырған толағай тұлғалардың да туып- өскен тұғыры. Осынау ардақты алтын мекенде жарық дүниеге келіп, ақтық демі қалғанша аяулы халқының болашағы үшін тер төгіп өткен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Әнуарбек Жүнісәлі де көзі тірі болғанда биыл толағай тоқсан жасқа толар еді. Десек те, хакім Абай айтпақшы, «өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» азаматтың есімі ел есінде. Түркілік тегіміздің әулиесі Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят. Үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» деп адам болудың анық қағидасын есте жоқ ескі замандарда-ақ айтып кеткен еді. Сол секілді адамзатты өркениет шыңына жетелеген ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі», – деген екен. Елге адал қызмет етер адам – әділдік, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет. Еліне қызмет етерде алар үлесі басым мінез-құлық жайлы сөз болғанда Хакім Абайға тоқталмай кете алмаспыз. Алаштың Абайы «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталған. Адамның көңілін көтеріп, бойына қуат беретін сезімдердің бірі – өзгеге еш міндетсінбей қолұшын беру. Ар- ожданы таза адам ғана бар шынайы көңілімен өзгенің керегіне жарайды. Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым- білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» – деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жоймай, мәні арта түсуде. Осындай асыл тек, асқақ мінез Әнуарбек Жүнісәлінің бойына да атадан балаға алпыс екі тамырдан атой салған қанмен берілген еді. Оның асқар тау әкесі Жүнісәлі Бәйелұлы да көзі ашық, көкірегі ояу, ескіше де, орысша да қара танып, хат жазған сауатты жан болған екен. Ауылдық кеңестің хатшысы болып жүргенде жазықсыз жаламен Сібірге жер аударылып кеткені, отбасына аман-есен оралғаннан кейін де қасіретті соғыс басталып, Отан қорғауға аттанғаны сарқылмас ерік-жігер мен темірдей төзімнен болса керек. Осылайша, қиын-қыстау мезетте төрт баламен асқар тауының артында қалған анасына қаршадайынан қолғабыс етті. Ел басына қаралы күн тудырған зұлматты соғыс жылдарының салмағын бала күннен арқалап өсті. Бір уыс бидай, бір үзім нан үшін қара жұмысқа ерте араласты. Тіршіліктің ауыр бейнеті, аштық пен жоқшылық бала күннен буынын қатайтты. Ұлы Отан соғысы аяқталғанда тағдыршешті майданнан оралған әкесі де шаруашылықтың қазанына еніп кетті.
«Балам, сен оқуыңды жалғастыр! Мен Сібірде жүргенде осы оқудың азабын тарттым емес пе… Сауатты, білімді азаматтардың әйтеуір жерде қалмайтынын көрдім. Сондықтан жақсы оқып, білім ал!» – деп шежіре жалғар жалғыз ұлының білім алуына барын салды. Осылайша, Әнуарбек білім қуып аудан орталығы Шу қаласына аттанған болатын. Тірліктің бейнетіне білімнің майданына келген бозбала сұрапыл соғыстың соққысынан мүмкіндігі шектеулі болып оралған ұстазы Төкен Деңгелбаевтан инемен құдық қазғандай игі жолдың қыр- сырын меңгеріп, мектеп бітірісімен Алматы ауылшаруашылық институтының инженер- механик факультетіне оқуға түсті. Аталған білім ордасынан өз мамандығын жан-жақты меңгеріп шықты. Мамандық ала салысымен еңбек жолын туған өлкеден бастауды һәм алтын бесікке тамшыдай болса да үлес қосу үшін, теңіздей тер төгуді азаматтық борыш, перзенттік парыз санап, Шу ауданына қарасты Новотроицк машина-тракторлар станциясында (МТС) сүбелі еңбек етті. Таңнан кешке дейін дамылсыз еңбексүйгіштігінің арқасында диспетчер-механиктен инженерлік лауазымға дейін өз күшімен көтерілді. Өзінің ұлтжанды, елжандылығының арқасында қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, партия-кеңес жұмысында да абыройлы болды. Аудандық партия комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жауапкершілікпен жұмыс істей білетін ол бірінші басшы Жапар Түйебековтің мектебінен өтіп, біліктілігін шыңдады.
Тағылым мен білімді қатар алып жүрген Әнуарбек Жүнісәлі кейін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін, санаулы жылдардан кейін аупарткомның екінші хатшысы лауазымына көтерілді. Оның еңбексүйгіштігі, қарапайымдылығы мен жанкешті жауапкершілігі турасында әріптестері де, ізбасарлары да жарыса айтудан жалыққан емес. Қолынан келгенше қолдау білдіріп, салмағы атан түйеге жүк боларлық мәселелердің өзін жан-жақты зерделеп, батыл шешім қабылдай білетін қасиетіне көптің көзі куә, ізгі ізі дәлел.
Жапар Түйебековпен бірге ел үшін еңбек етіп жүрген уақытта ауданның экономикалық- әлеуметтік саласы мол табыстарға кенеліп, ізін ала бірінші басшы «Ленин» орденімен, Әнуарбек Жүнсәліұлы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталғанын да айта кеткен жөн.
Ел аумағында әкімшілік құрылымдар өзгерген тұста Әулиеатада жаңадан Красногор ауданы құрылып, оны ұтымды ұйымдастыру жауапкершілігі де Әнуарбек Жүнісәліге жүктелген еді. Ақ парақтан басталған аудан тарихына өз қолтаңбасын қалдырып, жоқтан бар жасап, Отар ауылындағы орталық ғимараттардың қазығын қағып, іргесін қалап, шаруасын ширату ісінде де майталмандық таныта білді. Тіршілігі тұралаған, табиғаты қатал өлкенің шаруасына жан, тұрмысына қан жүгірту де екінің бірінің қолынан келмейтін іс екені айтпасақ та белгілі. Осынау ерлікпен пара-пар еңбегінің арқасында ол «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленді.
Әнуарбек Жүнісәлі облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланғанынан бастап, зейнетке шыққанша атқарған әрбір ісі, қолға алған бастамасы, көтерген мәселесі оң шешімін тауып жатты. Есіл еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталуы да өз алғырлығының, талапшылдығының жемісі.
Жоғарыда біз атап өткен бейнет белесінің барлығы оның қайраткерлігін алынбас қамалға айналдырса, оның шығармашылықтағы мол мұрасы өз алдына бір төбе.
«1980 жылдан бастап қара өлең жазумен тұрақты айналысып келемін. Көбінесе, өмір туралы тақырыптарға қалам тарттым. Бастан кешкен бала кезімдегі ауыр күндерімді тілге тиек етіп, өлеңдеріме арқау еттім. Онымен қоса лирикаға да бой ұрдым. Мен, өлең жазуға, сол студент кездерімде барлық жастар сияқты қыздарға хат жазудан бастап, оларға бір-екі ауыз өлең жолдарын арнаған кездеріміз болған-ды. Мен өлеңнің артына түсіп жазатындай арнайы оқу орнын бітіргем жоқ. Менің бітіргенім ауылшаруашылық институты, мамандығым инженер-механик. Қайткен күнде өлең жазайын, ақын болайын деп алдыма мақсат та қойған емеспін. Басшы қызметтерде жүргенде өзім қатарлас қызметтес болып жүрген әріптес жолдастарыма жиналыс үстінде, кейде оңаша кездесіп қалғанда оларға бір-екі ауыз әзіл, сықақ өлең жолдарын жазуды әдетке айналдырып жүрдім. Ол өлеңдерімде әрине олардың кемшіліктерін, оғаш істерін сынайтынмын. Олар оны оқып алып күліп жатса, мен соған-ақ мәз болатынмын. Міне, осыдан барып біртіндеп, арнау өлеңдерді де жазуды шығардым. Жасыратыны жоқ, бертін келе сазгерлердің шығарған әндеріне олардың сұраулары бойынша өлең жазып беріп жүрдім. Қазір байқап қарасам, бас-аяғы отыздан аса өлеңіме жергілікті сазгерлер ән шығарыпты. Мені өлең жазуға көпе-көрнеу бетімді қоярда қоймай бұрған, оның ішінде лирикалық тақырыпқа өлең жазуға бейімдеген сол сазгерлер болды. Олардың ішінде: әсіресе Әбдімомын Желдібаев, Алтынбек Қоразбаев, Серік Әденов, Мэлс Өзбеков, Шәміл Әбілтаев, Марат Исабаев, Бекмұрат Қуанышевтер бар. Бұл әндердің біразы радио, теледидардан орындалып та жүр. Мысалы Ә.Желдібаевтың «Қызыл елік», «Шопандар туралы ән», А.Қоразбаевтың «Шашбаулым», «Ай-гүлім», М. Өзбековтың «Адаспа жаным», «Алмагүлшілер», «Әсем-айым», С.Әденовтың «Әнші қыз», «Келісті келінім», «Күміс той», Ш. Әбілтаевтың «Қазыналы Қаратау», М.Исабаевтың «Арулар», «Төл мекенім», «Тараз менің мекенім», «Алтын аймақ», «Наурызтойы» әндерін сазгерлердің өздері және жергілікті орындаушылар радиотеледидар арқылы нәшіне келтіріп айтып жүр. Сол сияқты басқа да бірнеше өлеңдерім мен толғау, жырларым облыстық «Ақ жол» және «Жамбыл-Тараз» газеттерінің беттерінде жарияланып та жүрді», – депті бұл туралы қайраткердің өзі.
Қазақ әдебиетінің өкілерімен рухани байланыста болғаны, тіпті кейбірімен өлеңдетіп хат алмасқаны да оның шығармашылық әлеуетінің жоғары болғанын танытса керек. Өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарында кезіккен, кездігін кезенген досқа да, дұшпанға да жүрек үнін жырмен өрнектеді.
Дос табылса жаныңнан,
Жарыласың ағыңнан.
Дым болады жігерің,
Қасқыр болып шықса ол,
Қой терісін жамылған.
...Жүрген сені құшақтап,
Енді бүгін қарасаң,
Барады тіпті ұсақ боп.
Қапылыста аямас,
Буынсыз жерге пышақ сап, – деп ащы шындықты ашына айтатын жыр шумақтары соның айқын айғағы.
Қазақтың ардақты перзенті Асанбай Асқаровпен де сызат түспеген сыйластығы, інілік ізгі ізеті еңбек жолында ғана емес, жүрекжарды жырларында, өлең жолдарында да сайрап жатыр.
Көре алмай кей дұшпандар табалады,
Көрсеткен сізге халық сыйға мынау.
Дұшпандар сонда сізге ыза-кегін,
Шығармай бәрін ішке жиғаны ма-ау?
Көз алдымнан өткізіп осыларды,
Қиналдым-ау, қайтейін, қиналдым-ау!, – деп шынар шындықтың өртке оранғанын көргенде өксігін өлеңмен басқаны да ақын жанының аласапыранын аңғартып, ұлтын сүйген ұлдың басына төнген зауалға бей-жай қарай алмағанын дәлелдеп тұрғандай.
Өлеңнен бөлек, өзінің жазған-сызғандарында ұлттың қамын, ұрпақтың бағын қорып, келешек үшін алаңдап өткені де көрініс береді.
«Қазақт а жағымпаздық жойылмай, өркениетті ел болу тіпті қиын. Жағымпаздық бұл көп жылғы бодандықтың салдары және жемісі. Қазір егеменді ел болдық деп бөркімізді аспанға лақтырып, қуанып жатсақ та жағымпаздық деген кеселдің денемізден әлі уыты шықпай, бізді қасіретке ұшыратып жатқаны аз ба? Осының бәрі қызметте тамыр- таныстықтан, жолдас-жоралықтан, жекжат- жұраттықтан туатын мәселе ғой... Мұндай келеңсіз жағдайлардың бәрі айналып келгенде тәртіпке байланысты» деген ой оралымдары расымен де ұлттың түп-тамыры мен ұрпақтың болашағына Батыраштың балтасын ала жүгірген бәзбіреулерге қарата айтылған жұрттың жанайқайы іспетті.
«Жасымнан дүниеге қызықпаған адаммын. Бұл қасиет бойыма сол марқұм әкемнен келген болу керек. Соншама жыл еңбек етіп жүргенде қызмет бабын пайдаланып, біреуге зорлық істеп, көз алартып көрмеппін. Құдайдың бұйыртқан нәсібін теріп жеп жүрдім. Ол кезде мен 35 жастамын. Шу аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып істеп жүрген кезім болатын. Марқұм анамның кеудесінен жаны шығар алдында, мені жанына жақын шақырып алып, «Қарағым, Алланың аманатын өзіне тапсырайын деп жатырмын. Құлыным, мен саған ризамын, тек айтарым «мынаған әзір бол» деп» әлсіз дірілдеген сұқ саусағымен кеңірдегін көрсетіп көз жұмған еді. Сол асыл анамның аманатын мен бұлжытпай орындадым десем, еш күнәһар болмаймын» деп өзі айтқандай, ақтық демі қалғанша қарапайымдылық қағидасынан айнымаған қайраткер қызметпен қатар қаламына да адал болып өтті.
Ел ағасы атанып, абыройлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзінің басынан кешкен, көрген-түйген, аға буын мен замандастар, тағдыр тараулары жайында жазған естеліктерінде де өскелең ұрпаққа өшпес өнеге боларлық кейіпкерлер мен парасат- пайымдар иірімін кезіктіруге болады. Жұбайы Рахия Күләшбекқызымен көтерген шаңырағы ұрпақтарының мейірім мекеніне айналып, 85 жасқа қараған шағында өмірден өткен Әнуарбек Жүнісәлінің біз айтып өткен тек азаматтық асыл қасиеттерінің бір парасы ғана. Көзі тірі болғанда тоқсанға толатын қайраткердің еңбекпен тапқан нанның қаншалықты дәмді болатынын дәлелдеген ғибратты ғұмыр жолы, қазақтың рухани қазынасына әуезді әнмен қалдырып, жырмен сіңдіріп кеткен мол мұрасы ешқашан ұмытылмайтыны анық. Тіпті жүз жыл һәм қаншама ғасырлар өтсе де жүзі сағынған әрбір жанарда, жылуы жүректе, жаны жаннатта болғай!
Нұржан ҚАДІРӘЛІ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді